Жақында Астана қаласы әкімдігі Ұлы дала даңғылында орналасқан автомобиль көпірін қолданысқа беріп, қуантқан еді. Енді елорда тұрғындары Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің үстінен жүретін күннің де ауылы алыс емес. Өйткені күні кеше құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан шаһар басшысы Алтай Көлгінов келер жылы көпірдің қолданысқа берілетінін жеткізді.
Осы күні қаладағы көлік тасқыны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде көпшілігі кеңес жүйесі жобасының негізінде салынған тар әрі қолайсыз көшелердегі көлік кептелісінің артуына себеп болып отыр. Қала әкімдігі тұрғындардың талабын ескеріп, қалыптасқан жағдайды шешуді қолға алған. Мәселен, соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын түбегейлі қайта құру мақсатындағы кешенді шаралар қабылданып, оған сәйкес елорданың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы басты назарға алынған. Соның арқасында бас қаланың бас ауруына айналған көлік трафигі ретке келіп жатқаны қуантады.
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, жыл сайын қала тұрғындарының қатары көбейіп, көлік нөпірінің артуына байланысты жол-көлік желісін дамытуға тиісті көңіл бөлініп келеді. Трафикті жеңілдету және аудандардың арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз ету үшін көпірлер мен көшелер салынып, сол сияқты жолдарды кеңейту жұмысы қарқынды түрде іске асып келеді.
«Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысының барысымен таныстым. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Бұл көпірді 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ қала басшысы осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір үстіндегі қозғалыс ашылғанын жеткізді. Көпір Мәңгілік ел даңғылына, А.Байтұрсынов,Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріне, Nova City ауданына, «Мыңжылдық» аллеясында көлік ағынын сейілтуге, «Нұрлы жол» жаңа вокзалына, Тельман және Промышленный елді мекендеріне, Метро гипермаркетіне, Жұмабаев даңғылына, Жүргенов көшесі секілді бірқатар көшелердегі кептелісті ретке келтіріп, қолжетімділікті арттырады.
Сол сияқты осы айда А62 көшесінде (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі аралық) қозғалысты ашу да жоспарланған екен. «Бұл көше Қарағанды тас жолы, «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы және қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар соңғы жылдары 400-ден астам көше жөнделді, олардың жартысы елді мекендерде орналасқан. Осыған дейін біз кешенді көлік схемасы (ККС) тұжырымдамасын бекіттік. ККС тұрғындардың жыл сайынғы өсімін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді», – дейді елорда әкімі.