Бүгін Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала жастары мен жас спортшылармен жүздесіп, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бұл жайында елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
–Еркін микрофон форматында өткен жиында жастармен және спорт өкілдерімен кездесіп, өздерін толғандырған жауабын алды деп ойлаймын. Мысалы, олардың қатарында тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім беру саласында түрлі оқыту жобаларын енгізу, спорт орталықтарын ашу, жас спортшыларды қолдау секілді түрлі сұрақтар қойылды. Мұндай кездесулердің арқасында өткір мәселелер тиімді әрі жылдам шешуге, проблемаларды назарда ұстауға көмектеседі. Мәселен, осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілген еді. Өйткені олар кәсіби тексерулерді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделеді екен. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсерін тигізуде. Сондықтан мәселені бірлесе талқылаудың арқасында спортшыларға арналған арнайы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы және тағы да басқа дайындық залдары ашылды. Сонымен қатар «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайы, «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Алтай Көлгінов.