Мал азығы мол ма?
Мал азығы мол ма?
© коллаж: Елдар Қаба
1,212
оқылды
Соңғы жылдары қуаңшылық­тан көз ашпаған Сыр өңіріндегі шаруалардың жағдайы мәз емес. Биыл да қысқы азығын қамдауға кіріскен мал шаруашылығында мәселе шаш етектен. Соның ішін­де төрт түліктің қысқы жемшөбі малшылардың бас ауруына айна­лып тұр. Қызылордалық шаруалардың шаруасы ілгері баспай, биыл да жемшөптен тап­шылық көретін түрі бар. Ала жаздай көк­тен бір тамшы жауын тамбады. Дария да күн санап тартылып барады. Соның салдарынан төрт түлік мал көкке жарымай, қоң жинай алмады. Азығы жоқ малдың өсім саны да кеміп кеткен. Бұл бірінші кезекте, шаруашылықтардың шаруасын кеңейтуіне салқынын тигізіп отыр. Биыл мал азығына мемлекет тарапы­нан субсидия да берілмеді. Жыл сайын берілетін қаржылай көмекке бұл жылы облыс бюджетінің әлеуеті жетпей тұрса керек. Жергілікті әкімдік тарапынан осын­дай мәлімдеме жасалған болатын. Ал шаруалар оған келіспейді. Төрт түлігін түлетіп отырған малшы қауымына мем­лекет тарапынан берілетін субсидияның көмегі аз емес. Енді бәрі қыстан қысылмай шығатын жол іздеп, бас қатырып отыр. Соның бірі – Арал ауданына қарасты Бекбауыл ауылдық округіндегі «Береке» шаруа қожалығының да жемшөптен тап­шылық көретін түрі бар. Бұл тұрғыда қазақ­­тың 200 бастан астам асылтұқымды ақ бас сиырын өсіретін шаруашылықта мәселе шаш етектен.
«Жалпы биылғы қысқа шаруалар мүмкіндігінше қамданып жатыр. Әркім шама-шарқы келгенше шөбін орып, енді бірі ақшасына сатып алуда. Алайда биыл жерде көк аз болды. Дарияда да су жоқ. Соның салдарынан мал азығының тап­шылығы сезіліп отыр. Негізінен малға қыс мезгілінде кебек жем де береміз. Ал жем­нің бағасы аспандап кеткен. Оның өзі Қос­танай мен Қарағанды облысынан жет­кізіледі. Бұл да шаруаларға оңайға соқпай тұр. Негізінен Арал өңірінің төрт түлігі қамыспен қоректенеді. Биылғы өскен қамыстың құлағы жоқ. Яғни, құнары аз. Соның салдарынан малдың қоң жинауы қиындық туғызуда. Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін субсидияға биылғы жылы қол жеткізе алмай отырмыз. Өткен жылы алмаған шаруалардың өзіне енді беріліп жатыр. Оның үстіне селекцияның субсидия көле­мін де төмендетіп жіберген. Бұл аздай Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапы­нан жаңа жоба енгізіліп, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға берілетін көмекті де алып тастайтыны айтылып жүр. Негізінен қырда көк жақсы шық­қаны­мен, сырда қуаңшылық әлі де бай­қалады. Оған су тапшылығы себеп болып отыр. Кіші Арал теңізінің арнасы да тартылып барады. Осындай келеңсіздіктер төрт түлікті түлетіп отырған шаруаларға оңайға соғып тұрған жоқ», – дейді шаруа­шылық төрағасы Күнтуар Жайназаров.
Әсіресе, биыл Сырдария суының өз деңгейінен әлдеқайда төмен болуынан жайылымның күйі кетіп, көкке жарымаған малдың жағдайы мәз болмай тұр. Ала жаздай қоң жинамаған малдың қытымыр қыстың ызғарына шыдас беруі қиындай түсетіні белгілі. Соның ішінде облысқа қарасты солтүстік аудандардағы ахуал мүшкіл тартып тұрғаны байқалады. Ал облыстың іргесіндегі аудандардың шаруалары болса, биылғы субсидия беріл­меуі салдарынан жемшөптің қымбат­тығы шымбайға батып тұрғанын алға тартып отыр.
«Биыл малшылар қауымын субсидия мәселесі тығырыққа тіреп тұр. Жылда бе­рі­летін көмектен биыл қағылып отырмыз. Соның салдарынан көптеген шаруа қысқа дайындық қамын жасай алмай отырғаны ащы да болса шындық. Бүгінде әр шаруа өз бетінше қыстың қамын күйттеп жүр. Өзім шаруа­шылы­ғым­да асылтұқымды Еділбай қойын өсіріп отырмын. Енді осы қойларды қыс­тан қысылмай, аман-есен алып шығуға жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Жалағаш ауданы, Аққыр ауылын­дағы «Туған жер» шаруа қожалығының төрағасы Әуезхан Есбергенов.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы қыс мезгіліне барлығы 645,4 мың бас шартты мал басы есепке алынған. Осы мал басына барлығы 900,9 мың тонна шөп, 5 мың тонна сүрлем, 123,6 мың тонна күріш са­ба­ны мен 143,6 мың тонна жем дайын­далған.
«Өткен жолы осы мәселе төңірегінде шаруалармен кездесу өтті. Сол кезде бұл жайында кеңінен түсіндірілді. Негізінен биылғы облыстық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты жемшөпке субсидия беріл­мей отыр. Жалпы айтқанда, былтырғы қуаңшылық кезінде Үкіметтің резервінен 1 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлініп, шаруа­ларға берілгені белгілі. Биылға облыс қазынасы қауқарсыздық танытып отыр. Дегенмен де қазіргі уақыт­та оңтай­ландыру жолдарын қарастырып жатыр­мыз. Қаншалықты, қай нормативте төле­нуі қажеттігін нақтылау жұмыстары жүр­­гізілуде. Оның нақты шешімі қалай болатынын дөп басып айту қиын. Қолдан келгенше қолдау көрсетуге ниеттіміз», – деп түсіндірді бұл жөнінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруа­шылығын дамыту бөлімінің басшы­сы Дәулет Әбдірасулов.
Қалай дегенде де биыл жыл сайын берілетін субсидиядан қағылып отырған малшы қауымының бүгінгі жағдайы қиындап тұр. Қыстың қамымен шырыл­даған шаруалардың әлі де мемлекет тара­пынан қолдау болса деген үміті басым.

Қызылорда облысы