Бұқаралық спортқа баса көңіл бөледі
Бұқаралық спортқа баса көңіл бөледі
646
оқылды
Астанада қала халқын бұқаралық спорт шарала­рына тарту, саламатты өмір салтын насихат­тау, сондай-ақ туризмді дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Әсіресе, елорда­лықтардың белсенді дема­лысын ұйымдас­тыруға барынша көңіл бөлініп жатыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Самат Жылқыбаев Ас­тана қаласын­­дағы қысқы спорт түрлерінің дамуы, алдағы бұқаралық спорт­тық іс-шаралар және қыс­қы маусымының ашы­луы туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер ара­сында спортты дамыту, ха­лық арасында спортпен шұғыл­данатын адамдар санын арттыру бойынша жұ­мыстар басталды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәсе­лесі жолға қойылуда. Жыл басынан бастап елордада 350-ге тарта бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 60 мың қала тұрғыны мен қонақтары қа­тысты,– деді Самат Жылқыбаев.
Сонымен қатар халықаралық жарыстар жоғары денгейде өткізіліп келеді. хоккей Жыл сайынғы дәстүрге айналған астаналықтар асыға күтетін спорт­тық іс-шаралар бар. Мысалы, дзю­додан Азия чемпионаты, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, садақ атудан халықаралық турнир, бүркітшілердің халықаралық тур­нирі, футболдан «Астана қаласы әкімінің кубогы» республикалық турнирі, жаппай веложарыстар және маусымдық қысқы жарыстар, гимнастикадан республикалық чемпионат, жаңажылдық жарыс, Астана қаласының аудандарында көңілді старттар, Наурыз мерекесіне арналған спорттық іс-шаралар, Спорт күніне арналған ұлттық ойын­дар бойынша жарыстар, «Бұр­қасын» қысқы фестивалі. Сондай-ақ қалада төрт түзеу мекемесінде жа­засын өтеп жатқан азаматтар ара­сында тұрақты жарыстар өткі­зіледі. Бүгінде қалада 1 016 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде 32-сі ірі нысан.
– Ал жыл соныңда елордада 31 желтоқсан күні спортсүйер қауым арасында бүкіләлемде болған пандемияға қарсы акцияны қолдай отырып, «Жаңа жылдық жүгіру – 2022» бұқаралық жүгіру өтетінін атап өткім келеді. Акцияның басты мақсаты – саламатты өмір салтына барынша адамдарды тарту. Дәл осындай атаумен еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай жүгіру акциясы өткізіліп, оған тілек білдірушілер мен спортсүйер қауым қатысып келеді. Сондай-ақ триатлон сая­ба­ғында Qysqy jugiru қысқы жүгіруден жарыс өткізіледі. Былтыр бұл жа­рысқа шамамен 250-дей қала тұрғы­ны мен қонақтары қатысты. Қа­тысушылар 5 жас санаты бойынша сынға түсті, атап айтқанда, 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас, 60 жас және одан жоғары. Елорда­да қысқы спорт маусымы «Қыс өрне­гі» атты дәстүрлі шаңғы фестивалі­мен аяқталады,– деді басқарма басшысы.
Қыс қызығы бітпейді Қар түсіп, қыс басталса, қала тұр­ғындары қысқы спортқа ден қояды. Біреулер бос уақытында мұз айдындарына барып коньки тепсе, енді бірі қала сыртындағы туристік базаларға барып демалады. Шаңғы теуіп, шайбалы хоккей ойнай­тын­дары да бар. Елордада қысқы спорт­тың ең әдемі әрі ең қиын түрі – мәнерлеп сырғанаудан ASTANA OPEN қалалық ашық чемпиона­ты өтті. 14-16 қараша аралығында елі­міздің үздік мәнерлеп сырға­наушы­лары Астанамыздың көз тартарлық жері және спорттық қақпасы сана­латын «Алау» мұзайдыны сарайында бас қосты.
– Қалалық ашық чемпионат елордада екінші жыл қатарынан өтуде. Биыл жарысқа балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберіне үміт­керлер қатысады. Жеке разрядтағы жарыстар Халықаралық конь­ки­шілер одағының талаптарына сәй­кес ұйымдастырылады. Бүгінде қаланың ашық чемпионатына қа­тысуға Астана, Алматы қалала­ры­мен қатар Қарағанды, Атырау, Қостанай, Ақ­мола және Шы­ғыс Қазақстан облы­сынан 250-ге жуық өтінім қабыл­данды. Жас конь­ки­мен жүгіру­ші­лердің өнерін жарысқа ­ар­найы шақы­рылған ха­лық­аралық тө­решілер бағалай­тын бо­лады. Бұл дегеніміз жа­рысты жоғары деңгей­де өткі­зуге және әділ тө­реші­лікті қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Аталған іс-шара ал­дағы уақытта да дәс­түрлі түрде өт­кі­зілетін бо­лады,– дейді Самат Жылқыбаев.
Чемпионат қоры­тын­дысы бо­йынша Қа­зақстан­ның жастар чем­пионатына 24 ең мықты спорт­шы­дан Астана қа­ла­сы­ның құрама командасы жасақталады.
– Бұл жарыста біз ең мықты деген елордалық спортшылар ара­сынан 24 таңдаулы мәнерлеп сыр­ғанаушыны Астана қаласының құрама командасына қабылдаймыз. Олар алдағы 20-24 қараша аралы­ғында Өскемен қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан ҚР жастар чемпионатында өнер көрсететін болады. Сондықтан республикалық аренада қаламызды лайықты таны­татын мықты команданы таңдау біз үшін өте маңызды, – дейді Астана қаласының Мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Эль­мира Тұрғанова.
Арғымақ кешені ашылды Республика күніне орай елорда­мызда 30-дан астам спорттық іс-шара өткізілді. Солардың бірі «Ар­ғымақ» ат-сауықтыру кешенінің ашылуы. ат спорты Жаңа ат спорты кешені Қазақ­стандағы бірегей нысан. Оған жа­бық манеж, қыздыруға арналған ашық алаң, ашық жауынгерлік са­йыс алаңы мен 600 және 1 200 орын­дық мінбелері бар. Сондай-ақ 52 атқа арналған ат қоралар мен әкім­шілік ғимараттар кіреді. Жалпы, атшабардың құрылыс алаңы – 12 мың шаршы метр. Ат спорты кешенінің өткізу қабілеті тәулігіне 100 адамға дейін жетеді. Кешен қа­лалық, республикалық және ха­лықаралық ауқымдағы жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде Астана қаласында 200-ден астам спортшы ат спорты түр­лерімен айналысады. Астана қала­сының құрамасы Көкпар мен кон­курдан Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының чемпиондары мен жүлдегерлері. Жыл басынан бері ат спорты түрлерінен 10-нан астам қалалық және республикалық жарыс өткізіліп, оған 500-ден астам адам қамтылды. Ат спорты кешенінде ұлттық және олимпиадалық ат спорты түр­лерін (конкур, көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, жамбы ату) дамы­туға, сондай-ақ иппотерапия әді­сімен мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ды оңалтуға мүмкіндік береді. «Қолжетімді спорт» қолға алынды Денешынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамтуды ұлғайту мақсатында «Қолжетімді спорт» жобасы жүзеге асты. «Қолжетімді спорт» жобасы қала тұрғындарын әртүрлі спорт түріне үйретуге бағытталған, сон­дай-ақ бірнеше спорт түрі бойынша спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік береді. Жоба алғаш рет өз жұмысын 2021 жылдың қазан айы­ның басында Астана қаласының спорт залдарында жүзеге асырылды. Спорттың 6 түрі (фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі) бойынша жаттығулар қала бойынша 40-тан астам жерде өткізілді. Скан­динавиялық серуендеу саябақтарда таза ауада өтті. Кез келген адам спорт түрін таңдап, аптасына 3 рет жаттығу жасауға мүмкіндік алды. Жобаға жоғары санатты жаттық­тырушылар, спорт шеберлері, бі­лікті нұсқаушылар тартылды. Жат­тығулар клуб аулаларында, спорт орталықтарында және спорт са­райларында, соның ішінде QAZAQ­STAN жеңіл атлетика манежінде, Тәуелсіздік сарайында, «Алау» мұз сарайында өткізілді. Жоба елорда тұрғындары арасында және Instagram әлеуметтік желісінде танымал болды. Күн сайын Instagram-да жаттығулардан бейнелер мен фотосуреттер жарияланып отырды. Қатысушылар әлеуметтік желілерге өз пікірі мен тілегін қалдырды. мәнерлеп сырғанау Бұл жоба 2021 жылдың желтоқ­сан айының соңына дейін жалғасып, 20 мыңға жуық елорда тұрғынын қамтыды. 2022 жылдың сәуір айы­нан бастап жоба Қазақстанның 7 қаласында қайта қолға алынды. Олар: Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Тал­дықорған қалалары. Жоба Қа­зақстанның 7 қаласының тұрғын­дарын спорттың 5 түріне үйретеді. Жалпы алғанда, барлық қаланы қоса есептегенде жобаға 120 білікті нұсқаушылар мен жаттықтыру­шы­лар жұмылдырылды.