Шатақты емес, атақты болғанға не жетсін! Жұрттың бәрі сені танып жатса, жата қалып, қолыңды алып жатса, күнде алдыңа барып жатса... Рахат қой. Атақ айдан келмейді немесе сайдан келмейді, атақты өзің жасайсың. Бірде, Сейітмұрат досына келіп: – Қалай атымды шығаруға болады? – деп сұрады. – Атақты? – Ия. – Не үшін? – Атым шықсын деп едім. Атың шықса, жақсы емес пе? Ауылда көлеңкеде отырған көптің бірі болғанша? – «Атың шықпаса, жер өрте» – деп бабаларымыз айтып кеткен, жер өрте. – Атым шығады ғой? – Я, «Мына жерді кім өртеген? Сейітмұрат өртеген», – деп шулайды жұрт. Сейітмұрат атын шығару үнін бір канистр бензин алды да, адырға барып, бензинді олай шашты, бұлай шашты, қызыл жалын лаулай жөнелгенде, тұра қашты. Кішкене ғана жерді өртеймін деген, өрт қаулап, қатты састы. Өрт желмен жарысып, ауылға жақындады. Жұрт улап-шулап, арықтан су алып шашты. Соның өзінде, тек Сейітмұраттың қорасы түгел жанып кетті, орнында аз ғана қаңқасы қалып кетті. Ертеңіне: – «Өртеген сен бе?» – деп, полиция алып кетті. Айдаладағы шөп бекерге жанып кетті. Айып пұлын төлеп, полициядан әрең құтылды. Бірақ, соның өзінде «Адырды өртеген ақымақ кім? Сейітмұрат!» – деген аты қалды. Кейін, келе-келе ол аты да өшті. Бірде, ол тағы досына келіп: – Атымды шығару үшін не істесем болады? – деп сұрады. Досы оған таңырқай қарады. Маңдайына түскен шашын тарады, кезерген ернін жалады. Сосын, сығырайған көздерін сықситып: – Тыныш жүрсең болмайды ма? – деп өзінен сұрады. – Жоқ, атымды қалай шығарсам екен? – Атың шықпаса, су өрте. – Су қалай өртенеді? – Бензин шашсаң, бәрі өртенеді. – Ауылдағы өзенді ме? – Ия. Сол екен, атақ құмар Сейітмұрат бір канистр бензин алып, өзенге құйды да, артынан оттық тастап жіберді. Қызыл жалын лап етті, өзі қорқып қалып, жалп етті. Өзенде жүзіп жүрген ауыл әкімінің он шақты қаз-үйрегі болатын, бәрі «окорошка» болып қалды. Жүндері жанып, қақиып қалды. Тіпті, бірінің жүні жанып кетсе де, жүзіп барады. Тырдай болып. Сол екен, «Өзен өртеген өзіміздің Сейітмұрат!» – деген аты гулеп шыға келді. Сол күні ауыл әкімі оны кабинетіне шақырды. Шақырды да, ақырды. – Сен өзі қандай адамсың? – Адамнан айнымайтын адаммын. – Өзенді өртегенің есі дұрыс емес адамның тірлігі. Не үшін өртедің? – Атымды шығарайын деп. – Атыңды шығарғың келсе, мектеп сал ауылға. Қазір жекеменшік мектеп салуға рұқсат берілген. Жекеменшік мектебің болған соң, сол мектепке атыңды бер. Міне былай: «Сейітмұрат Қожамжаров атындағы қазақ орта мектебі!» Қандай керемет, атыңды шығару деген осы! Ал, сен біресе адыр өртеп, біресе өзен өртеп, менің он шақты үйрек-қазымды үйітіп өлтірдің. Үйрегімнің құнын төле! Он есе! Әйтпесе, сотқа беремін! Сейітмұрат әкімге ақша беріп, әрең құтылды. Атын шығарамын деп, бекерге ұтылды. «Атыңды шығарғың келсе, мектеп сал» демекші, бұл пәлсафаны былай ысырып қоялық та, ендігі мәселені қозғайық. Жеке мектептер салуға байшыкештерге рұхсат берілгелі, Түркістан облысы, Сайрам ауданының кәсіпкері Низамхан Сулеймановтың тынышы кете бастады. Сөйтті де, ауданда бір емес, 7 мектеп салып бітірді. Бір қарасаң, құптарлық іс! Мектептер жетіспей жатқанда, заманауи мектеп салу екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Ал, ендігі қызықтың шыжығын қараңыз. Бір мектебіне өзінің атын бере салды. Низамхан атындағы мектеп! Екінші мектепке әйелі Арофаттың есімін бере қойды. Ол көзі тірісінде мектепке адам есімінің берілмейтіні туралы заңға пысқырып та қарамады. Ол атақты ма? Ол еліне елеулі еңбек сіңірген қоғам қайраткері ме? Жоқ, жәй ғана кәсіпкер. Жергілікті биліктің белінен басып, Астана асып, барлық құжаттарды сол жақтан тындырып келе салды. Әне, атың шықпаса, мектеп сал деген осы! Кәсіпкер 1200 орындық бір мектепің құрылысын жүргізсе, оны 1 миллиард 500 миллион теңгеге бағалайды да, мемлекеттен сол ақшасын сегіз жыл бойы сорееп отыра береді. Мемлекет сол сегіз жыл ішінде төлеп құтылады. Ол бер жағы ғой, 1200 баланың әр қайсысына мемлекет ай сайын 37 миллион теңгені 9 ай бойы төлейтіні тағы бар. Кәсіпкер 37 миллион теңгенің ішінен мұғалімдердің жалақысы сияқты шығындарды жапқанның өзінде, қалтасы әжептеуір томпиып тұрады. Осы ма, кәсіпкердің елге жаны ашып, мектеп сала қалғаны? Осы ма, Атымтай жомарттығы? Кәсіпкер өзі салған мектепке құрылтайшы ретінде директорды өзі тағайындағаны бар ғой, нағыз жемқорлықтың дәлізі болып шықпай ма? Міне, біз білетін кәсіпкер Низамхан Сулейманов мырза жеті айдың ішінде 7 мектеп салып, айды аспанға бірақ шығарды. Не деген, Атымтай жомарт еді?! Әр мектепті құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланыпты! Байысын! Бірақ, неге мектептің бірі өз атымен аталады? Екінші бір мектеп неге әйелі Арофаттың есімімен аталады? Осы мәселе ғана мүйізденіп тұрғаны... Тағы бір мектеп досы Қарабаевтің есімін иеленіпті. Егер, сіз миллиардер болсаңыз, тарихта қалу ұшін, атыңыз шығу үшін мектеп салыңыз! Бәлкім, сол мектепке тоқалыңыздың есімін бере саларсыз, а? Хехе, хе...