Кибершабуылдар кесірі интернетке тиді
Кибершабуылдар кесірі интернетке тиді
736
оқылды
Кейінгі уақытта жұрт жаппай интернет сапасының нашарла­ғанына шағымданып жатқаны бәріне белгілі. Соңғы 1-2 айдың шамасында мұны анық байқап жүрміз. Әйткенмен, салаға жа­уаптылар мұның нақты себебін дөп басып айта алмай келеді. Бірде шетелден алатын трафик­ті, келесіде интернет бағанда­ры­ның азын айыптады. Таяуда Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусин интернеттің нашарлауына байланысты тосын жайтты хабарлады. Ақпараттық қауіпсіздік алаңдатады Сонымен, ведомство басшысы ин­тернеттің нашарлауын кибершабуылдарға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстармен байланыстырды. Оның айтуынша, қыр­күйек айының соңында Қазнетке кибер­шабуыл жасалғаны белгілі. Қазір осындай кибершабуылдарға төтеп беру үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Сол үшін жағдайды түзету керек. Интернетке қатысты проблеманың туындап отырғаны да осы себептен екен. Мусиннің айтуынша, бұның бәрі мемлекеттік органдардың интернет ресурстарын ғана емес, бүкіл қазақстандық инфрақұрылымды сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаралар.
«Мемлекеттік инфрқұрылымға ғана емес, кейбір бұқаралық ақпарат құ­ралдары сайттарына да шабуыл жасалды. Сол се­бепті осындай кибершабуылдарды бол­дырмау үшін ақпараттық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру қажет», – дейді министр.
Мусин егер кибершабуыл көбейіп кет­се, инфрақұрылым құрып, мүлде жұ­мыс іс­те­мей қалуы мүмкін екенін айтады. Сон­дық­тан сәл күту керек. Сөз арасында ол «қа­зір интернет қазақстандықтарда қалай ұс­таса, менде де солай ұстайды» дегенді айтып қалды. Министр ең бастысы интер­неттің жұмыс істеп тұрғанын көңілге медеу етіпті. Қай ақпаратты негізге алған? Бұдан соң біз кибершабуыл мәселесіне тереңдеуді жөн көріп, ақпараттың шы­найылығын білгіміз келді. Кибер­ша­буылды кімдер, қай арна арқылы қандай жолмен жасап жатқанына, не мақсаты барына үңілуге ұмтылдық. Әуелі Цифрлық даму министрлігімен хабарласқан болатынбыз. Ведомствоның баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады, алайда министр Мем­лекет техникалық қызметтің деректеріне жүгінгенін айтып, соларға сілтеді. [caption id="attachment_225498" align="aligncenter" width="1607"]интернет © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұл Қызмет осыған дейін де мемле­кеттік органдардың, ақпарат құралдары­ның сайтына көптеген шабуыл болғанын мәлімдегені есімізде еді. Шамасы, ша­буылдар одан әрі күшейген іспетті. 20 млн кибершабуылдың жолы кесілген Мемлекеттік техникалық қызметтің баспасөз орталығы бізге биылғы қыр­күйектен қазанға дейінгі 1 айдың өзінде 20 миллион кибершабуылды тойтарғандарын айтты. «Киберқалқан» кешенінің қорғау құралдарымен кибершабуылдарды той­тару бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде екен.
«Бүгінде қатерлерді барынша азайту үшін барлық желілік трафикті нақты уақыт режимінде талдау бойынша жұмыстар жүргізіліп, әрбір пакет тексеріліп жатыр. Киберқалқан зиянды трафик пен зиянды бағдарламалық қамтылымдарды сүзгіден өткізіп, ішкі және сыртқы периметрдің шабуылдарына тойтарыс беруде. Бір ай­дың ішінде ғана шамамен 20 млн кибер­шабуыл тойтарылды», – дейді Мемлекет техникалық қызметтің баспасөз хатшысы Әсел Әбіқаева.
Ал енді көпшілікті кибершабуылдар не мақсатта ұйымдастырылып отырғаны қы­зықтыратыны анық. Аталған ұжым ша­буыл­дардың үдеуін Қазақстанда бастау ал­ған сайлау кезеңімен байланыстырыпты. Мұндай шабуылдардың негізгі мақса­ты – Қазнет инфрақұрылымының жұмы­сын жаппай бұзу. Демек, түрлі кибер­ша­буылдар арқылы сыртқы күштер Қазнетті бұзып, жұрт­ты жаппай арандатушылыққа ілестір­гісі келеді. Негізі бұл мәселе осыған дейін биік мінберлерден ішінара айтылған болатын.
«Белгілі сыртқы күштер осылайша біздің елімізде тәртіпсіздік туғызуға ниетті. Олар Қазақстандағы оң өзгерістерге кедергі жасамақшы. Алайда біз таңдаған бағытымыздан таймаймыз», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қызмет DDoS-шабуылдар үшін бар­лық әлем бойынша бөлініп орналасты­рылуы мүмкін зақымдалған компьютерлер мен IoT-құрылғылардың ботнеттер деп аталатын желілері пайдаланылғанын атап өтті. Дегенмен қазіргі уақытта «Кибер­қал­қан» күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сайып келгенде, мұ­ның бәрі елдегі интернет сапасының бел­гілі бір деңгейде нашарлауына соқтырған. Түйіндей келе айтарымыз, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің Мемле­кеттік қызмет деректеріне сүйенген мәлім­демесін жоққа шығара алмаймыз. Бей­ресми ашық ақпарат көздерінде де осын­дай деректер бар, жиі айтылып жүр. Сон­дықтан бұл жұмыстардың алдағы уа­қытта да жалғаса беретін сыңайын бай­қадық. Дегенмен салаға жауапты ве­домство сонда да мойнына артқан жүктен айнымауы тиіс. Бұл проблеманы есепке алмағанның өзінде, интернет трафиктерін санкцияға ілінбеген елдерден алу, интернет бағандарын құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Министрлік бұл жайттарды әлі де болса бір ізге түсірмегенін елеусіз қал­дыруға болмайды.