Ел мәдениетінің Астанасына айналды
Ел мәдениетінің Астанасына айналды
558
оқылды
Астана атауы әлемдік деңгейде мәдени брендке айналып үлгерген. Жыл сайын елорданың мәдени өмірі қызып, өнер ордасына айналуда. Айталық, тек биылдың өзінде қалада Мәдениет басқармасының ұйымдас­тыруымен 16 267 іс-шара өтіпті. Осыған орай, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ақерке Жұманбаевамен елорданың мәдени бола­шағы жайлы сөйлестік. Оның айтуынша, қазір Астана қаласының әкімдігіне қарасты 13 мәдени мекеме бар. 2022 жылдың басты жаңалығы – оң жағалауда орналасқан «Жастар» сарайы­ның жөндеу жұмыстары­ның аяқталуы. Аталған сарайдың толық­қанды іске қосы­луы оң жағалаудағы тұрғындардың салауат­ты өмір салтын ұстануына зор үлес қосуда. Айта кету керек, «Жастар» сарайы 48 жыл бұрын салынған. Сол сәттен бастап ол – қаланың визит карточкасына айналды. Қазір ғима­ратта күрделі жөндеу жүргізілді. Бұрын бұл нысан жөнделмеген, бұл қайта құру қа­жеттілігіне алып келді. Нысанның сырты, сондай-ақ бассейн, сахна және тағы басқалар жөнделді. Бірақ фойедегі бірегей бояу, Таскөл жергілікті кен орны­ның мәр­мәрланған әктасынан жасалған едендер сақталды.
– Мұндай мәдени және спорттық нысандардың қала тұрғындары мен елорда қонақтары үшін әрдайым ашық болуы керек. «Жастар» сарайында креативті кластер үшін өзіндік жаңа аймақ ашылды, онда сурет галереялары, жастарға арналған коворкинг-орталықтар, перформансқа арналған аймақтар және тағы басқалар орналасқан. Мұнда жастар өз әлеуетін іске асыра алады, идеяларын, ұсыныстарын талқылайды, тәжірибе, пікір алмасады. Осылайша «Жастар» сарайы биылдың өзінде креативті жастар үшін өзіндік шығармашылық хабқа айналды, – дейді Ақерке Жұманбаева.
Қожаға ескерткіш қойылды «Балалар жылы» аясында Астана қаласының «Жетісу» саябағында «Менің атым Қожа» фильмінің басты кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы желісімен 1963 жылы түсірілген фильмнің басты кейіпкері Қожаға қойылған мүсіннің биіктігі – 183 см. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 265 см. Идея авторы Мұрат Қожамқұловтың бастамасы­мен ескерткіш қою мәселесін белгілі журналист Жанболат Аупбаев көтерген болатын.
– Өркениетті елдерде кітаптың кейіп­керіне ескерткіш қойылады. Ол сол елдің мәдениетінің белгісін білдіреді. Мысалы, 1935 жылы атақты американ жазушысы Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің бастан кешіргендері» повесіне байланысты ел қаржы жинап, шығарманың басты кейіпкерлеріне ескерткіш орнатады. Осындай ескерткіш астанада ашылып отыр, – деді Жанболат Аупбаев.
Ескерткіштің ашылу салтанатына фильмде Қожаны сомдаған Нұрлан Сегіз­баев, Жанар рөліндегі Гүлнәр Құрабаева, сондай-ақ фильмнің режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева келіп қатысқан. Мүсінші Азамат Талапханның айтуынша, бұл идея­ны жүзеге асыру үшін үш айға жуық уақыт кеткен.
– Бұл ескерткішті жасау туралы ұсыныс түскен бойда мен түрлі идеяларды қарас­тыра бастадым. Басты кейіпкердің мінезін көрсету, шығарманың атмосферасын жет­кізу өте маңызды болды. Сөйтіп, бір ше­шімге келдік. Фильмдегі ең есте қалатын көріністердің бірін жаңғыртып, басты кейіпкер Қожаның айна алдында отырған сәтін бейнеледік. Жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ, біздің туынды халыққа ұнайды деген се­нім­деміз, – деді ескерткіш авторы.
Осылайша, елордада қала тұрғындары үшін тағы бір мәдени ескерткіш бой кө­терді. Театрды тегін тамашалайды
– Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар­дың бірі «Мәдени Ел» жобасы 2022 жылы бастау алып, жоғары деңгейде жүзеге асы­рылып, жыл бойы қоғамға өзінің тиімді­лігін көрсеткенін байқадық. Бұл жобаның мақсаты – ақысыз негізде Астана қаласы әкімдігінің ұйымдарына қарасты мекеме­лердің әлеуметтік және коммуналдық шаруашылық қызметкерлерін театрларға шақыру. Осы жоба аясында 3600 қызметкер опера және балет қойылымдарын тегін тамашалады, – дейді Астана қаласы Мәде­ниет басқармасының бөлім басшысы Ақерке Жұманбаева.
Мәдениет басқармасының қолдауымен «Дос-Мұқасан» тобының «Далам менің» атты жеке концерті, Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған «Атамекен» концерті өтті. Ұлттық домбыра күніне орай 7 шілде күні Астана қаласында Ұлттық аспа­бымызды ұлықтауға арналған мерекеге байланысты «Жас домбыра» концерті ұйымдастырылды. Астана күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Mereke Street» фестивалі өтті. Фестиваль бірнеше күнге созылып, қала қонақтары әртүрлі шараларға қатысып, мерекелік көңіл-күйді сезінді. Сонымен қатар, қала сыртындағы шалғай өңірлердегі тұрғындарға «Думанды Астана» атты арнайы кеш ұйымдастырылды. Айта кету керек, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «TЕАТРALL» театр фестивалі биыл Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналды. 22-30 қазан аралығында Астана қаласы әкімдігі және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры­ның ұйымдастыруымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, халықаралық түркі мемлекеттерінің (ТҮРКСОЙ) ұйымы қолдауымен өткен бұл өнер фестивалінде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Санкт-Петербург камералық «ТОК» театры сынды 14 ұжым өнер көрсетті. «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәде­ниеті ұйымы атынан театрдың жабылу сал­танатына Анкара қаласынан арнайы келген халықаралық түркі мәдениеті ұйы­мы­ның қаржы директоры Санжар Мехмет Мүләзімоғлы мырза және «ТҮРКСОЙ» ұйымының кеңесшісі Шаф­хат Исмайлов мырза барлық қатысушы театрларға фестивальді жоғары деңгейде өткізгені үшін айрықша алғысын білдірді. Мәдениет саласының дамуына үлес қосқаны үшін Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Құрмет» төсбелгісімен мара­пат­талды. Сондай-ақ Фарход Бойнозаров пен Әділ Ахметов «Ш.Айтматов» төсбелгісімен; Арадов Мурад «Махтумкули» төсбелгісімен, Анар Сыдығалиева, Батырбек Шамбетов, Болат Ибраев, Ринат Заитов, Тұрсынбек Қабатов, Ербол Есен­досов, Айбол Шәкіржанов, Нартай Сау­дан­беков «Мұхтар Әуезов» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар фестивальде ерекше өнер көрсеткен өнарпаздарға да арнайы жүлделер табысталды. Бір аптаға созылған бұл фести­валь­ге шетелдік 6 театр мен республика­мыз­дың театрлары қатыс­ты. Фестивальді 9 мың қала тұрғындары мен қонақтары тама­шалады. Ерекше театрдың ерен еңбегі Елорда төрінде тағы бір жаңа театрдың тұсауы кесілді. Qanattylar деп аталатын бұл айрықша театр еліміздегі ерекше жандар­дың талантын ашуға бағытталып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөгетсіз болашақ қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп, өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс» деп құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Президент мән берген мәселенің бүгінгі таңда қоғамда оңтайлы шешім тауып жатқаны көңілге қуаныш орнатады. Соның айқын бір мысалы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар театры жанынан құрылған Qanattylar инклюзивті театрының тұсауы кесілді. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған ерекше жандарға арналған театр ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен шымылдығын түрді. Ал биыл Орталық Азиядағы тұңғыш «Қанаттылар» инклюзивті театры «Қыз­жылаған» спектаклін сахналады. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы режиссер Болат Атабаевтың сахналауымен 25 жылдан бері театр сахналарынан түспей келеді. Аталған пьесаның негізінде дайындалған «Қыз­жылаған» спектаклі – Семей ядролық полигонынан жетілмей қалған қыз өмірі­нен сыр шертеді.
– Инклюзивті театр ашу идеясы көптен бері ойда жүрген армандарымның бірі еді. Qanattylar театры арқылы еліміздегі талант­ты жастардың басын бір сахнада түйістіріп, олардың бүгінге дейін көпшілік білмей, байқамай келген өнерлерін жұрт алдында паш етіп, ел мүмкіндігі шектеулі деп санайтын ерекше жандардан өнердің нағыз жұлдызын жасап шығару һәм сол арқылы көрермендерімізді бойындағы барына шүкіршілік ете білуге үндегіміз, ой сал­ғымыз келді, – дейді Qanattylar инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов.
Елорданың мәдени ошаққа айнал­ғанына жоғарыда атап өткен мысалдар айқын дәлел. Алдағы жоспар бойынша басқарма мәдениеттегі креативті индус­трияны дамытуды қарастырып отыр.