Мемлекет ауыл шаруашылығын субсидиялауға 1,2 триллион теңгеден астам субсидия, яғни қайтарымсыз қаражат құюда. Демеуқаржы молайды, ал отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы күрт қымбаттап, халыққа қолжетімсіз болып барады. Мұның мәнісі неде? Сонымен бірге біраз агрофирма бұрын алып келген субсидиялардан қағылғанын айтып, дабыл қақты. Саладағы түсініксіз ахуалдың мәнісіне тереңірек бойласақ.Бағаны өсіруге не себеп?
Аграрлық секторға қатысы болмаса да, тұтынушы ретінде белгілі құқықтанушы, профессор Марат Бәшімов бұл жағдайға өз пікірін жеткізді: «Бұлар адамдарды әдейі ашындыра ма? «Родина» мен Зенченконың сүт және сүт өнімдері екі есеге қымбаттап шыға келгеніне не ықпал еткенін түсінбеймін. Бұқара сонда не жейді? Әлде бұлар тездетіп олигархтар қатарына қосылуға ынтығып отыр ма? Күрделі шақта бағаны күрт көтеріп, халыққа қолжетімсіз еткенде не ұтпақ?» – деп кейістік білдірді ол.
Оған жауап қатқан фермерлер әлемдегі геосаяси күрделі жағдайда, санкцияға байланысты дәстүрлі жеткізілім тізбектері бұзылғанын, шетелдік импорт күрт қымбаттағанын дәйекке келтірді. Соның ішінде мал азығы, тыңайтқыштар, түрлі қызмет бағасы көтерілгеніне, электр, отын, коммуналдық қызметтер, тасымалдау құны өскеніне назар аудартты. Бұған қоса, Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруі салдарынан банктер ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған несие ставкасын ұлғайтып жіберген.
Сарапшылар бұл тұрғыда кешенді шаралар қажет дейді: еліміздің нарығын Ресейге тәуелділіктен арылтып, өзге елдерден өнімдердің тұрақты тасымалын жолға қою керек. Сондай-ақ тариф көтерумен әуестене бастаған монополистердің, коммуналды қызметтердің арынын ауыздықтаған жөн. Олар онсыз да мемлекеттен қаржылай қолдау көріп, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар алып отыр. Демек, дағдарыс тұсында қызмет бағасын өсірмей қоя тұрғаны маңызды.
Үкімет басшысы Ә.Смайылов та субсидиялар бөлініп жатқан кезде өндірушілеріміздің азық-түлік бағасын күрт қымбаттатуына көңілтолмастық білдіріп, сынға алды: «Мұнысына енді көне алмаспыз!» деп ескерту жасады. Үкімет мүшелері ахуалдың шынымен күрделі екенін мойындады. Сорақысы сол, әлеуметтік маңызды өнімдер, яғни бұқара ең көп тұтынатын жұмыртқа, нан, көкөністер, сүт және сүт өнімдерінің бағасы шарықтады.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы алапат 20,5%-ға жеткенін хабарлады. Бұл рекорд саналады. Өткен қазан айының қорытындысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары арасында жұмыртқа ең кемі 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады.
Мұның бәрі орташа шама ғана: ең жоғарғы бағалар еселеп есептелуі мүмкін. Бағаны тұрақтандыру үшін астықты, жемшөп түрлерін және күнбағыс майын арзандату жоспарлануда.
Вице-министрдің дерегінше, жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша нарық субъектілерінің адал емес, жосықсыз әрекеттері анықталды. Яғни, нарық ойыншылары бағаны өзара ымыраласып, бірлесе көтереді.
«Абай облысына барғанда Семейден 200 шақырымдағы құс фабрикалары жұмыртқаның ондығын 360-380 теңгеден сататынын, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгенін білдім. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілер алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелерін жариялауда. Оларға тиісті түрде әрекет ету қажет», – деді Арман Шаққалиев.
Алайда Үкіметтің медиа арқылы қысымды ұлғайтып жатқан агролоббистердің табанына тас қойған тегеуірінді әрекеттері байқалмайды. Бұл салада жүздеген миллиард теңге қаражат бәске тігіліп отыр. Ендеше Үкіметті Еңбек Ері мәртебесіндегі азулы тұлғалар көш бастаған аграрлық алпауыттардың мысы басуы әбден мүмкін.
Баға көтеру – демеуқаржы дәметудің белгісі
Біраз өндірушінің қарекеті бопсалау, «шантажға» көбірек ұқсайды: бағаны күрт жоғарылатады да, оны арзандату үшін мемлекеттен субсидия талап етеді. Оларға сөзін өткізе алмаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев амалсыз солардың сөзін Үкімет отырыстарында қайталап, «кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын» қайталаумен жүр. Таяуда кезекті рет осы «сәлемдемені» естіген Қазақстан Премьері ашуға мінді.
– Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау онсыз да екі есеге ұлғайтылды, бірақ соны алатындардың өзі азық-түлік бағасын бірден 20%-ға қымбаттатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар да өз мойнына міндеттемелер алуы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс! – деді Әлихан Смайылов.
Көнсін-көнбесін, Үкімет қайтарымсыз демеу қаржы ауқымын тағы арттыруға мәжбүр болмақ. Себебі субсидия алатын өндірушілер Премьер ескертуінен кейін де бағаларын арзандатпады. Шегінетін түрі жоқ, тек алға шабуылдауға бекінген. Депутат Бекқали Торғаев Үкіметтің субсидияны арттыруға барғанын жеткізді. Таяуда алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет бекітілгені белгілі.
«Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратынша, жалпы сипаттағы трансферттер де ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға жұмсалады. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығын субсидиялау мөлшері 2023 жылы 405 миллиард теңгені құрамақ. Ал 2024 жылы ол 424 миллиардқа, 2025 жылы 440 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни, субсидияның жалпы көлемі 1 трлн 270 миллиардқа жетеді», – деді ол.
Ал 2022 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 452 миллиард теңге бағытталыпты. Бірақ депутат келесі жылы да субсидия осы көлемде сақталуы тиіс еді деген ой айтты: «Инфляция және бағаның, оның ішінде өндірістің негізгі құралдары құнының тұрақты өсуі ескерілуі керек еді. Оның үстіне, жыл сайын жаңа өндірістер пайдалануға берілетіндіктен, қаражатқа қажеттілік тек өсетіні анық», – деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл шынымен де ауыл шаруашылығы саласын Үкімет тарапынан қаржылай қолдау көлемі теңдессіз деңгейге жеткенін білдірді: демеуқаржы көлемі 450 миллиард теңгеден асты, бұл былтырғы жылғыдан 20 пайыз көп. Жылдың басында 311 миллиард теңге бағыттау жоспарланған еді. Ал келесі жылы субсидия көлемі жоспарланғаннан тағы артуы мүмкін екен.
– Субсидия нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы биылғы 9 айда ең жоғары өсім көрсетті. Негізі, қазір отандық экономиканың өсуін қамтамасыз еткен көшбасшы сала ауыл шаруашылығы болып тұр. Біз Ұлттық экономика министрлігімен, Қаржы министрлігімен алдын ала келістік: келесі жылы бюджетті қайта қарап, нақтылағанда, қосымша қаражат қосатын боламыз. Келесі жылдың түсімі нәтижесіне қарай ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемінің оң өсім динамикасын сақтаймыз. Әлі тағы қаражат сұраймыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
«Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдары, соның ішінде қаржы құралдары, бақылау функциялары тегіс бар. Бірақ бағаның өсу серпіні жоғары болып қалуда», – деді Әлихан Смайылов.
Ол Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін қайта форматтауды тапсырғанын еске салды, бірақ аталған комиссиялар жұмысынан әлі де еш нәтиже жоқ деді: тіпті көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіруді жүргізбеген. Ә.Смайыловтың байламынша, бұл – «әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы және Интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің салдары».
Осыған байланысты қымбатшылық көбейген өңірлер әкімдерінің салаға жетекшілік ететін орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылды. Премьер бағаны ұстап тұруда пәрменділік таныта алмағаны үшін Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің биылғы қаңтарда ғана тағайындалған төрағасы Ержан Қазанбаевты қызметінен босатуды талап етті. Әзірге оның орнына жаңа басшы тағайындалған жоқ. Министрлік сайтында комитет төрағасы ретінде сол Е.Қазанбаев көрсетілген.
Агрокәсіпкер, Қазақстанның картоп пен көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев мемлекеттің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көмегі жан-жақты болуы тиіс деген пікірде.
Әйтпесе, Үкімет агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауда субсидиялауға басты екпін түсіреді. Сарапшылардың тұжырымдауынша, бұл тәсіл – түбірімен қате. Мемлекеттік қолдау әлдеқайда көп құрал мен элементтерден тұруы қажет, ал субсидия соларға көмекші болуы шарт. Олай болмаған соң миллиардтаған субсидия дамуға емес, негізінен импорттың қымбаттаған құнын жабуға жұмсала береді. Бірінші кезекте фермерлер үшін өндіріс құралдары қолжетімді болуы тиіс. Ресейлік, беларустік, батыстық техника еселеп қымбаттады. Елде жасалатын ауыл шаруашылығы техникасы жоқтың қасы, кейбір санаулы түрі ғана көршілерден, алыс шетелден шашып әкелініп, құрастырылады. Сөйтіп, миллиардтаған ел қаржысы жат мемлекеттердің экономикасын көтеруде.
Мұның сыртында аграрлық сала өкілдері сыртқы нарықтарды ашуды сұрайды. Ресей дамыған елдерден оқшауланып, өз өнімін қайда жіберерін білмейді. Қытай Қазақстан үшін өз нарығын шектеп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өзіне жібермей жатыр. Еуропаға тасымалдау қымбат: оған транзит шығынына субсидия берілмейді. Ал аграршылар шетелге қымбатқа сатқан өнімі есебінен ел ішіне өткізген өнімін арзандата алатын. Бұл мүмкіндік өрісі тарылған соң олар ішкі нарыққа бағдарланған өнімдерін қымбаттатқан. Сондықтан ауыл кәсіпкерлері үкіметтегілер үнемі субсидия тақырыбын суша сапырып, тоқтаусыз талқылау арқылы саладағы өзге, түбегейлі проблемаларды қолмен көлегейлеп, жауып отыр деп санайды.
«Министрлік агрокешенге арналған даму бағдарламасын жазып, бірнеше рет түзетті. Алайда онда бәрібір нақты, түсінікті мақсаттар мен соған жету жолдары жоқ. Салада бұрын 4-5 бағдарлама жүзеге асырылды. Тиімділігі шамалы болғанымен, оларда ең құрыса, мақсат-мұрат белгіленетін. Ал жаңасында оны да таба алмайсыз. Әлдебір орнықты даму туралы айтылады. Бағдарламаны орындайтын бірінші кезекте – фермер. Ендеше бағдарлама да алдымен соған түсінікті болуы тиіс. Меніңше, даму бағдарламасының мақсаты – фермердің тұрақты табыс табуын қамтамасыз ету болуы керек. Басқасының бәрі соған телінеді. Аяғында нық тұрған фермерлер қажет, сонда олар халықты да асырайды, ішкі нарықты да отандық өніммен молықтырады, тұрақты экспортты да қамтамасыз етеді», – деді Қайрат Бисетаев.
Қалай болғанда, бүгінде аграрлық сала өкілдері мен шенеуніктердің бірін-бірі түсінбейтіні байқалады, «сылдырап өңкей келісім» дейтін диалог жоқ. «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген керітартпа жағдай нарыққа да, халыққа да кесірін тигізіп жатыр.