«Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, бірақ оны шешу оңай емес, бірінші кезекте меншік құқығына байланысты. Жерге меншік құқығы актілері жасалып, әлдеқашан беріліп қойған. Екіншіден, нысанды өзге жерге жылжыту үшін дайын орын болуы керек. Сонымен қатар орнына иесіне бірдеңе ұсыну керек. Дегенмен бұл ештеңе істеу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Біз қалай болғанда да аталған мәселені шешеміз», – деді Алматы әкімі.Осы жауаптан кейін, аталған мәселе ары қарай қалай өрбіп жатқанын білмек болып Досаев басқаратын әкімдікке бірнеше сауал жолдағанбыз. Ондағы ойымыз – әкімнің «біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз» деген сөзі іс жүзінде не болып жатқанын білгіміз келген. Алайда әкімдіктің жауапты басқармасынан әкім сөзіне мүлде кереғар жауап алдық.
«Алматыдағы базарларды қала сыртына көшіру мәселесі жоспарда жоқ. Бүгінде әкімдік базарларды заманауи форматқа көшіру жұмыстарын жүргізуде. Дәстүрлі базарлардың орнына заманауи сауда орталықтары ашылады. Бұл шешім сауданы жақсартып, антисанитарлық жағдайды және апат алдында тұрған базарларды жояды. Сонымен бірге базар жұмысшылары да жұмыс берушілерден жалақы мен қажетті әлеуметтік аударымдарды ала алады, сауда қызметінен қала бюджетіне түсетін салық аударымдары ашық болады», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілдері.Заманауи орталықтар мәселені шешкен жоқ Осы орайда айта кетер тағы бір мәселе бар. Жоғарыдағы басқарма берген жауапқа сүйенсек, алдағы уақытта базарларды көшіру жоспарланбағанымен, орнына заманауи сауда орталықтары ашылатын көрінеді. Солай-ақ болсын дейік. Дегенмен бұл дәстүрлі базарлардан келіп тұрған түрлі келеңсіздіктерді біржола жоя ала ма? Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек, неғайбыл сияқты көрінеді. Мысал ретінде көпшілік аузында «Барахолка» аталып кеткен бір кездегі ірі базар орнын айтуға болады. Осы базардың неше мәрте өрт пен апаттан аман қалған орнында заманауи сауда орталықтары бой көтерген еді. Мақсат – аталған базар маңындағы жабайы сауда орындарын жою, сонымен қатар ығы-жығы болып жататын қозғалысты ретке келтіру болатын. Бірақ бұл әрекет мәселені шешіп бере алмады. Біріншіден, «Барахолка» басқаша өзгергенімен, сол көшенің бойынан сәл төменірек дәл соның көшірмесіндей базарлар бой көтерді. Бұл күнде, «Кенжехан» деп аталатын базар маңындағы тіршілік тура бұрынғы «Барахолканың» тұсындағыдай қыж-қыж қайнауда. Қала белсенділерінің айтуынша, шаһар тынысын ашамыз деп жасалған әрекет өз міндетін атқара алмаған.
«Барахолканың маңайын ретке келтіріп жатқанда қуанғанымыз рас. Заманауи, жайлы, жылы, жабық сауда орындары салынды. Нәтижесінде, осы маңда сағаттап тұратын кептеліс, басқа да санитарлық талаптардың сақталмауы сияқты келеңсіз мәселелер айтарлықтай ретке келді. Дегенмен екі аялдама төмен орналасқан аймақтан осындай базарлардың қайта бой көтерді. Былайша айтқанда, мына жердегі мәселені бір шақырым жерге ауыстырумен ғана шектелген сияқты көрінді», – дейді қала белсендісі Ғабиден Жәкей.Айтпақшы, қала сыртына көшуі тиіс деген тізімге кірген 56 базардың ішінде осы «Кенжехан» базары да бар. Саудагерлердің қарсылығына тап болды Мақаламыздың басында атап кеткендей, қала басшысы тұрғынға берген жауабында «базарлар тұрған жерге меншік құқығы актілері жасалып, әлдеқашан беріліп қойғанын, сауда орындарын жылжыту үшін дайын орын болуы және оның орнына иесіне бірдеңе ұсыну керектігін» алға тартқан болатын. Негізгі қиындық та сол сияқты. Алайда қала ішінде мемлекет меншігіндегі базарлар да бар. Солардың бірі ретінде жақында ғана сот шешімімен 100 пайыз қала балансына өткен «Барыс-4» көтерме сауда базарын айтуға болады. Аталған базар 2013 жылғы желтоқсанда «Найза-БН» компаниясына нарықтағыдан бес есе төмен бағаға сатылып кеткен. Нысанның нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, ол бар болғаны 307 миллион теңгеге сатылған. Осы және өзге де заңсыздықты алға тартқан қалалық прокуратура сотқа 2013 жылы жасалған сату, сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түсірген. Нәтижесінде, қалалық Экономикалық сот «Барыс-4»-ті бастапқы иесі болып табылатын әкімдікке қайтаруға қаулы шығарды. [caption id="attachment_226109" align="aligncenter" width="1467"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Бұл нысан қаланың қақ ортасында тұр. Осы базар мен қарама-қарсы орналасқан жұрт аузында «Оптовка» аталып кеткен «Жұлдыз» сауда орны Розыбакиев көшесіндегі өмірі бітпейтін кептелістің негізгі себепкері болып отыр. Осы жерде басқа базарды көшіруге жоғарыдағыдай құлаққа кіретін себептері бар екен. Ал мына базарларды неге әй-шайға қарамай көшіріп тастамасқа деген заңды сауал туындайды. Әлде біздің сауалға жауап берген қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының жауабында айтылғандай, базарларды қала ішінен аулақтату мүлдем жоспарда жоқ па екен? Одан бөлек, «Барахолканың» бас жағында тұрған «Рахат» базарын көшіруге қатысты біраз әңгіме соңғы екі-үш жылда оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Жақында ғана қалалық әкімдік жалға алу мерзімі бітуіне байланысты сауда орнын босатуды талап еткен. Алайда құзырлы орындар сол жердегі 140 саудагердің табанды қарсылығына тап болды. Осылайша, бұл базар да әзірге қала шетіне шығарыла қойған жоқ. Жалпы алғанда, онсыз да көлік кептелісі мен тығыз орналасқан ғимараттардан тынысы тарылып келе жатқан мегаполистегі базарлардың тағдыры үлкен сұрау белгісімен қалып қойып тұр. Қалай болғанда да қаланың келбеті мен өзге де жағдайына барынша нұқсан келтіріп тұрған мұндай сауда орындары қала аумағынан алшаққа орналасуы заман талабы екені даусыз. Бұл мәселе шаһар атақамінерлерінің назарынан бір сәт те тыс қалмаса игі.
Алматы қаласы