Ауылдан шыққан атыраулық суретшіге әлем таңдануда
Ауылдан шыққан атыраулық суретшіге әлем таңдануда
1,461
оқылды
Алақандай ауылдағы галерея талай адам таңдай қағып айтатын керемет туындыларды топтастырып тұр. Ғаламат картиналардың авторы аудан мен облысты айтпағанда, Қазақстанға, әлемге танылған суретші Тілек Халин. Бөдене ауылында 2017 жылы ашылған галереяда қазір 70-ке жуық картина сақтаулы. Өзі де, сөзі де қарапайым қал­пынан таймайтын Тілек Халин Атырау облысының Индер ауда­ны­на қарасты Бөдене ауылында тұ­рады. Жетпіске келсе де қолы­нан қылқаламы түспеген суретші – табиғи дарыны, талантының арқа­сында ауылда отырып әлемге та­ныл­ған адам.
«Шыны керек, көп адам ауыл­дың мәдениетін қалаға қара­ғанда тө­мендеу санайды. Ауылды дамы­ма­ған, өркениеттен тыс қал­ған «арал» көреді. Шын мәнінде, ру­ха­ни күштің бәрі ауылда жатыр. «Ұлы дала» деген тіркес тегіннен ай­тылған сөз емес. Ауыл – руха­ният­тың өзегі. Бірақ ұлы даланың осынау рухын кез келген адам се­зіне бермейді. Сурет әлемінің өзін­де бірнеше түс қолданылып, бір­не­ше жанрды біріктірген карти­на­лар бейнеленіп жатады ғой. Сол сияқ­ты өмір сызылып қойған схе­маға сыймауы керек. Соның ішін­де суретшілер табиғаттан, ұлы да­ладан жылулық, шабыт алу ар­қылы, өзін дамытады деп ойлай­мын», – дейді Тілек Халин.
Табиғат, тарих, қазақтың бол­мы­сы, тарихи тұлғаларды негізгі та­қырыбы етіп алған Тілек Халин – 100-ден астам картинаның ав­торы. Оның «Хан қызының сер­уе­ні» деп аталатын әйгілі карти­насы бүгінде жеті хан жерленген қасиет­ті өңір – Сарайшық жерін­дегі музейде тұр. Қойнауына талай сырды қонақтатқан Сарайшықтың ерекше парақтарының бірі – сәні мен салтанаты жарасқан хан қы­зының бір күнін бейнелейтін сурет көрерменін «уақыт көлігіне» са­лып, өзімен бірге сонау өткен күн­дер елесіне елітіп әкеткендей бо­лады. Кейіпкерімізден ерекше энер­гетикаға ие аталған суреттің шығу тарихын сұрадық. суреттер Байқағанымыз, суретші әр кар­тинасына ізденіспен келеді. Ірі байқаулардың бас жүлдесін ие­ленген суретті салу үшін қылқалам шебері Сарайшық тарихын оқып, әбден зерттеген болып шықты. Та­рих­шылардың айтуынша, Са­рай­­­шық қаласының іргесі Ал­тын Орда тұсында, нақтырақ айт­сақ, ХІІ ғасырда қаланған. Қаланы Шыңғыс ханның немересі Бату хан салдырғаны хақында деректер бар. ХIV ғасырдың ортасында Сарайшықта кәріз желілері салы­нып, әрбір үйге су қыштан жасал­ған құбырлар арқылы жеткізіл­генін кейінгі қазба жұмыстары дәлелдеді. Міне, осындай ұлы дала өркениетінің ізі қалған Сарай­шықта аңызға айналған Секер көл болған. Хан сүйікті қызына арнап Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатқан екен. Көл­дің суын он бес-жиырма күн сайын ауыстырып тұратын болған. Суы ауыстырылған сайын көлге секер себілген екен. Ондағысы су тәтті болса, аққу көп қонатын болған. Сондықтан бұл көл та­рих­та «Секер көл» деген атпен қал­ған. Көлдің сәнін арттыру мақсатында хан қызына алтын қайық жасатып берген. Ханның қызы алтын қайы­ғына мініп, серуенге шығып тұр­ған. Бүгінде музей төрінде тұрған картинаның тууына осынау ерек­ше тарихи оқи­ға себеп болыпты. Өнердегі әріптестері «Қайта­лан­байтын этносуреткер» деп бағалаған Тілек Халиннің тарихи бағыттағы біраз картинасы бүгінде шетел асып кеткен.
«2010 жыл болатын. Бүгінде марқұм болған суретші бауырымыз Әділқайыр Жантасов «Аджип» компаниясының базасында менің көрмемді ұйымдастырды. Бір ап­таға созылған көрме кезінде онда­ған картинам шетелдерге сатылып кетті. Кейін білдім, картиналарды әрісі Германия, Италия, Жапония, берісі Түркия, Польша елдерінен келген азаматтар сатып алған екен. Шетел асқан картиналарым­ның көп бөлігі тарих тақырыбына арналған. Олардың ішінде «Абы­лай­хан туралы аңыз» деп аталатын алып картинам, табиғат ғала­мат­тарын бейне­лейтін дү­ниелерім бар», – деді Тілек Халин.
«Қайталанбайтын этно­­сурет­кер» деген баға бұл кейіпкерімізге тектен тек берілмесе керек. Олай дейтіні­міз, сурет­шінің Ма­хамбет ба­тыр, Айша бибі тақы­рып­тарына арнал­ған туынды­лары­­­нан ғала­мат бір күшті сезген­дей бола­сың.
«Мен үшін Ма­хам­бет батыр­лық­тың, ерлік­тің, аза­маттық­тың символы болса, Айша бибі – нәзік­тік­тің, қазақ қыз­дарының сұлулығы­ның сим­волы. Осы тақы­рып­тарда салған бірнеше карти­нам Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық өнер музейінде тұр. Осынау картина­ларымды көрген адамдар осы тұлғалар тура­лы ізденіп, әрі қарай қызығу­шылық танытып жатса, мақса­тымның орындалғаны. Менің мақ­сатым – картиналарым арқы­лы, кейінгі буынға рухани тәрбие беру», – дейді суретшінің өзі.
Жалпы, жақсы суретші болу үшін не істеу керек? Тілек Ха­лин­­нің пікірінше, сурет өз-өзінен туа кетпейді. Бұл жерде адамның ішкі жан дүниесінің жағдайы маңызды рөл ой­найды екен. Суретте де мінез болуы керек. Және адамның бойында өнерге деген құш­тар­лықтың болуы да маңыз­ды. сурет Бір қызығы, сурет те бала секілді. Арнайы уақыт бөлуді, жан-тәніңмен қызмет етуді қажет етеді. Тілек Халиннің айтуынша, бір картинаны салуға ең аз дегенде 7-10 күндей уақыт жұмсалады. Күрделілігіне қарай 2-3 ай салы­натын картиналар болады. Ау­қым­ды дүниелер үш жыл бойы салынуы мүмкін. Мұның барлығы суретті салуға ынта, талантпен бірге, үл­кен дайындық керек екенін білдірсе керек. Тілек Халин Бөдене ауылын­дағы орта мектепте 25 жыл ұстаз­дық етті. Бейнелеу өнерінен дәріс берді. Шәкірттерінің ара­сында бұл кісінің жолын қуғандар да бар. Қуаныш Хайролла, Мұха­меджан Аслан, Қуандық Тұр­ғалиев сынды шәкірттері Алматы­дағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер ака­демия­сын аяқтаған. Қазір көпші­лігі дизайн саласында еңбек етіп жүр.
«Сурет өнері деген уақытта Микеланджело, Леонардо да Винчи есімдері айтылып жатады ғой. Ол кісілердің ерекше әлемін, туынды­ларын мойындаймын, құрмет­теймін. Бірақ, менің ойым­ша, әр суретшінің өзіндік жолы, қолтаң­басы болуы керек. Осы уақытқа дейін белгілі бір суретшіге елік­темедім. Табиғаттан, дала үнінен қуат алдым. Мен даланың баласы­мын. Туған ауылымнан жыраққа кетпей, күні бүгінге дейін Бөдене­ден қоныс аудармай отыруымның мәні де сонда», – деді бізбен қоштасарында Тілек Халин.
Бекзат өнерді ауылдың қо­ңыр­қай тірлігімен біте қайнас­тырып отырған суретшінің саф ал­тындай таза әлемінен туған дү­ниелер осылайша халыққа рухани азық сыйлап жатыр... галерея