Қызылорда қаласында «ASU» баспа үйі ЖШС мен «Балапан» телеарнасы арасында жасалған келісімшарт негізінде тұңғыш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшалары басылып шықты. Бұл игі бастама «Балалар жылында» бүлдіршіндерге толағай тарту болды.
Балаларға арналған бояу кітапшасының тұсаукесер рәсімі Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» ҚБ ұйымдастыруымен облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада өткізілді. Сыр баспасынан жарық көрген бояу кітапшасы еліміздегі балалар телеарнасының төл туындысы «Сиқырлы тас» және әл-Фараби мульттоптамалары желісінде басылған.
«Биыл елімізде «Балалар жылының» мән-маңызы орасан зор болды деп есептейміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындап бергеніндей, жыл бойына балалардың әлеуметтік мәселелеріне, білім беру ісіндегі жаңашылдықтарға ден қойғанымыз қуантады. Соның ішінде еліміздің барша балаларының сүйікті арнасы «Балапан» телеарнасының төлөнімдері бойынша бояу кітапшаларын республикада алғаш рет сырбойылық азаматтардың шығаруы көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Осынау құнды дүниені жасап, бүлдіршіндер игілігіне ұсынған баспа жұмысына толайым табыс тілеймін», – деп жиылған көпшілікке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ақжолтай тілегін жеткізді.
Сыр баспасынан басылып шыққан бояу кітапшаларының бір ерекшелігі – онда арнайы орналасқан QR белгісін сканерлеу арқылы балалар екі мультсериалды да кез келген қолайлы уақытта тамашалауға болады.