Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдардың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымдық салаларды жаңғыртуға барынша назар аударылып келеді. Жобаға сәйкес 2019-2021 жылдар ішінде ғана шамамен 100 мыңнан астам халық тұратын 35 ауылдың тіршілігіне қан жүгірген. Бюджет қоржынынан 18,7 миллиард теңге сомасында қаржы бөлініп, аталған ауылдарда 144 нақты жобалар жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы 26 және 8 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанына жөндеу жүргізіліп, 208 шақырымдық ішкі жолдар жөнделген. Бұдан бөлек 34 шақырымдық су тарту желілері, 19 километр жылу жүйелері түзеліп, жылу қазандығы мен екі дене-шынықтыру-сауықтыру кешендері салынған. Бұл ауылдағы екі қолға бір күрек таппаған қаншама халықты жұмыспен қамтуға мұрындық болыпты.
«Аталған жобаларды жүзеге асыру кезінде 1 133 адам уақытша жұмысқа тұрып, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 48 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биылғы жоба шеңберінде бағдарламамен тағы 9 миллиард теңге қаржы бөлініп, 72 шара жүзеге асырылатын болды. Жоба аясында 58 ауылдың 125 мыңға тарта халқы қамтылатын болды», – дейді Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев.[caption id="attachment_226093" align="aligncenter" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Ведомство ұсынған деректерге сенсек, қаржы облыстың 17 ауылындағы спорттық ойын алаңдарын орнатуға, 31 ауылдың жалпы ұзындығы 155 шақырымдық ішкі жолдарын жөндеуге Егіндікөл және Астрахан ауданындағы Колутон мектептеріне күрделі жөндеу жүргізуге, сондай-ақ Жақсы ауданының Жаңақима, Аршалы ауданының Түрген, Ерейментау ауданының Новомарковка, Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылдарында мәдениет нысандарын жөндеуге, Бұланды ауданының Никольское және Қараөзек, Зеренді ауданының Алексеев және Есіл ауданының Заречное ауылдарын сумен қамтуға бағытталыпты.Мұнымен қоса, бағдарлама шеңберінде Целиноград ауданының Қоянды және Қаражар ауылдарын электр желілерімен қамту, Жаңақима ауылына жаңадан көше жарығын орнату, Жақсы ауданы орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенін ашу және Атбасар ауданы Новосельское селосында фельдшерлік-акушерлік пункт ашу қарастырылыпты.
«Бүгінде жоспарланған 72 жобаның 38-і толықтай аяқталды. Екі жылдық жобалардың тоғызы келесі жылға қалып отыр. Қазір 25 жоба жүзеге асырылу үстінде. Аталған жобалар орындалғаннан кейін 71 жаңа жұмыс орындары пайда болмақ», – деп толықтырды Қанат Дүзелбаев.«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасындағы оң өзгерістер қаржылық жағынан да байқалып отыр. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда, бағдарлама шеңберінде бөлінген қаражат үш есеге ұлғайып, 9 миллиард теңгеге жеткен. Ал қаржыландырылатын жобалар саны 2,5 есе өсіп, 29 жоба 72 жобаға дейін көбейген. Бұл өз кезегінде ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігінің одан сайын гүлденіп, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай туғызбақ.
Ақмола облысы