Астанада Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған онкүндік өтпек
Астанада Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған онкүндік өтпек
385
оқылды
Астанада 21 қарашадан бастап 1 желтоқсанда аталып өтетін Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған онкүндік жарияланды. Бұл жайында Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Онкүндік аясында қалада қоғам назарын аударуға бағытталған түрлі ауқымды іс-шаралар өтеді. «Теңдік уақыты!» тақырыбы аясында 10 күн ішінде қала тұрғындарын АИТВ инфекциясын жұқтырудың алдын алу мәселелері бойынша, әсіресе жастар арасында хабардар ету және барлық мүдделі тараптың ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту арқылы қауіпсіздікті қалыптастыру, кемсітушілікті жою сияқты іс-шаралар өткізіледі. Атап айтсақ: Онкүндіктің ашылуы қалалық №4 емханада ашық есік күнін ұйымдастырумен басталды. 28 қараша күні Астана қаласының коммуникациялар қызметі Facebook желісінің тікелей эфирінде елордалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары эфирге шығып АИТВ мәселелері төңірегінде баяндама жасайды. Ал 29 қараша күні қаламыздағы ірі оқу орындарының бірі ҚазҰӨУ «Шабыт» университетінде студенттер арасында ауқымды акция өтеді. Осы іс-шаралармен қатар, 21 қараша мен 1 желтоқсан аралығында орталық мамандары халықтың көптеп жиналатын орындарында «Нұрлы жол» және Астана темір жол вокзалдарында, «Ханшатыр», «Керуен» сауда орталықтары мен «Артем» базарында, «Әлем» сауда үйінде АИТВ-инфекциясының алдын алу туралы ақпараттық-білім беру материалдарын таратумен, психоәлеуметтік кеңес беру, тұрғындарға арналған «АИТВ-ға тесттен өт» акциясы шеңберінде экспресс-тестілеу ұйымдастырылады. Орталықта тіркелген, АИТВ-мен өмір сүретін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы беріледі. Барлық іс-шара Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен, Білім басқармасымен, Қазақ ұлттық өнер университетімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп өткізіледі. Онкүндіктің қортындысы 1 желтоқсанда өтеді. Еске салсақ, былтырғы жылы осындай онкүндіктің төңірегінде Астана Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ә. Рүстемова мен ЖИТС орталығының директоры С.Абдраимов қатысып, журналистер сауалына жауап берген болатын. Жалпы, дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған ЮНЭЙДС бастаған Дүниежүзілік науқанның ұраны. Бұл бәрімізді ЖИТС-ті жою үшін қажетті дәлелденген практикалық шараларды жүзеге асыруға шақырады. ЮНЭЙДС-тің деректері бойынша, соңғы екі жылда COVID-19 пандемиясына және басқа да жаһандық дағдарыстарға байланысты АИТВ-ға қарсы күрестегі прогресс баяулағанын, ресурстар көлемі азайғанын, нәтижесінде миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төнгенін көрсетеді. «Сондықтан 2030 жылдың жаһандық денсаулыққа қауіп төндіретін ЖИТС-ті жою мақсатына жеткенге дейін сегіз жыл қалды. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени және құқықтық теңсіздіктер мүмкіндігінше тезірек аяқталуы керек. ЖИТС-ті жеңуге, оның таралуына ықпал ететін теңсіздікті жеңе алсақ қана қол жеткізуге болады» дейді ЮНЭЙДС мамандары.