Қазақ астығының тынысы неге тарылды?
Қазақ астығының тынысы неге тарылды?
1,034
оқылды
Ресей Қазақстанның астығын Орталық Азиядан ысырып шығаруға дайын. Таш­кент­тегі астық форумында РФ өкілі жа­рия­лаған бұл суыт мәлімдеме отандық аг­­­раршылар арасында үлкен резонанс ту­дырды. Олар осы процестің басталып кет­кенін айтып, дабыл қақты. Өйткені қа­зақ бидайының орталықазиялық нарық­тан бас­қа ірі нарығы қалмаған: басқасын ке­зін­де сол солтүстік көрші тартып алды. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы қалай да­мымақ? Жаңа астықтың бір бөлігі қазір да­лада, тұйықтарда дағдарған ашық ва­гон­дарда, жаңбыр астында қалған көрі­неді. Ел нанды да шетелден таси ма? Өзбекстан астанасында өткен Caspian&Central Asia Grain Forum жиынында РФ Астық экспорт­тау­шылары одағының басшысы Эдуард Зернин қазіргі кезде Өзбекстан мен Тәжікстан бидайдың 90%-ын Қа­зақстаннан импорттап отырғанын, бірақ Ресей бұл на­рықты белсенді түрде игеріп, Қа­зақстанды ығысты­руға ниетті еке­нін жеткізді. Ол Ре­сейдің осы ай­мақтағы импорттау­шыларды қы­зықтыра алар «бәсекелі ұсыныстар» қалыптастыруға әзір екенін мәлім етті. Одақ басшысы Ресейдің орта­лықазиялық нарықты екі факторға байланысты аса перспективті са­най­тынын жеткізді. Біріншіден, аймақ­тың барлық дерлік елінде халық саны тез өсуде. Екіншіден, климат­тық өзгерістер салдарынан құрғақ­шылық күшейіп, егін ша­руашылығы үшін қолайсыз ахуал туындай бас­тады. Өңірде шөл басу үрдістері ушық­ты, құм астында қалған, тұзы бе­тіне шыққан сортаң жерлер қап­тап, олар егіс салуға жа­рамай қалып жатыр. Ал өзен-көл­дерге бай Ресейге қуаңшылық көп қауіп төндірмейді деп есептеледі. Яғни, РФ болашақта Орталық Азияны астықпен жалғыз өзі қам­туға құмартты. Мысалы, қазақ астығын ресей­лікпен алмастыруды жоспарлап отырған Тәжікстан бидай импортын 2021 жылғы 1,1 млн тоннадан 2024 жылы 1,4 млн тоннаға ұлғайтады. Ал Өзбекстан 2022 жылғы қаңтар-мамырда бидай мен ұн импортын былтырғыға қарағанда бірден 30%-ға арттырды. Әзірге мұның бәрін Қазақстан қамтамасыз етіп, табысын ұлғайта алды. Дегенмен Ташкенттегі фо­румда Қазақстанның өзі болашақта шетелдік импортқа тәуелді болып қалуы мүмкін деген жорамалдар айтылды. «Су тапшылығының өр­шуі және қазақстандық бидай шы­ғымдылығының 2030 жылға қарай 40%-ға құлдырауы салдарынан Қазақстанның экспорттық мүм­кіндіктері шектеледі, тіпті бұл ел бидайды шетелден таси бастауға мәжбүр болуы мүмкін. Онда Қа­зақстан жылына 8 миллион тоннаға дейін ғана бидай өндіре алады. Ал бұл республика халқының ішкі тұ­тынысын өтеуге де жетпейді» де­лінген форумнан тараған ақпаратта. Еліміз қазіргі кезде жылына шамамен 6 миллион тонна бидай тұ­тынады. 2030 жылға қарай ішкі сұ­раныс он миллионнан асып кетуі ықтимал. Бірақ отандық аграр­шылар дәл қазір сондай қауіпті сце­нарийдің жүзеге асуына негіз аз дейді. Жуырда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ел экономи­касының жаңа қозғаушы күшіне айналатынын хабарлады. Соның ішінде алдағы үш жыл, яғни 2023-2025 жылдар «Ауылдық аймақтарды барынша дамыту жылдары» болады. Оның аясында игерілмей, арамшөп, зиянкестер басып, бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қар­қын­мен жалғасады. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырым­дамасы қабылданады.
«Суармалы егіншілікті дамыту басты бағытқа айналып, оның жалпы көлемі 2 есе артады. Су – ең қымбат қазына. Су үнемдейтін тех­нологияға айрықша көңіл бөлінеді. Біз ұзындығы 3,5 мың шақырым суармалы каналдарды қайта жаң­ғыртамыз. 25 бөген салынады. 16 су қоймасын күрделі жөндеуден өт­кіземіз», – деді ел Президенті.
Ендеше Тәшкенттегі форумда айтылған үрейлі болжамдар орта­лықазиялық елдерді қазақ асты­ғынан теріс айналту үшін жасалған «дезинформация», бақталастық қатаң тайталастағы ақпараттық шайқастың элементі болса керек. Іргедегі нарықтардың есігі жабыла ма? Ауыл шаруашылығына қатысты президенттік ғаламат бағдарлама толыққанды жүзеге асырса, онда экспорт нарығын кеңейту мәселесін шешу қажет болады. Әйтпесе, мол астық қар мен жаңбыр астында босқа шірімек. Жаһандық нарықты қадағалап отыратын АҚШ Ауыл шаруашылығы департаментінің дерегінше, Қазақстанның астық экспортының дәуірлеген кезі 2000-жылдардың басына келіпті. 2006-2007 маркетинг жылында қа­зақ бидайы Солтүстік Африка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерінің нарығына шыққан. Тіпті, Америка сауда орындары сөре­ле­рінен қазақстандық ұнды табуға бо­латын. Қазақстан бидай экспорт­таушылардың әлемдік ондығына кірді, жан басына шаққандағы ұн экспортының көлемі жөнінен №1 болды. Дүниежүзіндегі бидай экспортының 3%-ы елімізге тиесілі болды. Президент 2010 жылы астық экспорттаушылардың бестігіне ену міндетін қойды. Алайда артынша республика шетелдік нарықтарын бірінен соң бірін жоғалта бастады. Бұған бір­неше фактор ықпал етті. Ел Үкіметі тасымалды субсидиялауды доғарды, астықты алысқа тасу тиімсіз болып қалды: тасымал құны қосылып, бағасы өсіп шыға келді, бәсеке­лес­тікте ұтылды. Бұған қоса, рекордтық көлемде астыққа кенелген Ресей өз жерімен өтетін қазақ бидайының экспортын шектеді, өз бидайы та­сылып болғанша, теміржол ва­гон­дарын бермеуге тырысты. Содан Қазақстан іргесіндегі Орталық Азия және Ауғанстан нарығымен шектелді. Бидай, ұн және майлы дақылдарын негізінен соларға өткізеді. Сарапшылар бұл нарықта алдағы 2-3 жыл ішінде бидайға деген сұраныс үштен бірге ұлғаяда деп болжады. Дегенмен ел енді ол нарықтан да айырылуы ық­тимал. Украинадағы со­ғыс үшін батыстың ауыр санк­циясына душар болып, оқшауланған Ресей биылғы аста-төк астығын қайда жіберерін білмей отыр. 3 қарашадағы дерекке жүгінсек, биыл РФ рекордтық 150,97 миллион тон­на бидай жи­нады. Бұл былтырғыдан 30,18 мил­лион тоннаға артық. Са­лыстырар болсақ, Қазақстан 2022 жылы 16 миллион тоннадан астам бидайды қамбаға құя алды. қазақ астығы Солтүстік көрші осынау ылан-ойран астығын Қазақстанға, Ор­талық Азияға арзан бағамен тық­палауда. Мысалы, РФ бидайының бір тоннасы 95 теңгеден ұсынылады. Ал қазақстандық егіншілер мен трей­дерлер отандық бидайдың бір тон­насы үшін кем дегенде 120 мың теңге сұрайды. Бәрінің қымбат кредиті, қордаланған қомақты қа­рызы, өтел­меген лизингі бол­ған­дықтан, одан арзанға бере алмайтын көрінеді. Былтырғы 2020-21 маркетинг жылында Қазақстан Ауғанстанға 2,2 миллион тонна бидай экспорттады. Биыл бұл көрсеткішті арттыруды көздеген. Алайда ауған елінде билік басына тәліптердің келуі бұл үрдісті кідіртті. Алда бұл экспорт мүлдем тоқтауы мүмкін: РФ үкіметі Ауған­станға 2 млн тонна бидайды гум­а­нитарлық негізде тегін бермек. Сондай-ақ көрші қырғыздың нарығынан қазақ астығын Ресей ысырып шығарды. Қырғызстан Ұлттық статистикалық комитетінің мәліметінше, 2022 жылғы 8 айда ресейлік бидай импорты 2,3 есе артқан: егер 2021 жылғы қаңтар-тамызда РФ-дан 50,9 мың тоннасын ғана сатып алса, биыл оны 117,2 мың тоннаға жеткізді. Сонымен бірге қазақ бидайының қырғыздарға жеткізілімі 20 есеге қысқарды: был­тырғы 72,9 мыңнан 3,4 мың тоннаға азайды. Оның өзі жемазыққа жа­райтын арзан бидай болса керек. Өйткені Қазақстанның кеден ста­тистикасы бойынша биыл Қырғыз­станға бірде бір келі азық-түлік бидайы жөнелтілмеді. Жаңа нарықтарды игеруге жол ашылады Қазақстанның Астық одағының ресми өкілі әрі сарапшысы Евгений Карабанов астық экспортындағы ең осал тұсты атады, бұл көлік ин­фрақұрылымының дамымағандығы.
«Теміржолдар астық жаппай орыла бастағалы жеткізілімдердің үдемелі түрде артуын қамтамасыз ете алмады. Бидайды, ұнды, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеп, жөнелту мерзімдері бұзылуда. Салдарынан, қазақстандық жеткі­зушілер сенімді серіктес мәрте­бе­сінен айырылады. Бұл Орталық Азиядағы клиенттерімізді Ресейдің құшағына итермелейді. Біз экс­портты қалыпты жолға қоя алма­ғандықтан, дәл қыстың қарсаңында Орталық Азия мен Ауғанстандағы контрагенттеріміздің қоймалары бос қалды. Ресейлік трейдерлер оларға барып, бізден бас тартса, ұдайы, үздіксіз жеткізілімдермен қам­туға уәде береді. Серіктестеріміз біздің тасымалға қатысты проб­ле­маларымызды шешуімізді күтіп отыр. Бірақ бұл ұзаса, олардың шы­дамы таусылады да, ресейлік астық­қа көшіп алады», – деп алаңдады Е.Карабанов. Оның түсіндіруінше, отандық теміржолдағы бөгелістерге Қы­тай­дан Еуропаға қарай жүк транзитінің еселеп артуы себеп: «Қазақстандық жүктерге қарағанда, транзиттік тариф теміржолшыларға екі есе көп пайда табуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қытай аттандырған контейнерлер Қазақстан аумағы арқылы тәулігіне 1000 шақырым жылдамдықпен жүйткіп өтеді. Ұш­қыр жылдамдыққа қол жеткізу үшін магистралды локомотивтер бірінші кезекте соларға қызмет көрсетеді. Ал біздің экспорт дағдарды, бидай жаңбырға бөгіп далада, вагондарда жатыр», – деді журналистерге Евге­ний Карабанов.
Мұны ұлттық компания ра­с­тамады: теміржолшылар локомо­тивтердің жетіспеуіне көмірдің, астықтың ел ішінде, облыстар ара­сында басымдықты түрде тасылуы ықпал етіп отырғанын алға тартты. ҚТЖ желісі арқылы қазан айын­да 1,5 млн тонна бидай мен ұн тасымалданыпты, оның 1,2 млн тоннадан астамы экспортқа бағыт алған. ҚТЖ хабарлауынша, биылғы қазанда бидайды тиеп, жөнелту көлемі 2021 жылғыдан 26% асып түскен. Соның ішінде 800 мың тонна бидай шетелдік нарыққа жол тартты, бұл былтырғы қазандағыдан 41%-ға жоғары. Ұн жөнелтілімі 32%-ға, 313 мың тоннаға дейін өсті. Соның ішінде экспортқа 247 мыңы жіберілді, бұл өткен жылғыдан 75%-ға көп. Тасымал уақытын қысқарту үшін маршруттар бекітіліп, олар бойынша жүк пойыздарының тұрақты қозғалысы ұйымдас­ты­рылыпты. Нәтижесінде, ұйымдас­қан маршруттардың орташа жыл­дамдығы тәулігіне 670 шақырымды құраған. Қазанда астық тиелген 181 пойыз аттандырылды. Оның 155-іне – бидай, қалған 26-сына ұн артылды. Жалпы, бұл жерде мемлекетке арқа сүйеп, бар мәселесін шешуді соған арта салуға отандық трей­дерлердің жаман үйреніп алғаны назар аудартады. РФ Астық экс­порттаушыларының одағы сияқты қазақстандық қаптаған салалық қауымдастықтар да шетелдік на­рықтарды игеру үшін әлемді шар­лағаны жөн. Олар да шетелдік им­порттаушыларды Ресейден теріс айналта алатын дәйектемелер таба алады. Мысалы, ондай контрагент­тер қайталама санкцияға ұшырауы ықтимал. USDA сарапшыларының баға­лауынша, 2022-23 маркетинг жы­лында Өзбекстан 8,7 млн тонна би­дай тұтынбақ. Оның 3,5 млн тон­насын импорттауды жоспар­лады. «Уздонмахсулот» басқарма бастығы Шероли Донаев өз елінде қазақ бидайына деген сұраныс тек арта беретінін жеткізді: ол бидайды өзбектер тартып, ұн түрінде өзге елдерге экспорттайды. Ш.Донаев 10-11 қарашада Астанада өтетін астық конференциясына қатысуға келеді. Сонда қазақстандық астық сатушыларға өзбек нарығына қалай шығуға болатынын түсіндіріп, презентация жасайтын болды. Мұның сыртында вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жариялаған жаңалық та үміт отын жақты: Қа­зақстан Иранда бидай терминалын салуға ниетті. Иран Бандар-Аббас пор­тында 15 гектар жер бөлуге дайын екен. Жоба жүзеге асса, қазақ елі Каспий арқылы өз астығымен Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия, Шығыс Африка елдеріне шыға алады. Демек, Қазақстан үшін Ресейдің аймаққа экспансиясына тойтарыс беріп қана қоймай, болашақта нарықтарды ары қарай кеңейту мүмкіндіктері бар.