Талдықорғандағы «Жастар» саябағына облыстың барлық өңірінен жиналған адам жанының арашашылары бұл күні үлкен қуанышқа кенелді. Денсаулық сақтау саласындағы шұғыл да ең жауапты қызмет – жедел жәрдем стансасындағылардың адымы ашылып, жабдықталуы жақсарды.
Нақтырақ айтқанда, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысқан салтанатты жиында облыстық жедел жәрдем стансасы орталығының директоры Савелий Пакқа 40 жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің кілті тапсырылды. Өткен жылы сатып алынған 35 санитарлық автомашинаны есепке алсақ, стансаның арнайы көлікпен қамтамасыз етілуі 100%-ға, ал халық санына шаққандағы бригадаларының саны 75-ке жетіп отыр. Жалпы, ел көлемінде 10 мың адамға 1 бригада деп есептеледі, ал облыстағы халық санының 667 мың адам екенін ескерсек, бригада саны тиісті мөлшерден асып отыр.
Жедел жәрдем көліктері барлық қажетті құралдармен, атап айтқанда, өкпені жасанды желдететін Wienman аппараттары, дистанциялық электрокардиограф, Corpuls дефибрилляторы, Accuvac pro Wienman электр аспираторы, омыртқаны қозғалтпай ұстауға арналған дип-панель, реанимацияға арналған орын, оттегі баллондары, пациентті тасымалдау кезінде пайдаланылатын арнайы төсек, жұмсақ зембілдермен жабдықталған.
Сонымен қатар ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялар үшін 13 арнайы машина алу қарастырылып, оның 8-і аудандарға бүгінге дейін беріліпті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жедел жәрдем паркін жаңарту ел Президентінің медициналық, әсіресе ауылдық жерлердегі халыққа көрсетілетін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Биыл мемлекет қолдауының арқасында облыстың алты ауданындағы ауылдарында 12 блокты-модульді медициналық кешен салынады. 2024 жылға дейін мұндай нысандар өңірдің тағы 40 ауылында тұрғызылады. 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде тағы 59 нысан қолға алынады. Санитарлық автокөліктерді жаңарту да медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Былтыр 35 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды, бүгін тағы 40 санитарлық көлік беріледі. Осының арқасында пациенттерге жедел жәрдемнің жету уақыты қысқарып, алғашқы көмекті дер кезінде көрсету мүмкіндігі арта түседі деп ойлаймын. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау қашанда негізгі басымдық болып қала береді, – деді облыс басшысы.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен Ақсу және Кербұлақ аудандарындағы ауруханаларды, облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеуге, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді. Талдықорғанда әуел баста облыстық сотқа арнап салына бастаған ғимаратқа өңірлік кардиохирургиялық орталықты орналастыру туралы ұсыныс та қолдау тапты. Сондай-ақ Панфилов ауданындағы көпсалалы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылады. Келер жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жетісу облысында өңірдің ауылдық елді мекендерінде 59 нысан салынады, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы ФАП, 5-еуі медициналық пункт болмақ.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы