Денсаулық сақтау министрі ауыл тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды атады
Денсаулық сақтау министрі ауыл тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды атады
492
оқылды
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният ауылды елді мекендердегі денсаулық сақтау көрсеткіштері туралы айтты.
«Бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым көмек көрсетеді. Жалпы, медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша, халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім соңғы 9 айда 28,5%-ға төмендеді», – деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің мәліметінше, ауыл халқының арасында бірінші орында (42,7%) – тыныс алу ағзаларының аурулары, екінші орында – ас қорыту, үшінші орында несеп-жыныс жүйесі аурулары болған.
«Шалғай ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды», – деді Ажар Ғиният.
Сонымен қатар медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі жүргізеді. Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді және 2 млн шақыртуға қызмет көрсетілген.