Батыс Қазақстан өңірі – өндірістік жағынан да, ауыл шаруашылығы жағынан да индустриялық-аграрлық әлеуеті зор аймақ. Мұнда мұнай өңдеу, машина жасау, кеме жасау салалары, құрылыс индустриясы және азық-түлік өндірісі жылдан жылға тұрақты дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ақпан айында Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Жоспардағы іс-шараларды қаржыландыру 2,6 трлн теңгені құрайды.
Негізгі міндет – өңірді дамыту
Өңірді дамытуға бөлінген қаражат бірқатар маңызды жобаны іске асыруға, жаңа өнімдер шығаруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Өңір басшылығы осы жобаларды уақытылы әрі сапалы іске асыруды алдағы уақыттағы негізгі міндеті етіп қойып отыр. Мәселен, 2022 жылға арналған республикалық бюджетте Батыс Қазақстан облысына 103,4 млрд теңге сомасында шығын қарастырылған екен. Бюджетті нақтылау барысында тағы да 32,2 млрд теңге бөлінген. Бұл шығыстар өңірдің инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қажеттіліктеріне: автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялауға, сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға, мүгедектерді оңалту орталығын салуға, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға, индустриялық аймақтың құрылысына, электрмен және газбен жабдықтауға, өзен жағалауын бекіту жұмыстары мен тасқын судан қорғауға, білім беру нысандарын жөндеуге жұмсалатын болады. Бұған қоса, бюджетті нақтылау кезінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, өңірлік еңбек нарығын дамытуға және «Ауыл – ел бесігі» жобасына қаражат бөлінді.
Осы ретте облыс басшылығы үшін бірінші кезектегі міндеттердің бірі – қымбатшылықпен күрес болып отыр. Облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 14%-ға өскен. Жергілікті әкімдік баға үстемесіне бақылауды күшейткен. Бұл мақсатта оңтүстік өңірлерден және Орталық Азиядағы көршілес елдерден ерте пісетін көкөністерді әкелу үшін тікелей шарттарға отыру жұмыстары жүруде. Тапшылықты және бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін форвардтық схема бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесі де ұдайы назарда.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру үшін биыл өңірде машина жасау, металлургия, мұнай өңдеу, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі салаларында жалпы құны 243,8 млрд теңгені құрайтын 37 жобаны іске қосу жоспарланған.
«Бұл жоба 2015 жылғы Париж келісімі бойынша көміртегі бөліндісінің көлемін азайту міндеттерін орындауға сеп болады. Сондай-ақ Қазақстанның аммиак-сутекті жаңа өнеркәсіптік секторын нығайтады. Инвестиция көлемі – 1,4 триллион теңге (3 млрд доллар). Жоба аясында «КПО б.в.» компаниясынан алынатын газды өңдеу жолымен аммиак және электр қуаты өндіріледі. Аммиак өндірісі жылына 2-2,5 млн тоннаны, электр қуаты 250-500 МВт құрайды. Кешен құрылысы барысында 1 500, кейін 2027 жылы кешен іске қосылғанда 2 700 адам еңбек ететін болады. Жоба жаңа аммиак-сутегі өнеркәсіптік кластерін дамытуға, ел экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді», – деді ол.Жалпы, облыста «Бизнестің жол картасы–2025» бойынша былтыр 3 жаңа жобаны іске асыруға және 2 нысанды жалғастыруға бюджеттен 2,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Газдандыру – 98% БҚО-да елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудағы басым бағыттардың бірі – көгілдір отын мәселесі соңғы 15 жылда күн тәртібінде тұрақты қарастырылып келеді. Ақ Жайық өңірінде табиғи газбен жабдықтау негізінен төрт магистралды құбыры арқылы жүзеге асады. Олар – «Орталық Азия – Орталық», «Орынбор – Новопсков», «Қарашығанақ – Орал», «АГРС Жымпиты-Қаратөбе» желілері. Мәселен, таяуда, Республика күні қарсаңында Қазталов ауданында 16 ауылға газ тартылған екен. Енді осылайша, 29 мыңнан астам тұрғын тұратын Қазталовта барлығы 48 ауыл болса, соның 32-сі газбен қамтылып отыр. Газ құбырын тартқан «Әлия Сервис» ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған «ГазГид» ЖШС. Былтыр облыста ауылдық елді мекендерді газдандыруға бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген екен. Бұл сомаға 5,8 мың адамнан астам халқы бар 37 ауылдық елді мекенді газдандыру бойынша 16 нысанның құрылысы жүргізілді. Олар – Бәйтерек ауданы бойынша 9 АЕМ, Жаңақала ауданы бойынша 4 АЕМ, Қазталов ауданы бойынша 20 АЕМ және Теректі ауданы бойынша 4 АЕМ. Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқының табиғи газбен қамтамасыз етілуі 98,4%-ды немесе 308,6 мың адамды құрады. Ал бұл ретте облыс халқының табиғи газбен қамтамасыз етілуі 99,2%, яки 659,5 мың адам екенін атай кеткен абзал. Биыл өтпелі нысандардың құрылысын аяқтау жоспарлануда.