Аумақтық қорғаныс: қапы қалмау үшін қажет әскер
Аумақтық қорғаныс: қапы қалмау үшін қажет әскер
1,123
оқылды
Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбы­лып тұрған қазіргі кезде ел қорғанысының бекем болмағы керек. Дүниенің түкпір-түк­пі­ріндегі шиеленістер мен қақтығыстар Қазақ­стан­ның да етек-жеңін жинақы ұстап, түрлі сын-қатерлерге қарсы тұрар қабілетке ие күш­терді жасақтауға мәжбүр еткені рас. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді. Биыл Қарулы күштер құрамына кіретін осынау құрылымдардың жасақталғанына 5 жылдан асты. Міндеті түрлі бөлімдер Ашығын айтар болсақ, аумақтық қорғаныс әскер­ле­рінің міндеттері мен атқарып жүрген қызметі жайлы қоғамда нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Тіпті бұқара мұндай құрылымдардың бар екенінен де толық хабардар емес. Алайда 2017 жылдың 13 маусы­мында қол қойылған Қазақстан Республикасының «ҚР кей­бір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» № 69-VI Заңына сәйкес ау­мақтық қорғаныс құралымдарына ҚР ҚК аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді. Осылайша, әр жылдың 13 маусымын аумақтық қорғаныс әскерлері өздерінің құрылған күні ретінде атап өтеді. Дегенмен «аумақтық қорғаныс» ұғымы еліміз үшін жаңалық емес. Мәселен 2005 жылдың 7 қаңтарындағы «Қазақстан Республика­сы­ның қорғанысы және Қарулы күштері туралы» №29 заңда «аумақтық қорғаныс – Қазақстан Республи­ка­сының халқын, объектілерін және коммуникацияларын қарсыластың әрекеттерінен, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ тө­тенше немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу және қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республика­сының Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиын­ты­ғы» деп көрсетілген. Кейін бұл ұғым Әскери доктрина­ла­рымызда да сипатталды. Бірақ сөз басында айтқаны­мыздай, арнайы әскер түрі ретінде жасақталғанына көп болған жоқ. Сөйте тұра, осы күнге дейін атқарған қызметі аз емес. Бейбіт күнде апат зардаптарын жоюға қатысады Жуырда Қостанай облысында орын алған өрт дүйім елді алаңдатқаны мәлім. Жағдай күн санап ушығып, орманды, далалы жерді жалмаған өртпен алысуға төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес, бүкіл күш құрылымдарының бөлімшелері жұмылды. Міне, осындай төтенше жағдайдың зардабын жоюда аумақ­тық қорғаныс әскерлерін де тікелей жүктелетін міндеттер бар. Бір сөзбен айтқанда, аумақтық қорғаныс әскерлері елде қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оқиға орнынан табылатын күштердің қатарына кіреді. 2020 жылы короновирус пандемиясымен күрес кезінде әскери міндеттілердің арнайы жиыны өтіп, алғаш рет аумақтық әскерлер осындай шараларға қатысқан болатын. Сол күрделі сәтте резервтегілер арасында жиын өт­кізіліп, оған жалпы саны 1 625 әскери міндетті келіп қа­тысты. Өз еркімен пандемия кезінде елге көмек көр­сетуге ниет білдіргендер саны 3 000-нан асты. Осы кезде әскери міндеттілер жедел штабта, тос­қауыл бекеттерінде, патрульде, медициналық мекеме­лерде қызмет атқарды, дезинфекция жүргізіп, ұтқыр топқа бөлінді. Тек пандемия кезінде емес, Түркістан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға да қатысты. Жалпы осындай шараларда аумақтық әскерлерге жүктелген барлық міндеттер орындалды. Ал Қостанай облысында болған өрт кезінде де сол өңірдің аумақтық әскер­лерінен 45 адам өртті сөндіруге белсене қатысып, тілсіз жаудың бетін қайтарды. Бұл әскерлердің төтенше жағдайға қол ұшын беруге үнемі әзір екенін көрсетеді. Алайда төтенше жағдайларда әрекет етіп, түрлі апат­тардың зардабын жою, оқыс оқиғалардың алдын алу, пандемияның таралуына жол бермеу тәрізді іс-ша­раларға қатысқанына қарап аумақтық қорғаныс әс­керлерінің міндеті төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысын қайталайды деген ой туындамауы керек. Іс жүзінде аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіп­сіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақстан қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатындай аумақтық қорғаныстың пәр­менді жүйесін ұйымдастыруға айрықша мән беріп келеді. Әрі бұл аса күрделі міндеттердің бірі. Соңғы жылдары болған оқиғалар мен әскери қақ­ты­ғыстардың сипаты елдің тұтастығы мен егемендігін сақ­тау жалпыхалықтық сипатта болуы тиіс екенін көр­сетті. Ал аумақтық қорғаныс жүйесін нығайту бұқара мен Қарулы күштердің тізе қоса әрекет етуіне мүмкіндік беретін тиімді тетік. Әлемде бар тәжірибе Қазір әлемдегі ахуал күрделеніп бара жатыр. Қа­зақстан орналасқан Еруазия құрлығының әр жерінде әскери қақтығыстар болып жатыр, терроризм қаупі де сақталған. Оның үстіне, бірқатар өңірлердегі қақты­ғыстар елдің түрлі нысандары мен елді мекендерін қор­ғайтын әскерлер әр аумақта болуы тиіс екенін көр­сетті. Содан да болар, көптеген мемлекеттердің ар­мия­сында аумақтық қорғаныс әскерлері бар. Мұндай елдердің қатарына Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Литва, Латвия, Нидерланды, Норвегия, Польша, Франция, Швеция, Финляндия, Беларусь, Украина және тағы басқа мемлекеттер кіреді. Бұл елдердің азаматтары өздерінің осындай әскер түріне қарайтынын мақтан тұ­тып, жүктелген міндетті бұлжытпай орындауды бо­ры­шым деп санайды. Қазақстан да аумақтық қорға­нысты ұйымдастыруда шет елдердегі осы тектес әскер түр­лерінің ұрыс тәжірибесін ескерді. Мәселен, Украи­наның аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің соңғы кез­дегі ұрыс қимылдарын ауыз толтырып айтуға болады. Әрине, Қазақстан түрлі жанжалдардан аулақ бо­лып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға қажет барлық тетіктерді пайдаланатын мемлекет. Бірақ «сақтансаң – сақтайды!» қағидасы ешқашан назардан тыс қал­мауы тиіс. Өйткені елге қауіп төндіретін факторлар тікелей әскери соққы ғана болмауы мүмкін. Түрлі апаттар, диверсия, терроризм, гибридті күрес тәсілдері дейсіз бе, төнуі мүмкін қауіп көп. Ал мұндай сын са­ғатта аумақтық қорғаныс әскерлеріне стратегиялық объек­тілер мен әскери, сондай-ақ азаматтық ин­­­фрақұрылымды қорғау, аумақтық қорғанысты жүргізу, қарсыластың диверсиялық-барлау күштерімен күресу міндеттері жүктеледі. Барлық аймақта арнайы жасақталған бөлімдер бар Қазақстанның әр облысында сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында аумақтық қорғаныстың 20 бөлімшесі орналасқан. Яғни елдің бүкіл аймағында бейбіт уақытта қысқартылған құрам­да жұмыс істейтін бригадалар бар, ал елде төтенше не­месе соғыс режимі енгізілген жағдайда бұл бригада­лардың құрамы резервтегілер санымен ұлғайтылады. Жұмылдыру кезінде аумақтық қорғаныс әскер­леріне Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы басшылық етеді. Бұл ретте, Бас штабтың құрамындағы Аумақтық қорғаныс әскерлерінің департаментіне ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Соғыс жағдайында елді мекендерді, маңызды объектілер мен коммуникацияларды күзету және қорғауды, қарсы­ластың диверсиялық-барлау күштерімен күреседі, төтенше немесе соғыс жағдайы режимдері енгізілгенде іс-шараларды орындайды, жау ұрыс жүргізіп жатқан аумақта соғысқа қатысады. Бұл құрамаларды жауынгерлік әзірлікте ұстау мақ­сатында бөлімшелер арасында жыл сайын оқу-жат­тығулар үздіксіз өткізіліп тұрады. Биыл да аумақтық әскерлер «Батыл тойтарыс–2022» кешенді ведомство­ара­лық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. 11-22 сәуір аралығында әскери міндеттілерді әскери жиынға шақырып, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық қорғаныс бригадаларының бөлімшелері тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жасады. Одан өзге қыркүйек айының ортасында «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі «Бекет» ведомствоаралық оқу-жат­ты­ғуын­да аумақтық қорғаныс бөлімшелері стратегиялық объектілерді күзету және оларды қорғау шараларын жүзеге асырды. Ел іргесі берік болуы үшін аумақтық қорғаныс әскерлері кез-келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы үшін үздіксіз дайындық үстінде жүретіні анық.

Қарлығаш АҚЫЛБЕК