Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы бүгінде тіршілігі жанданған, халқының тұрмысы жақсарған аймаққа айналған. Өйткені биылдың өзінде өңірде біраз жұмыс атқарылған.
Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету және суды бұру бойынша 557,2 млн теңгеге осы жылға 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Бүгінде 170 млн теңгеге жеті нысан сумен қамтылды. Атап айтсақ, Чапаево, Никольск, Маяк ауылдары, Бұқтырма стансасы, Октябрский кенті, Парыгино ауылындағы су мұнарасы, Кремнюха ауылында 12 су құдығы бұрғыланды. Сонымен қатар 70 миллион теңгеге Бұқтырма және Заводская ауылындағы Жаңа Бұқтырма көшелеріндегі су желісінің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 5,5 млн теңгеге Средигорие ауылының желілері жөнделеді.
Мысалы, Алтай қаласының өзінде жалпы ұзындығы 185 шақырымдық және орталық су құбыры желілері қайта жаңартылды. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Оның ішінде ұңғымаларды монтаждау жұмысы, тұрғын үйлерге желілерді қосу және оның құрылғыларын орнату жұмыстары кіреді. 2022 жылға 290 млн теңге жұмсалды. Оған қоса, 13 млн теңгеге Алтай қаласындағы желілерді жуу және тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 767,3 млн теңгеге 14 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен Соловьево, Тұрғысын, Полянское, Малеевск пен Зубовск ауылдарында жалпы ұзындығы 19 шақырымды қамтитын жол 382,3 млн теңгеге жөнделді.
210 млн теңгеге «Технологиялық тасжолы мен Парыгино ауылы апаратын жол орташа жөндеуден өтті. «ШалеЛаБале» демалыс орталығына барар жол, яғни Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы жолды жасауға 50 млн теңге кетті. Егер Жаңа Бұқтырма ауылының маңындағы үлкен жол жөнделсе, 20 шақты ірі демалыс орнына жол ашылады. Соның арқасында демалушылар саны көбейеді. Негізі, Алтай ауданы – көрікті табиғатқа тұнған өлке. Тауы да, орман, көлі де бар. Сарқырама мен тұмаға да бай. Сондықтан ендігі мақсат – аймақтың туризмін дамыту. Соның бірі – демалыс орындарын интернетпен қамтамасыз етті. Мысалы, Кремнюха ауылына антена орнату үшін аудандық бюджеттен 9 млн теңге бөлінді. Қазір елді мекенге антена орнатылды, енді қосу ғана қалды.
Биылдың өзінде аймақты жарықпен қамтуға 90 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 6 жобаны жүзеге асыру жүктелген. Мысалы, Октябрьский ауылының басым көпшілік көшесіне электр желісі жаңартылса, Селезневка стансасы жарық құрылғысы қойылды. Сонымен қатар 21,5 млн теңгеге Алтай қаласының Ломоносов көшесі жарықтандырылады. Ал Октябрь ауылындағы Ленин көшесін жарықтандыруға 12 млн теңге жұмсалды. Қаладағы Тәуелсіздік аллеясының фонтанын түрлі түсті сәулемен жарықтандыру құрылғысы 5 млн теңгеге шықты.
Бастысы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті дүниені ретке келтіруде. Мәселен, өзекті проблеманың бірі – жылыту мәселесі. Серебрянск қаласындағы және Жаңа Бұқтырмадағы екі қазандықты жөндеу үшін жергілікті ауданның бюджетінен 135 млн теңге қаржыландырылды. Тиісінше, жылыту маусымына дайындық үлкен қаржыны қажет етеді. Оның ішіне жылыту қазандықтарын жөндеу ғана емес, құрылғыларды жаңартып, көмір сатып алуы тағы бар.
Өлкенің құрылыс саласы да қарқынды дамып жатыр. Алтай қаласындағы 10-шағынауданда орналасқан Рудной 31/11 көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Оған бөлінген қаржының 369 млн теңгесі игерілді. Қазір баспана тұрғызылды, үйдің ішкі жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бірақ қараша айына дейін пәтерлерге жылу қосылмақ.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 16 үй сатып алу жоспарланған, әзірге 13 үй сатып алынды. Қалған үшеуі жыл соңына дейін сатып алынады. Үйдің жалпы аумағы – 1 440 шаршы метр. Бұл баспана көпбалалы отбасылар мен аудандағы бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған.
Әкімдіктің мәліметінше, аудандық бюджет есебінен Серебрянск қаласында, Соловьево, Тұрғысын мен Чапаево, Зубовск мен Бұқтырма, Феклистовка ауылдарында 40 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды. Оған қоса, Алтай қаласындағы Солнечная, Фрунзе, Стахановская 3 көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, Ломоносов, Фрунзе көшелеріне аялдамалар жаңартылды.