«Адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ». Бұл – 18 жастағы параспортшы Ақмөлдір Тілеуқұлованың өмірлік ұстанымы. Қолындағы туабітті ақауға қарамастан, үстел теннисімен тұрақты шұғылданып, талай жеңістерді еншілеп жүрген Ақмөлдір жақында ұзақ уақыт бойы армандап келген бионикалық протезге қол жеткізді. Ерік-жігерімен, өмірге деген құштарлығымен көпшілікті еріксіз сүйсіндіріп жүрген Ақмөлдірмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ақмөлдір, әйгілі Ник Вуйчич «Өмірде шектеу жоқ» деп кітап жазған еді. Меніңше, осы сөздің дәлелдерінің бірі өзіңіз. Жалпы, шектеу дегенді қалай түсінесіз?
– Менің ойымша, өмірге келген әр адам – жеңімпаз. Өйткені адамдарға жарық дүниенің есігін ашу, өмір сүру бақыты бұйырды. Өз басым, адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ дегенге сенемін. Қандай қиын жағдай болса да, қиындықтарды жеңіп, мақсатқа жетуге тырысамын. Ойланып қарасақ, шектеу біздің миымызда ғана. Өзіңіз ойлап көріңізші, бұрын фантастика болып көрінген ұялы телефондар, түрлі функцияларды орындайтын роботтар – бәрі адам ойының, еңбегінің нәтижесі емес пе? Демек, біздің міндетіміз – өзімізді шектеулерден арылту. Ол үшін адам алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында күн сайын еңбектенуі керек деп ойлаймын. Бұл – менің өмірлік «формулам».
– Бойыңыздағы ерекшелігіңізді қалай қабылдадыңыз? Адам өзін-өзі қабылдап, алға қарай жүруі үшін қандай қасиет керек?
– Мен отбасыма, бауырларыма ризамын. Әсіресе, анамның маған берген күш-жігері өмірден өз орнымды тауып, алға қарай ұмтылуыма себеп болды. Сондықтан адам жығылған кезде де, қуанған кезде де оның жанында отбасы болуы керек. Отбасындағы қамқорлық, демеу, жылы сөздер көп нәрсеге ықпал етеді.
– Спортқа қалай келдіңіз? Қандай жағдай спортқа келуіңізге түрткі болды?
– Менің спортқа келуімнің өзі қызық болды. Сыныптастарым, достарым менің қолыма аса бір назар аудармайтын. Бірақ бала кезімде өте ұялшақ болдым. Ойымды ашық айта алмайтынмын. Адамдармен сөйлесуге жасқанатынмын. Сөйтіп жүргенімде анам мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамына апарды. Ол жерде өзім сияқты көптеген адамды көрдім. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамы адамдарды алға жетелейтін қуатты күші бар ерекше алаң болып көрінді. Ол жерден өзіме сенуді, алға ұмтылуды үйрендім. Бала кезімнен үстел теннисіне қызығатынмын. Сол қоғамда жүріп, спортпен шұғылданамын деп шешім қабылдадым. Осылайша, он екі жылдан бері теннис саласында келемін.
– Спортқа күнделікті қанша уақытыңызды жұмсайсыз? Спорт саласындағы жетістіктеріңіз, қатысқан жарыстар, жеңістер туралы айтып өтсеңіз.
– Спортшы үшін күнделікті жаттығу маңызды. Мен жаттығуларға күнделікті 3-4 сағатымды жұмсаймын. Осы уақытқа дейін бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарысқа қатыстым. Соның ішінде, 2021 жылдың мамыр айында үстел теннисінен Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіп алған қола медалімнің орны ерекше. Атырау облыстық парақұрамаға қабылданғандықтан, үнемі жарыстарға шығып отырамын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгідей жетістікке жеткізген бапкерлерім Амангелді Мыңжасаровқа, Қайрат Еңсеповке, Гүлнар Әбілқайыроваға алғыс айтқым келеді.