Алматының ел тарихындағы орны айрықша
Алматының ел тарихындағы орны айрықша
582
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, жұртшылықпен кездесті. Президент халықпен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ша­һарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта ат­қарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен қала эко­но­­микасын әртараптандыру ар­қылы оның тұрақты дамуын қам­тамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуы­ның қозғаушы күші және көш­басшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақ­станның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тие­сілі. Жыл басынан бері қала эко­но­­микасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіп­керлік дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.
– Экономиканың әртараптан­дырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбе­гейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индус­трия­ны дамытуға баса назар ау­дару керек. Бәсекелестікті ынта­ландыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін ай­тарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайын­дағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қол­дана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автомат­тандырумен және цифрландырумен қатар жү­зеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Ала­тау» инновациялық технология­лар паркінің әлеуетін толық пай­далану қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйт­кілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
– Бірқатар ауданда орталықтан бері­летін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғынға орта­лықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Пре­зидент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрық­ша мән берілетінін айтты. Оның айтуын­ша, Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Ол үшін әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен қол­жетімді болуға тиіс. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 па­йыз­ға арттыру қажет. Қазір қалада 1 500-ге жуық ескі үй бар. Президент әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Президент Алматының жол-көлік жүйесіне де арнайы тоқталды. Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан адамдарға «жайлы қала» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу маңыз­ды. Тоқаев Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәсе­лесі үнемі назарында екеніне тоқталып, алматылықтарды қаладағы ауаның лас­тануы қатты алаңдатып отырғанынан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тон­на­ға жуықтайды. Ауаны негізінен авто­көліктер, қалалық жылу электр станса­лары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тар­тыл­маған жер үйлер ластайды. Мега­полисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр. Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын қатаң қадағалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру арқылы зиянды қалдықтарды он еседен астам төмендетуге болатынын айтты. Кездесуде Президент қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқарма жүйесін цифрландыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қылмыстың бестен бірі Алматыда жасалған.
– Әкімдік 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңызды бағыт – бейнебақылау жүйесін дамыту. Бүгінде Алматыда 128 мыңнан астам жеке бейнебақылау камера­лары орнатылды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі арқылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрылғы­ларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң Мемлекет басшысы ағар­тушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Президент алдымен музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «А.Бай­тұрсынұлының жұмыс кабинеті» зал­дарындағы жәдігерлермен танысты. Мұн­да ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерт­кішті ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты. Өз кезегінде Президент Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен жүздесті. Басқосуда Қ.Тоқаев ұсынылған барлық маңызды ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтып, Алматы еліміздің ғылым мен білім ордаларының бірі екенін атап өтті.
– Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымымыз академия қабырға­сында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде инже­нерлік-техникалық салаға мән бере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын бөлудің маңызы зор екеніне тоқталды. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия өкіл­дерінің қызметімен танысты. Президент жас кәсіпкерлермен кездесу барысында креативті индустрияның қазіргі әлемде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мегаполисте қандай стартап-жобалар жүзеге асырылып жатқаны және жасанды интеллектіні бизнесте пайдалану қаншалықты тиімді екені айтылды. Мемлекет басшысына Алматыда ғана емес, бүкіл елімізде креативті индустрияны дамытудың негізгі перспективалары көрсетілді. Президент жас мамандардың осы саладағы жетіс­тіктерін жоғары бағалап, қатысушылардың бастамаларына табыс тіледі.