Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова еліміздің шығысында болды. Ол Өскемен қаласында кездесу өткізді.
Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғаушылармен кездесіп, олармен мектептегі буллинг тақырыбын талқылады.
«Біз агрессивті қоғамда өмір сүруге үйреніп қалдық, онда әркім өзін қорғайды, бірін-бірі қорлайды, дене жарақаттарын алады. Бірақ заман өзгеріп жатыр. Қазіргі қоғам инклюзивке және толеранттылыққа бағыт алып келеді. Ал балаларды біз төзімділік пен кез келген нәрсенің ақ-қарасын ажыратуға тәрбиелеуіміз керек. Егер бала өз құрдастарынан қандай да бір түрде ерекшеленсе, оны қолдау маңызды.
Сондықтан ерекше балаларды ұжымға тарта отырып, қабылдау құндылықтарын сіңіру қажет. Ал агрессияны балалар арасында да айыптайтын нәрсе ретінде қабылдау керек. Бірақ, ең алдымен, мұнымен үлкендер жұмыс істеуі керек», – деді ол.
Баяндамашы халықаралық ұйымдардың деректерін келтірді. ЮНЕСКО есебіне сәйкес, «Сандардың артында не жатыр? Мектептегі зорлық-зомбылық пен қорқытуды жою» тақырыбы бойынша дүниежүзінде әрбір үшінші оқушы қандай да бір буллингтің түрін бастан кешіреді. Қорқыту оның құрбандарына ғана емес, агрессорлар мен куәгерлерге де әсер етеді.
Қазақстандағы ЮНФПА 2020 жылы шығарған брошюра елдегі балалардың 63 пайызы зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің куәсі болғанын, 44 пайызы құрбан болғанын, 24 пайызы мектепте басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік әрекеттерін жасағанын хабарлайды.
Бұзақылықтың құрбандары – сыныпқа жаңадан келгендер, ал басқалардан ерекшеленетіндер қатарында сыртқы түрі, оқу үлгерімі, ата-анасының әлеуметтік жағдайы бойынша қысымға ұшырайтындар. Сонымен қатар, толық емес отбасылардан шыққан, туабітті физикалық немесе психикалық дамуында кемістігі бар балалар буллингке жиі кезігіп жатады.
«Сондай-ақ мұғалімдер де оқушыларға қысым жасайтын топтың қатарынан жиі көрініп қалады. Балалар мұғалімдердің әрекетінен немқұрайлылықты сезініп, оны өзіне жасалған қысым деп қабылдайды», – дейді Тұрсынбекова.