Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Шығыс өркениетін зерттеудің дәстүрі мен жаңа парадигмалары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара (Түркия), сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен профессорлар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Конференция аясында ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зекенұлының 3 жаңа ғылыми еңбегінің тұсаукесері өтті. Белгілі тарихшының «Қытай тарихнамасындағы қазақ тарихы», «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық зерттеу». «Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі тарихының қытайша деректері» кітабы жарыққа шықты. Күрделі зерттеулерде түркология әлеміндегі белгілі зерттеушілердің еңбегі және қытай тіліндегі көне деректер қолданылған.
«Шәкіртім Тұрсынхан Зекенұлының бұл кітабы «Қытай тарихшысы қазақ тарихы туралы не жазды және қалай жазды? Оның отандық тарихнама үшін берері не? Отандық тарихнамаға сай келмейтін қандай тұстары бар?» деген сұрақ төңірегінде зерттеп, зерделейді және оның қытайлық тарихнамалық әдіс-тәсілдеріне, көзқарасына талдау жасап, түсінік береді. Қытай ғалымының еңбегінде қазақ тарихының хронологиялық және географиялық шеңбері кеңейтіліп, мазмұны байытылған. Автор бұл еңбегінде Су Бэйхайдың қазақ тарихы туралы жаңашыл ойын құптай отырып, оның кейбір тарихнамалық көзқарасын терістейді. Сондықтан кітаптың Отан тарихын зерттеуге тигізер пайдасы мол. Кітап деректанушы-тарихшы мамандардың, ғылыми көпшіліктің қытайлық ғалымдардың еңбегін сыни көзбен қабылдап, зерттеу жұмысында тиімді пайдалануына бағыт-бағдар береді, – дейді ЕҰУ Алтайтану және түркология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы.Тұрсынхан Зекенұлы «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық зерттеу» еңбегінде Күлтегін өмір сүрген дәуірді және оның тарих сахнасына қалай шыққанын, істеген істері мен артында қалған мұрасын, ескерткіштің орнатылуының түпкі мән-жайын зерттейді. Отандық түркологиядағы бұл еңбектің басты жаңалығы – Күлтегін ескерткішіндегі көне түрікше және қытайша мәтіндердің мазмұнын тарихи-деректану тұрғысынан зерттелуі, ондағы әрбір ұғымның тарихи мән-мағынасының, деректік құндылығы мен шынайылығының ашылуы.
Айбике ЖАНАСЫЛ