Көкшетауда тұңғыш рет жұлын бұлшық еті атрофиясына ем-дом жасалды
Көкшетауда тұңғыш рет жұлын бұлшық еті атрофиясына ем-дом жасалды
985
оқылды
Ақмола облысында тұңғыш рет жұлын бұлшық еті атрофиясы  ауруымен сырқаттанған атбасарлық 2 жастағы балаға невролог дәрігерлер облыстық балалар ауруханасы базасында «Спинраза» препаратын енгізді. Балаға қойылған препараттың бір құтысының құны 42 миллион теңге тұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. «Спинраза»  – бүгінде жұлын бұлшық еті атрофиясын SMA емдеуге арналған әлемдегі алғашқы инъекция түріндегі препарат. Препарат олигонуклеотидтерді қолдана отырып, SMN2 резервті генінен SMN ақуызы бөлінуін ұлғайтады. Осылайша, «Спинраза» аурудың асқынуының алдын алып, омыртқа жұлынында нейрондарының өлуін тоқтатады. Дәрігерлердің айтуынша, препаратты енгізу сәтті өткен.
«Қымбат препарат 2 жастағы балаға инъекция түрінде енгізілді. «Баланың ағзасында ешқандай жағымсыз жанама әсер болмаған. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Бала 4 жүктеме мен 3 қолдау дозасын алуы керек», – дейді дәрігерлер.
Бір атап өтерлігі,  бала аталған препараты өмір бойы алуы тиіс. Жұлын бұлшық еті атрофиясы – бұлшық ет әлсіздігінің дамуымен сипатталатын генетикалық ауру.
– Препараттың бір құтысы 42 миллион теңге тұрады. Ол омыртқа жұлыны каналына интратекаль  жолымен енгізілді. Терапияның ерте басталуы өте жақсы әсер етеді. Мұндай жағдайда науқастар жоғалтқан дағдыларын қайтарып қана қоймай, жаңа қабілетке ие болады, – деп толықтырды дәрігерлер.