Аграрлық техника шығару саласы дамып келеді
Аграрлық техника шығару саласы дамып келеді
781
оқылды
Ақмола облысында аграрлық саланы дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісі кеңінен дамып келеді. Жақында Көкшетау қаласында да ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жаңа өндіріс алаңы ашылды. «Агротрак» ауыл шаруашылығы техникасы компаниясы мен ASTANA MOTORS KOKSHETAU сервистік орталығы алдағы уақытта өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға барынша назар аудармақ. Кәсіпорын өңірде 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Шаруашылық сонымен қатар Ресей және шетелдік техникаларды сататын еліміздегі аса ірі операторлардың бірі болып табылады. Филиал мұнымен қоса, AMAZONE неміс компаниясы мен басқа да брендті ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компанияларының ресми дилері болып саналады. аграрлық техника Кәсіпорында топырақ өңдеу, себу, жемшөп дайындау техникалары мен қосалқы бөлшектері шығарылады. Компания басшысының айтуынша, аграрлық шаруашылықтардан сұраныс жоғары. Компания техникаларды ұсынумен қатар, оларға қызмет көрсетуді де жолға қойған. Бір мезетте мұнда 150 ауыл шаруашылығы техникасын күрделі жөндеуден өткізуге болады. Ақмолалық диқандармен көршілес Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары да техниканы осында сатып алады. Сұраныс көлемі артқандықтан компания сауда алаңын одан сайын ұлғайтуды көздепті.
«Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне күзгі егін орағы қызған шақта қосалқы бөлшектерді 24 сағат ішінде тегін жеткізуді жүзеге асырдық. Бұл орайда қанша көлемде сатылса да тауарды тегін жеткізуді мойнымызға алдық. Сондай-ақ интернет-дүкенді де қолданысқа енгізіп жұмыс істеудеміз. Бұл шаруалардың қалаға бармай-ақ өзіне қажетті қосалқы бөлшекке тапсырыс беруіне мүмкіндік берді. Алдағы уақытта жаңа өндірістіксату алаңын іске қосу арқылы сервистік қызметпен ауыл шаруашылығы техника­ларына кепілді қызмет көрсетуді жақсартпақ ниет­теміз», – дейді «агротрак» компаниясы филиалының директоры Константин Третьяков.
Жаңа ауыл шаруашылығы техникасы алаңында сатушыларға арналған оқыту курстары да жүргізілмек. Аграрлық шаруашылықтар техниканы сатып алмастан бұрын оны дұрыс қолдануды да меңгермек. Кәсіп­орынның жоспарында шаруаларды заманауи жаңа комбайндар және тракторлармен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде 3 миллион АҚШ долларына жуық инвестицияланған жоба өңірдің автомобиль нары­ғының дамуына да оң ықпал етпек. Кәсіпорынды аралап көрген өңір басшысы өндіріс орнының аграрлық шаруашылықтарды жаңа техникамен қамтамасыз етуінің маңыздылығын атап өтті. Компания басшылығы өнім сапасын жақсарта­тынын жеткізді.

Ақмола облысы