Мектеп құрылысы қайта жанданды
Мектеп құрылысы қайта жанданды
596
оқылды
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша мемлекет иелігіне түскен қаражатқа мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. Ақтөбе облысы Президенттің аталмыш тапсырмасын орындауға кірісті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы­ның қорытындысы бойынша биыл жем­қор­лық қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар 197 млн теңге көлемінде келтірілген залалды өтеді. Жер қатынастары саласында әшкере болған екі қылмыстық іс бойынша ел игі­лі­гіне қайтарылған қаражатты жергілікті әкім­дік Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтауға пайдалану туралы шешім қабылдады. Құмжарған ауылында мектеп 2019 жыл­дың қаңтар айында ашылып, 1974 жылы салынған ескі мектепте оқыған 54 отбасынан шыққан балалардың мәселесін шешу жоспарланған болатын. Алайда мердігер компания жеке міндетін орындамауына және немқұрайлылық танытуына байла­нысты мектеп жұмысы іске қосылмаған. Қазір нысанға жаңа мердігер тартылып, оны аяқтау үшін 150 миллион теңге бөлінеді. Мектеп құрылысын осы жылдың со­ңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы, сондай-ақ апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін шешу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Құм­жарған ауылында басталған жаңа мектеп құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Тәркіленген қаражатты аталған нысан құ­ры­лысын аяқтау мақсатында жұмсау туралы шешім қабылданды», – деді Ақтөбе облы­сының әкімі Ералы Тоғжанов құқық­бұзу­шылықтың алдын алу және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ве­домствоаралық комиссияның отырысында.
Облыс әкімі Президенттің бұқаралық және балалар спортын насихаттау міндетін қойғанын еске салды. Мемлекет игілігіне түс­кен ақшалай қаражаттың бір бөлігі Ақ­төбе қаласының аумағында еліміздегі ең ірі workout алаңдарының бірін салу үшін пай­да­ланылатын болады. Бұл балалардың бұ­қаралық спортының дамуына серпін береді. Отырыс барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері де талқыланды. 2022 жылдың 10 айында облыс аумағында 324 есірткі қылмысы тіркеліп, екі есірткі зерт­­ханасы анықталды, 91 келіден астам есірт­­кі құралдары тәркіленген. Қазіргі өзек­ті мә­се­лелердің бірі – синтетикалық есірт­кілердің таралуы. Олар барлық әлеуметтік желіде және мессенджерде ашықтан-ашық сатылып жатыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары интернет ресурстарды тұ­рақты мониторингілеу үшін арнайы топ құр­ды. 57 сайт пен телеграм арналар бұғат­тау­ға жі­бе­ріл­ді. Облыс әкімі нашақорлықпен кү­ресте қо­ғамның қолдауы аса қажет екенін алға тартты.
«Бұл мәселе әрқайсымызға әсер етуі мүмкін. Қоғамның әрбір мүшесі осы тақы­рыпта туыстарымен әңгімелесіп, әсіресе ба­лалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттауға тиіс. Жергілікті атқарушы органдарға на­шақорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұ­мысты күшейтуді, оны құқық қорғау орган­дарымен, қоғамдық бірлестіктермен бір­ле­сіп, тұрақты түрде жүргізуді тапсырамын», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өңір басшысы есірткіге қарсы күрес органдарын материалдық және техникалық қолдау мәселелері қосымша қаралатынын айтып өтті. Сонымен қатар ойын-сауық орын­­дарында құқықтық тәртіпті қамта­масыз ету мақсатында қаланың түнгі клуб­тарының барлық бейнекамераларын по­лиция депар­таментінің жедел басқару ор­талығына шы­ғару және мұндай объектілерді тек ли­цен­зияланған күзет субъектілерімен қорғауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.