«Нұр Отан» мәселеге нүкте қойды
«Нұр Отан» мәселеге нүкте қойды
367
оқылды
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты Сайрам тұрғын алабының тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығының қалада орналасуына қарсы. Бұл мәселе біраз уақыттан бері ауыл тұрғындарының наразылығын туғызып жүрген болатын. Сайрам тұрғын алабындағы халыққа қызмет көрсету орталығы Өзбек драма театр ғимаратының бір бөлігінде орналасқан. Ағымдағы жылы бюджеттен театр ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталмақ. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шымкент қалалық филиалы директоры Дәурен Исабеков халыққа қызмет көрсету орталығын Шымкент қаласына ауыстыру бойынша шешім қабылдаған болатын. Ол үшін қалада ғимарат та қарастырылып қойған. Алайда, тұрғындар бұл шешімге қарсы. Құжат мәселелерімен 12 шақырымдай қашықтықтағы қалаға келгісі жоқ. Осы мәселемен «Nur Otan» партиясына жүгінеді. Жақында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов мемлекеттік мекеме басшыларымен бірлесе жергілікті тұрғындармен кездесті. Мән-жаймен танысып, мәселенің оң шешімін табуына ұйытқы болды. Сайрамдық жеке кәсіпкер Ләзиз Сүлеймонов өзі салып жатқан бизнес орталығының бірінші қабатынан халыққа қызмет көрсету орталығы ретінде беретін болды. Кәсіпкер қала күні қарсаңында табыс етпек. Ауыл тұрғыны Тұрсынхан Халмұратов «Nur Otan» партиясына ризашылығын білдірді. Назгүл Назарбек