ArtSport бағдарламасы бойынша 20 өңірдің 19-нан шу шыққан
– Бауыржан Құлмұхамедұлы, өзіңізге белгілі, мәдениет және спорт секциялары бойынша жан басын қаржыландыру жобасы өткен жылдан бастап жүзеге асып келеді. Алайда осы жобаның басынан «бұлт» кетпей-ақ қойды. Балаларға арналған спорт пен шығармашылықты қаржыландыруды жүзеге асыратын ArtSport бағдарламасының тығырыққа тірелгенін жиі естиміз. Барлық өңірде мемлекеттен тапсырыс алып, балаларды баулып жүрген кәсіпкерлер тиісті қаржысын ала алмай облыс, қала әкімдіктерінің, тіпті министрлік ғимаратының алдына да барып наразылыққа шықты. Әр өңірде осы бағдарламаға жауапты кейбір лауазымды тұлғалардың миллиондап қаржы жымқыру деректері анықталды. Шымкент қаласында да жақында бір топ кәсіпкер әкімдіктің алдына жиналып, тиісті қаржысын төлеуді талап етті. Осы жайында не айтасыз, бұл дауға сіздердің де қатыстарыңыз бар ма? – Иә, сұрағыңызға түсініп отырмын. Бүгінде қоғам алдында балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мәселесі тұр. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасы. Алайда, өкінішке қарай жап-жақсы басталған жобаның бір жүйеге түспей сиырқұйымшақтанып кеткені жасырын емес. Бірақ біз осы тұста, өзімізге қатыстыны ғана сөз еткеніміз дұрыс болар. Иә, бізде проблема жоқ десе де болады. Мақтанарлығы, спорт саласы бойынша 20 өңірдің 19-ында арагідік мәселе туындап қалғанымен, дәл Шымкентте спорт саласында бірде-бір шу шыққан емес. Әрине, мәдениет саласындағы дауға біздің қатысымыз жоқ. Ең бастысы, біздің мамандар жоба басталған өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап өз жұмысын жоспарлы түрде, тиянақты атқарып келеді. Былтыр бұл жобаға жергілікті бюджеттен 439 млн теңге қаралып, 54 кәсіпкер 12 474 баланы спортпен тұрақты шұғылданып тұрды. Ал биыл спорттық тапсырысты іске асыруға 2 млрд 323 млн теңге бағытталып, 14 мың баланы қамту жоспарланған болатын. Бүгінде 1 205 кәсіпкерден өтініш түсіп, оның 103-і біліктілік іріктеуден өтті. Осылайша, 15 161 баланың ата-анасымен келісімшарт жасалды. Шүкір, қазір балалар баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, каратэ, таэквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шахмат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлифтинг, қазақ күресі және футзал, теннис спорт түрлерінен жаттығып жүр. Енді тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға пауэрлифтинг, үстел теннисі, тұрып ойнайтын волейбол және футбол 7х7 спорт түрінен секциялар ашылып жатыр. Осы жоба аясында 264 жаттықтырушы мен 150-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтылды. Келер жылы 18 мың баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. – Мүгедек балаларды спорттық секциямен қамту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтып қалдыңыз. Жалпы, Шымкент қаласында осындай мүмкіндігі шектеулі спортсүйер жандарға қандай жағдай жасалған? – Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында олардың тұрақты түрде денешынықтырумен және спортпен айналысуына мүмкіндік жасау үшін құрылған Шымкент қаласының мүгедектерге арналған спорт клубы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда 400-ге жуық спортшы спорттың 18 түрімен шұғылданады. Клубтағы паралимпиалық, сурдолимпиалық және паралимпиалық емес спорт түрлері мен спешиал олимпикс бөлімдерінде тірек-қимыл мүшелері зақымданған, есту қабілеті бұзылған, көру қабілеті нашар және ақыл-ойы бұзылған жандар спорттың бірнеше түрімен айналысады. Оларға ҚР Еңбек сіңірген және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері сияқты 23 жаттықтырушы сабақ береді. 57 Ұлттық құрама командасындағы спортшылар бар. «Мүгедектерге арналған спорт клубы» бүгінге дейін ХДСШ-9, ҚР СШ-55, ҚР СШҮ-83, І санат-19, ІІ санат-21 және 9 ІІІ санат дайындады. 17 үздік спортшыға республикалық және қалалық стипендия қарастырылған. Спортшылар Әлем, Азия және де түрлі халықаралық, сонымен қатар Қазақстанның жарыстарында жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, биыл 1-15 мамыр күндері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдолимпиада ойындарына еркін күрестен 70 келі салмақта Рсалы Сабыржан және 65 келі салмақта Пернеш Шадияр қатысып, Рсалы Сабыржан 2-орын, Пернеш Шадияр 5-орынды жеңіп алды. Жеңіспен оралған Рсалы Сабыржанға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Айта кетейін, Рсалы Сабыржан сонымен бірге, ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, ҚР Спартакиадасының қола жүлдегері, 2016 жылы Саха, Якутия «Дети Азии» ойындарында екінші орын, 2018 жылы Ресейде өткен Әлем чемпионатында жасөспірімдер арасында 2-орын, 2021 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Әлем чемпионатында 1-орындарға ие болды. Ол күреспен 12 жасынан бастап айналысады.Үшінші мегаполисте спорттың 71 түрі дамытылады
– Шымкент қаласында бұдан бөлек қанша спорттық ұйым бар? Бұқаралық спорттың дамуы спорттық инфрақұрылымға тікелей қатысты екені белгілі. Шаһарда бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлінген? – Спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Билік тарапынан осынау салаға зор көңіл бөлініп, әрдайым мемлекеттік маңызы бар бағыттар санатына қосылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне де назар аударған болатын. «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы қажет», – деген Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керек екенін айтқан болатын. Бүгінде бекітілген кешенді жоспар аясында бірқатар шара атқарылып жатыр. Шымкентте жұмыс істеп тұрған 34 спорттық ұйымның 29-ы мемлекеттік болса, 5-еуі мемлекеттік жекешелік-әріптестігі аясында құрылған. Мұнда 17 944 спортшыға 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізеді. Аталған мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның 38 – олимпиадалық, 24 – олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар. Жалпы, қалада денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде 400 мыңнан аса адам шұғылданады. Басқармада спортшыларды дайындау сапасын арттыру және бұқаралық спортты дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шараның барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталуда. Қазір қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Стадиондар мен спорттық кешендерді айтпағанда, есу базасы, ату тирі, ату алаңы, хоккей корты, теннис корттары, ипподром, жүзу бассейндері мен спорттық құрылғылар сияқты ғимараттар тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Биыл бюджет есебінен қаламызда 3, жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Шымкент қаласындағы ипподром орнына көпқабатты тұрғын үй кешенін салу туралы ақпарат сәулетшілер мен тұрғындардың наразылығына тап болып, жыл бойы үлкен дауға айналғанын білесіз. Ал ипподром орнына тұрғын үйді салатын компания заманауи, талапқа сай атшабар салып беруге уәде еткен. Құрылыс уәде етілгендей жүргізіліп жатыр ма? – Маман ретінде айтарым, жаңа атшабар өте мықты нысан болатынына көз жеткізіп отырмын. Ертең құрылыс жұмыстары толық біткен соң халықтың да көзқарасы өзгереді деген сенімдемін. Бүгінде жоспарланған макеттегідей келешекте халықаралық жарыстар өткізе алатындай талапқа сай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараттар, жаттығу залдары да бар. Жобалық құны 3,8 млрд теңге болатын жаңа ипподром құрылысын BI Group компаниясы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бітіру жоспарланған. Бүгінде әкімшілік ғимарат қаңқасы тұрғызылып, іргетасы қаланды. Трибунаның шатыры орнатылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жазғы атқора толығымен бітсе, қысқы атқораның құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Ал конкур, көкпар, бәйге алаңы тегістеліп, арнайы төсенішін төселуде. Енді инженерлік жүйе жұмыстары, жабық конкур манежінің құрылысы, ферма салынып жатыр. Бұйырса, келер жылдың Наурыз мерекесін дүркіретіп өткіземіз деп отырмыз.«Жастар лигасына» қызығушылық артып келеді
– Бауыржан Құлмұхамедұлы, Шымкент жастары негізінен спорттың қай түріне көбірек бейім? Сонымен бірге биылғы Балалар жылына қандай үлес қосып жатырсыздар? Мектеп оқушылары арасында өтетін Жастар лигасының да ауқымына тоқталсаңыз... – Қазір біздің жігіттер спорттың барлық түріне ден қойып келеді. Әсіресе, бокс, грек-рим күресі, каратэ, дзюдо, оқ ату, байдарка мен каноэда ескек есу және көркем гимнастикадан да алда келеміз. Иә, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты қаламыздағы мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Аула чемпионаттары ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол добын торға түсіру, футбол қақпасына доп тебу, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. Аула чемпионатында жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаға арнайы сыйлықтар үлестіріледі. Бүгінге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы 48 спорт алаңшада Аула чемпионаттары өткізіліп, ондағы спорттық іс-шараларға 3 600-ден астам бала қатысты. Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында 2022 жылдың мамыр айынан бастап «Қолжетімді спорт» жобасын Шымкент қаласында іске қосты. Қаладағы 4 саябақта іске асырылып жатқан жобада 12 жаттықтырушы спорттың 4 түрінен (скандинавиялық жүріс, үстел теннисі, каратэ, фитнес) қала тұрғындарымен жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Айта кетсем, жыл басынан бері қаламызда әртүрлі жастағылар арасында спорт түрлерінен 29 қала чемпионаты өткізілді. Одан бөлек, 29 Қазақстан чемпионаттары мен 9 республикалық жарыс өтті. Теннистен ATP SHYMKENT CHALLENGER 80 халықаралық турниріне 20 мемлекеттен 60 спортшы қатысты. Сонымен қатар қала тұрғындары мен әртүрлі сала қызметкерлері арасында өткен 27 бұқаралық спорттық іс-шара 17 300 адам қамтылды. Осы тұста бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен жылдан басталған «Жастар лигасы» жобасына қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқанын айтқым келеді. Былтыр 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жеңімпаз 4 командаға су жаңа шағын автобустың кілті табысталды. Олардың қатарында шахматтан жеңімпаз болып танылған Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі, баскетболдан М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, волейболдан Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беру мектебі және футбол жарысынан топ жарған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы бар. Қазір келер жылы өткізілетін Шымкент жастар лигасының (ІІІ маусымының) ашылу рәсімі өткізіліп, спорт түрлері бойынша жарыстар ойын кестесіне сәйкес өткізіліп жатыр. Сонымен қатар қаламызда Қазақстан Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республикалық Tartyl Fest турникте тартылу бойынша бесінші республикалық спорт фестивалінде шымкенттік Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекордты жаңартты. Ал Спорт күні мерекесінде қала әкімдігінің қолдауымен «Брусья FEST» спорттық-бұқаралық фестивалі өтті. Спорттың брусьяда тартылу түріне Алматы, Қонаев, Тараз, Түркістан қалаларының тұрғындары келіп, бақ сынады. Шымкентте биыл 5-ші рет өткен жүгіру марафоны рекорд орнатты. 5 мыңға жуық қатысушының арасында 6 жастағы баладан, 76 жастағы қарияға дейін болды. – Шымкент қаласы биыл Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен қандай жетістіктерімен мақтана алады? – Биыл қоржынымыз олжалы болды десек те болады. Жыл басынан бері қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан чемпионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионаттарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қоланы қанжығамызға байладық. Әлем чемпионаттарында қоржынға 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медаль түсті. Сонымен қатар 2022 жылғы 12-23 мамыр аралығында Нормандия қаласында /Франция/ өткен Дүниежүзілік гимназиада ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Ал 13-15 мамыр күндері Мальграт-де-Мар қаласында өткен /Испания/ Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан (фул контакт, клосс контакт) 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль қоржынға салды. Бирмингем қаласында /АҚШ/ өткен XI Дүниежүзілік ойындарына қатысқан 3 спортшымыз Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадилов 7-орынды иеленді. 8-15 тамыз күндері Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, 5 алтын мен 4 қола медальді алып қайтты. Осы уақытқа дейін 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 38 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 216 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 324 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Айта кетейін, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 416, жастар құрамасына 268, жасөспірімдер құрамасына 201 спортшымыз енген. Қазір 299 спортшыға ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. – Әңгімеңізге рақмет! Биіктен көріне беріңіздер!Шымкент қаласы