Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық туралы» маңызды заңға қол қойды. Осылайша, Конституцияға сай ізгілікті сипаттағы нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Бұл – әрине, әділетті шешім. Мұндай идеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қазақстан халқына Жолдау жасаған кезінде айтқан болатын. Мемлекет тарапынан қаңтардағы оқиғаға қатысқан, бірақ аса ауыр қылмыстар жасамаған азаматтардың жазасы жеңілдетіліп отыр.
«Кейбір заңды бұзған азаматтар өз кінәларын түсініп, жасаған әрекеттері үшін өкінетінін жеткізді. Сондықтан да оларға кешіріммен қараған дұрыс деп санаймын. Осы ретте Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бірреттік рақымшылық жасау туралы шешім қабылдадым» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Рақымшылық туралы» заң – бұл, қоғам мен мемлекет тарапынан халық арасына жік салудың алдын алуға, ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға және қазақстандықтардың ауыз бірлігін нығайта түсуге бағытталған бірреттік ізгілік шарасы. Ізгілік актісі қашан да құқықты құрметтейтін және қылмыс жасаған азаматтарына сенім білдіруге қабілетті демократиялық, құқықтық мемлекетке тән болып келеді. Бұл ретте, қылмыс жазасыз қалмайтыны туралы қағида бұлжымайтыны анық. Мәселен, англо-саксондық құқық тобында амнистия институты қолданылмайды. Сондай-ақ Германия, Испания, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Эстония сынды романо-германдық бірқатар елдерде де осындай тәжірибені ұстанады.
Бірақ Қазақстан көптеген өзге елдер сияқты бұл мәселеге ізгілік тұрғысынан қарайды. Рақымшылық туралы шешім – мемлекеттің өзі білмей тұра бәз біреулердің қылмыстық пиғылының құрбанына айналған, яки Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, заңнан аттаған азаматтарына деген игі ерік-жігер таныту жолындағы ізгілік шарасы. Осылайша, шалыс басқандарға жаңадан өмір бастауға және қоғамға қайта сіңісуге мүмкіндік беріліп отыр. Рақымшылық жасау әлеуметтік әсерге ие болмақ. Түзелу жолына түскен азаматтар қатарға тезірек қосылу үшін ынталана түсетін болады. Сондықтан да оны қолдану қылмыспен күрестегі қылмыстық-құқықтық жалпы міндеттерге қайшы келмейді.