Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады – Тоқаев
Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады – Тоқаев
Фото: bort_01
533
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне қатысып жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің бірлігі, ынтымағы өте маңызды екенін атап өтті. «Түркі мемлекеттері ұйымының осы кезекті басқосуы аса маңызды деп ойлаймын. Қатысып отырғаныма ризамын. Ең алдымен, осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, зор қонақжайлық көрсетіп, жылы қарсы алған Өзбекстан Президенті, қадірменді Шавкат Миромонович Мирзиёевке ерекше алғыс айтамын. Жиынымыз Түркі әлемінің мақтанышы – көне Самарқанд шаһарында өтіп жатыр. Бұл қала тарихи тамыры терең өркениет ошағы ретінде бүкіл әлемге танымал. Самарқанд қаласы Жібек жолының алтын көпірі екенін барша түркі халықтары мойындаған. Осы киелі жерде Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету құқығы Өзбекстан Республикасына беріледі. Өзбек бауырларымыз бұл міндетті абыроймен атқарады деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті. Бауырлас елдердің басшылары жиналған басқосуда түркі әлемінің келешегі талқыланды. «Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді. Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға күш салып келеді. Соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты. Оны іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданбақ. Бұл құжат елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан, ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Бірінші, қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан, біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды. Бұл ретте, сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, бұдан бөлек, «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді.