Жайлы мектеп – «Жерұйық» мекен
Жайлы мектеп – «Жерұйық» мекен
997
оқылды
Қазақстан 2025 жылы үш ауысымда оқудан және апатты мектептерден толық арылады. Ел Президенті Үкімет алдына осындай міндет қойды. Осы орайда президенттік ғаламат бастама – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының егжей-тегжейі де жарияланды. Оның аясында елдің барлық өңірінде жаңа тұрпатты мектеп салуға бұрын-соңды болмаған сома – 2,6 триллион теңге жұмсалады. Әрине, осынша қаражаттың үлкен бөлігі Ұлттық қордан алынады. Бірақ бір қызығы, жемқорлардан тартып алынған миллиардтар да мектеп тұрғызуға бағытталмақ. Оқушылар 1-«ы» сыныбынан құтылады Жаңа ұлттық жобаның таңғал­дыратын қырлары жетерлік. Мы­салы, бұған дейін республикалық бюджеттен мектеп салуға жылына 100 миллиард теңгеге жуық қаржы ғана бөлініп келген. Енді Мемлекет басшысының қолдауымен осы бағытта 2023-2025 жылдары 2 триллион 606,6 миллиард теңге шығындалмақ. Соның ішінде Ұлттық қордан 646,5 миллиард теңге бөлінеді. Қаражаттың негізгі бөлігі – 1,9 триллион теңгесі республикалық бюджет есебінен жұмсалады. Соның ішінде 2023 жылы – 499,9 миллиард теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд теңге игеріледі. Дегенмен, қаржыландырудың тағы бір көзі анықталды. Мұны Премьер-Министр Әлихан Смайылов хабарлады. Ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірлердегі оқушы орындарының санын ұлғайту үшін тың шаралар қабылданатынын мәлім етті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінде республика бо­йынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу осы қараша айында басталады, – деді Үкімет басшысы.
Мектеп құрылыстарын бір оператор үйлестіреді. Ол мәртебе «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ына берілмек. Негізі, сөз болып отырған проб­леманың аса өзекті екенін мына бір мысалдан-ақ аңғаруға болады. Алыс аудандар мен қиян­дағы ауылдарды айтпағанның өзін­де, Астананың шеті саналатын Қосшы қаласында халық саны қарқынды түрде артып келеді. Алда ондағы халық саны жүз мың­ға жетуі мүмкін. Онда мектептер оқушыларға лық толды. 2021 жылы Қосшы мектебінде 1-«ы» сы­ныбы ашылған, ол туралы халық­аралық ақпарат агенттіктері де жария етіп, жаһан жұртшылығын ойран-асыр еткен еді. Елорда ма­ңындағы Қосшы қаласында, Та­лапкер кентінде және Үркер ша­ғынауданында оқушы орында­рының тапшылығын дәл осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жояды деп күтілуде. Әйтпесе, олардың бәрінде мектептер тек үш ауысыммен оқытуға мәжбүр.
– Қосшыда биылғы қыркүйек­те 1 200 орындық мектеп пайда­лануға берілді. Қазір мұнда тағы 2 жаңа мектеп салынып жатыр. Олар 2023 жылдың жазына дейін пай­далануға беріледі. Құрылыс жұ­мыс­тарымен өзім таныстым. Ал Президенттің тапсырмасымен әзір­ленген «Жайлы мектеп» жоба­сы аясында келесі 2023 жылы онда 11 мың орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталады. Бұл Қос­шыдағы оқушы орнының жетіс­пеушілігі мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» аясында 2023 жылы Талапкер ауылында 4 800 орындық екі мектеп, Қажымұқан ауылында 1 800 орындық бір мектеп салу жоспарда бар. Осының арқасында оларда да оқушы орнының тап­шылығы мәселесі толығымен ше­шіледі, – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Ал Үркердегі үш ауысымды №69 мектеп-гимназиясына жақын жерден 2023 жылы «Жайлы мек­теп» аясында 2 мың орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Жайлылық деген тек сәнді қабырға емес Экономика мен бизнестің еуропалық жоғарғы колледжінің құрылтайшысы, заң ғылымда­ры­ның кандидаты, ғалым Талғат Тө­ремұратов «Жайлы мектеп-Ком­фортная школа» ұлттық жобасы жаңа ғимараттар салумен ғана шек­телмеуі тиіс деген пікірін айт­ты. Жаңа мектептердегі оқу жа­ңа мазмұнмен қаныққаны жөн. Ол мұндай ұлттық жобаны жүзеге асыр­мас бұрын жұмыс тобын құр­ған маңызды екеніне назар ау­дартты. Өйткені Самұрық-Қазына Констракшн құрылыс сапасына ғана мән беруі мүмкін.
«Жайлылық, комфорт деген – кең ұғым. Бір шенеунік үшін жай­лы мектеп дегеніміз – дәретхана мектептің ішінде болса жеткілікті. Ал тағы біреуі бассейні бар сал­танатты білім ордасын ғана жайлы деп таниды. Әйткенмен, ауылдарда орналасқан, ескі, бірақ әрбір ұстаз бен шәкірт үшін жанға жайлы, тү­лектер сағына еске алатын мек­тептер де бар. Біріншіден, менің ойымша, жайлы мектеп деген оқушылар бір-біріне әлімжеттік, зорлық-зомбылық, буллинг жасамайтын, мұндай кеселге түбе­гейлі тосқауыл қойылған мектеп. Бұл – ең басты фактор. Онда оқушы­лар да, мұғалімдер де қысым көр­меуі шарт. Екіншіден, жайлы мек­теп дегеніміз – сапалы, ұшқыр жылдамдықты интернеттің болуы. Қазіргі ақпараттық заманда онсыз ешқандай жайлылық болмайды. Әзірге біздің білім жүйесі мұнымен мақтана алмайды», – деді сарапшы.
Оның тұжырымдауынша, егер ұлттық жоба әсем ғимараттар са­лумен ғана шектелсе, ал олардағы білім сапасы артпаса, жайлылық­тың басты шарттары сақталмаса, онда президенттік тапсырма қағаз жүзінде ғана орындалған болып шығады. Сондықтан бұл ғаламат бастамаға асығыс кіріспей, мәселе жан-жақты, әр қырынан мұқият зерделеніп, нәтижесі ұлттық жоба­да көрініс табуы тиіс. мектеп Оқу-ағарту министрі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мың­нан астам оқушы орны ел игі­лі­гіне тапсырылатынына және олар­дың ең озық, заманауи, үлгілі мек­тептер болатынына сендіреді. Олардың көбі қазақ тілінде оқытады.
«Жоба үш ауысымды және апат­ты мектептер мәселесін толы­ғымен шешеді. Жаңа мектептер үшін құрылыс пен жарақтан­ды­рудың ең жоғары, заманауи және бірыңғай стандарттары қолда­нылады. Келесі жылы бұрын-соң­ды болмаған көлемде мектептердің құрылысы басталады. Мысалы, алдағы жылы Алматыда әкімдікпен бірге жаңа 20 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сәйкесінше 2024 жылы Алматыда 80 мың жаңа оқушылық орын пайда болып, проблема толығымен шешіледі», – деді А.Аймағамбетов.
Жаңа мектептерге жаңа мазмұн қажет Буллингке жол бермеу мұға­лімдердің біліктілігіне де байла­нысты. Оқу үрдісі шәкірттер үшін азап емес, ләззатқа айналуы үшін білім ордаларында мықты, білімді, озық ойлы, биік парасатты педа­гогтер жұмыс істеуі шарт. Бұл жа­ғынан проблема бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек педагогтерді даярлау са­ласында мәселелер қордаланғанын жеткізді. Оны шешу үшін ынта­ландыру шаралары қабылданып жатыр. Мысалы, басқа маман­дық­тардың иегерлеріне қарағанда мұ­ғалімге оқитын студенттер кө­бірек стипендия алады. Нақты­ла­сақ, 2022-2023 оқу жылынан ба­калавриаттағылардың стипен­диясы 20%-ға – 31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін артты. Ал пе­дагогикалық бағыттағы студент­тердің шәкіртақысы 58 800 теңгеге дейін жоғарылады. 2025 жылға дейін стипендия 2 есе ұлғайтылады. Бұған қоса, студенттерге, со­ның ішінде мұғалімдікке оқығысы келетін түлектерге жеңілдетілген білім беру несиелері ұсынылмақ. Биыл мемлекеттік білім беру грант­тарының рекордтық саны – 88 мыңы бөлінгенімен, студент­тердің 60%-ы бәрібір ақылы не­гізде оқиды. Студенттердің осы са­натын қолдау үшін оларға жыл­дық 2-3% жеңілдікпен білім кре­диттерін алу мүмкіндігі ұсыныла­ды. Ол үшін қолданыстағы заң­намаға өзгерістер енгізіледі. Министр С.Нұрбектің түсін­діруінше, «Жайлы мектеп» пре­зиденттік жобасы аясында елімізде мектептер саны күрт артатын­дықтан, 2026 жылға қарай педагог кадрларға деген қажеттілік 100 мыңнан астам мұғалімді құрайды. Бұл тапшылықты жою және ма­мандықты тартымды ету үшін педагогтердің жалақысы өсіріліп жатыр: жыл сайын 25 пайызға көтеріліп отырады. Әлеуметтік желіде пікір біл­дірген қазақстандықтар «прези­дент­тік жайлы мектептерге тағы да ығай мен сығайдың балалары ғана баратын шығар» деп уайымдарын бөлісті. Бірақ «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасында ол мектептер ауылда да салынатыны көрсетілген. Тек ол ауыл келешегі бар деп танылуы міндет.
«2026 жылға дейін қалаларда және белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекендерде оқушы орындарының ағымдағы және болжамды тапшылығын жабу үшін кемінде 800 мың (екі ауы­сымдық) жаңа оқушы орындары пайдалануға беріледі. Мектептерді салу кезінде құрылыстың бірыңғай стандарттары қолданылады, бі­рыңғай заманауи оқу жабдық­тарымен жарақтандырылады, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады», – делінген құжатта.
Атап өтер жайт, бүгінде елімізде оқушы орнына деген тапшылық 270 100 орынды құрайды. Тапшы­лық бойынша ең өткір жағдай бес өңірде – Түркістан, Алматы об­лыстары және Алматы, Шымкент, Астана қалаларында байқалады: оқушы орындары тапшылығының 59% соларға тиесілі (159 мың орын). Сонымен қатар қолданыс­тағы 710 мектептің тозығы жеткен. Жаңа ұлттық жоба алдағы жыл­дың 1 қаңтарынан күшіне енеді деп жоспарланған. Яғни, ол барша Қазақстан халқы үшін жаңажыл­дық тартуға айналғалы тұр. Бұл ғаламат президенттік бастаманың өзге салаларға мультипликативтік әсері болады. Біріншіден, цифр­ландыру саласына серпін беріледі. Ауыл мен қала арасындағы интер­нетке қол жеткізудегі теңгерімсіздік жойылуы тиіс. Жаңа, жайлы мек­тептердің бәрі кең жолақты интер­нетпен жабдықталады. Екіншіден, 2025 жылға қарай орта білім беру саласының негізгі капиталына тартылатын инвести­циялар 109%-ға өседі. 2026 жылға қарай мектептер құрылысына 100 мың уақытша жұмысшы жұмыл­дырылады. Ал жайлы білім орда­лары қолданысқа берілген соң, оларда 145 мың тұрақты жұмыс орындарын құрылмақ. Қалай болғанда, оқушы орын­дарының жетіспеушілігі Кеңес кезінде де, тәуелсіздіктің 32 жы­лында да күн тәртібінде өткір тұр­ды. Егер алдағы 3 жылда үш ауы­сымды және апаттық мектептер проблемасы түбегейлі шешімін тапса, бұл Қазақстанның азаттық жылдарындағы ең ірі жетістікте­рінің біріне айналмақ. Сарапшылар одан кейінгі жыл­дары мектеп тапшылығы проб­лемасы қайта бас көтермеуі мүмкін деп тұспалдайды. Себебі, әлемдегі сияқты біздің елімізде де қашық­тан, онлайн оқуды енгізу қарасты­рылып жатыр. Мысалы, Канадада шамамен 4 миллион бала мектепке бармай, үйінен білім алады. АҚШ-та K12 International Academy порталы арқылы кез келген оқушы қашықтан оқып, толық орта білім алғаны туралы аттестат иелене алады. Қазақстанда ұқсас жүйені енгізу үшін білім туралы жаңа заң жобасына тиісті түзетулер пысық­талып жатыр. Демек, болашақта біраз бала онлайн оқуды жайлы деп тануы да мүмкін. Ал «Жайлы мектеп» аясында бой көтерген за­манауи білім ордалары сол заманда мектепке барып оқуды жөн са­найтын шәкірттер үшін тартылыс орталықтары қызметін атқарары сөзсіз.