Солтүстік Қазақстан облысында қыстыгүні жолдар тиісінше тазаланбайды. Әсіресе, аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы аса мәз емес. Былтыр кейбір ауылдар қар құрсауында қалып, бірнеше күн бойы сыртпен байланысы үзілген болатын. Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қар тазалайтын техниканың әбден тозғандығы, одан соң конкурстық рәсімдердің дұрыс өткізілмейтіні себеп. Биылғы қыс қарсаңында жергілікті атқарушы органдар мен билік өкілдері былтырғы жол тазалау жұмыстарын қорытындылап, кеткен қателіктерді болдырмау амалдарын қарастырды. «Қатемен жұмыс» барысында былтыр қар тазалаған кезде жол жиегіндегі бордюрлер қисайып, ағаштар сынып, тас төсеуішке дейін қопарылғаны, кесілген ағаш-бұталар жиналмай, шашылып қалғанына дейін айтылды. Ең сорақысы, бұл үшін ешкім жауап бермейтін болып шықты. Сол үшін жауапты мекеме басшылары облыс әкімінен сөз естіді.
«Жыл сайын қаланы көркейтуге қыруар қаржы жұмсалады. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жұмысы сын көтермейді. Қар тазалаумен айналысатын кәсіпорындар жасалған жұмысты құнттамайды. Қисайған бордюрлер – соның дәлелі. Үлкен жүк тиегіш және грейдер көліктері сияқты ауыр техника қала көшелерінде мүлдем жүрмеуі тиіс. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қанша рет ауыстырылса да, бәрібір еш нәтиже жоқ. Алдымен, тастөсем төселеді, содан кейін техника оны басып-жаншып сындырады. Кейін оны жөндеуге тағы қаржы бөлу керек. Әрі бұл үшін ешкім жауап бермейді. Барып тұрған ақымақтық!» – дей келе, облыс басшысы Петропавл қаласының әкімінен мүлікті қиратқандардың жауапкершілігін қалай реттейтінін сұрап білді.Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев олардың жұмысына апта сайын жергілікті полиция қызметімен бірлесіп мониторинг жүргізілетінін, кемшілік табылса, айыппұл салынатынын және қалпына келтіруге міндеттелетінін жеткізді. Алайда осы күнге дейін жауапкершілікке тартылған бірде-бір адам жоқ. Қала әкімі сондай-ақ қар тазалаушы техниканы бейнекамералардың немесе GPRS-тің көмегімен бақылау туралы ұсыныс жасады. Бүгінде қала көшелерінде 400 камера орнатылған. Жуырда тағы 470-і орнатылмақ. Олардың 70-і автокөліктердің жылдамдығын бақыласа, қалғандары көшедегі тәртіпті қадағалау үшін қолданылмақ. Облыс әкімі қала басшылығының көктайғақта қолданатын шараларын да сынға алды.
«Көшелерге белгісіз бір химия себіледі. Оны алдымен сынап көріп, содан кейін ғана қолдану деген жоқ. Нәтижесі мүлдем басқаша болып шығады», – деді Құмар Іргебайұлы.Өңір басшысы қай кәсіпорын қанша қар тасығанын да бақылауға алуды тапсырды. «Бәзбіреулер ауа тасып, сол үшін ақша алатын болмасын. Кім қанша қар шығарды, соған қарай ақы төленсін. Жүз пайыз бақылау жасалсын. Қар тасылатын бағыттарға және полигонға камера орнатыңыздар. Кім қанша қар тасығаны есепке алынуы тиіс», – деді облыс әкімі. Әрі күндіз тұрғындарды әбігерге салмай, қар түнгі мезгілде уақтылы тазалануын тапсырды. ТЕХНИКА ЖЕТКІЛІКСІЗ Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қыстыгүні жолдарды күтіп ұстау мақсатына 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бірақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің болжамынша, бұл қаржы жетпей қалуы ғажап емес. Себебі тариф өзгеруі мүмкін.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, жолдарды күтіп ұстауға арналған бағалар 2019 жылдан бері өзгермеген. «2023-2024 жылдарға арналған келісімшарттарда бағаларға түзетулер енгізіледі. Себебі қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, жолға төселетін материал – барлығы қымбаттауда», – деді Мақсат Баяхмет.Жауапты кәсіпорындарға тиісінше ақша төленетіндіктен, жұмыс та сапалы орындалуы керек. Алайда, өкінішке қарай, іс жүзінде жағдай керісінше. Өңір басшысы техниканың жеткіліксіздігін және 85 пайызы ғана жарамды күйде екенін сынға алды.
«Ертең қар құрсауында қалған адамдарға мұны қалай түсіндіресіз? Техникамыз сынып қалды деп айтасыз ба? Туындаған мәселе болса, оны республикалық компания басшылығымен бірлесіп шешуге әрекет жасау керек», – деді өңір басшысы.БАРЛЫҚ ЖОЛҒА ҮШ-АҚ ҰЙЫМ ЖАУАПТЫ Былтыр облыс аумағында кейбір ауылдардың тұрғындары қыстың көзі қырауда қар құрсауында қалып, әбігерге түскен болатын. Әсіресе, Тимирязев ауданындағы Ленин және Ишим ауылдары сыртпен мүлдем байланыссыз қалған еді. Биыл мұндай жағдайға жол беруге болмайтыны қадап айтылды. Облыс аумағындағы жолдардың 1 148 шақырымында тұрақты бақылауда ұсталуға тиіс 406 учаске бар. Әсіресе, Арықбалық-Чистополье, Еленовка-Арықбалық-Чистополье, Саумалкөл-Новоишимское-Червонное, Благовещенка-Қайранкөл, Покровка-Корнеевка-Горное бағытындағы жолдарды қыста қар басып қалады. Бұған кейде жол бойындағы ағаш-бұталардың тиісінше оталмағаны немесе жиналмай қалай болса, солай шашылып қалғаны, жол жиектері тазаланбағаны себеп. Жалпы облыс аумағындағы барлық жолдарды күтіп ұстау небәрі үш-ақ кәсіпорынның мойнында екен. Себебі өткізілген конкурсты солар жеңіп алған. Мәселен, «Петропавл жолдары» ЖШС жалғыз өзі 11 ауданға қызмет көрсетпек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл реттеу шаралары дұрыс емес екеніне тоқталды.
«Барлық жолдарда үш-ақ ұйымның жұмыс істеуін болдырмау керек. Қандай сапа туралы сөз қозғалуы мүмкін? Техника жеткіліксіз, жұмыс сапасыз. Соның салдарынан былтыр Тимирязев ауданы қиындық көрді», – деді Марат Иманбайұлы.Ол аз болғандай, конкурстың қорытындысы бойынша бұл кәсіпорындармен келісімшарт бақандай үш жылға жасалған. Мұның себебін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан мердігер компания дамуға, техникаға қаржы құюға құлшынатынын айтып түсіндірді. Бірақ бұл әдістеме өзін-өзі ақтамаса керек, биыл қолданылмайтын болыпты. «Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алатын» кәрі құда таяп қалды. Былтырғы жылдың қателіктерімен жұмыс кемшілік көп екенін көрсетіп отыр. «Демалысы – үскірік, аяз бен қар, басқан жері сықырлап, қыс келіп, әлек салғанға» дейін жауапты кәсіпорындар оларды жойып үлгере қояр ма екен?
Солтүстік Қазақстан облысы