Ғылым жолын ешкім ермек үшін таңдамайды. Өйткені бұл саланың әуре-сарсаңға салар мехнаты көп. Тарихта да талай ғалым бір жаңалық ашуға тұтас ғұмырын арнаған. Тіпті, өмірін арнаса да, оң нәтижеге қол жеткізе алмағандары қаншама?! Ендеше ғылым – есі кеткендердің емес, нағыз жанкештілердің саласы. Жақында мемлекеттік «Дарын» сыйлығын 23 жастағы жас ғалым Камила Егізбек иеленді. Оның жетістігі «қазақ ғылымы қартайып барады» деген қоғамдағы стереотипті бұзғандай болды. Жас ғалымның ізденістері жайлы өзінен сұрадық. – Жуырда ғана мемлекеттік «Дарын» сыйлығын алдыңыз. Жалпы ғылым жолын таңдауыңызға не әсер етті? – Ғалым боламын деп бала кезімнен армандадым. Осы мақсатқа жету үшін мектепте оқып жүргенде түрлі жобаларға қатыстым. Осылайша, оқушы кезімнен бастап ғылымға қызығушылық таныттым. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген жақсы сөз бар. Менің ойымша, барлық бала талантты болады. Тек сол баланың дарынын ұштау жақсы ұстаздың кезіккеніне байланысты. Менің бағыма орай мектепте физика пәнінен Светлана Олишевич сабақ берді. 2014 жылы маған қазіргі ғылыми жетекшім Артем Леонидович оқыған Ядролық физика институтының Астана филиалында нанотехнология және ядролық физика бойынша дәрістер курсын тыңдауға мүмкіндік туды. Артем Леонидович ешқандай ғылыми тәжірибеміз болмаса да бізге ғылыми күрделі материалдарды қарапайым және қысқа түрде түсіндірді. Сонымен қатар оқушыларға зертханалар мен DC-60 ауыр иондарының үдеткіші бойынша ЯФИ АФ-ға экскурсиялар жүргізілді. Мен үшін бұл өте қызықты болды. Дәріс аяқталғаннан кейін мен физика зертханасында тағылымдамадан өткім келді. Осы оқиғалар менің мамандық таңдауыма және одан әрі ғылыми ізденістермен айналысуыма әсер етті. – Естуімізше, биомедицина саласы және су тазарту үшін наноқұрылымды темір бар материалдарды қолдану технологиясын зерттеп жүр екенсіз. Бұл қандай технология? – Технологияның негізінде магниттік қасиеттер арқылы органикалық бояғыштардан немесе ауыр металдардан (мысалы, марганец) суды тазалай аламыз. Тазарту үшін құрамында темірі бар нанобөлшектерді пайдаланамыз. Яғни, марганец нанобөлшектердің бетіне адсорбцияланады, содан кейін бұл нанобөлшектерді магниттермен ұстап алады. Оны кейінірек жартылай өнеркәсіптік немесе өнеркәсіптік масштабта қолдануға болады. Биомедицинада бұл нанобөлшектер магниттік гипертермияда қолданылады. Яғни, темір бар нанобөлшектер сыртқы магнит өрісінің әсерінен ісікке айналып 42°C-қа дейін қызады, бұл ісік сау тіндерге зиян келтірместен жасушаларды бұзады. Құрамында темірі бар нанобөлшектердің бірдей магниттік қасиеттері дәрі-дәрмектерді жеткізуде де қолданылады. – Қазір физика-техникалық факультетте «Ядролық физика» мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқисыз. Ядролық физика ғылымның ең қиын саласының бірі емес пе? – Иә, шынында да, ядролық физика – ең күрделі сала. Сонымен бірге ғылымның ең қызықты және дамып келе жатқан салаларының бірі. Ядролық физика 1911 жылы Резерфордтың тәжірибесінен басталады. Ядролық физиканың атасы Эрнест Резерфорд деп айтсақ болады. Оған дейін Демокрит ең кішкентай бөлшек атом деп айтып келген болатын. Ал Резерфорд тәжірибе жүзінде атомның ортасында ядро бар екенін, 90 пайыз ауыр зат атомның ортасында орналасқанын, яғни протонның бар екенін анықтайды. Кейін оның шәкірті Джеймс Чедвик нейтронды табады. Сөйтіп, атом ядродан, ядро протон мен нейтроннан тұрады дейтін тұжырыммен ядролық физика басталады. Ядролық физиканың мақсаты – ядролардың қалай орналасқанын, ядролардың ішінде қандай реакциялар жүріп жатқанын, оның құрамы, құрылысы қандай, ядролық элементтердің ішіндегі бізге белгісіз қандай элементтер бар деген сынды тақырыптарға зерттеулер жүргізу. Мысалы, бұрын химиялық элементтердің саны 107 болған, қазір олардың саны 117-120-ға жетіп қалды. Ядролық физика әртүрлі бағытта дамиды. Мысалы, энергетика, ядролық медицина бағытында. Осы ядролық физиканың пайда болуының арқасында тізбекті реакцияның, реактордың, ядролық бомба мен атомдық қарулардың пайда болуымен үлкен соғыстар тоқтатылды. Жалпы, ядролық физиканы қиын деп қорқудың қажеті жоқ. Маңыздысы – бұл салаға деген қызығушылық болса болғаны. Ең бастысы – бас тартпау. Бір тақырыпты түсінбедім екен деп ғылымнан қол үзетін жандар бар. Бірақ ғылым – үнемі ізденіс пен уақытты, төзімділікті қажет етеді. Сондықтан түсінбеген кезде тоқтап қалмай, басқа ғалымдардан сұрап, түрлі әдебиеттерді оқу қажет. – Басқа қандай жобалармен айналыстыңыз? – Мен тазарту саласында жоғары тиімділікке ие церий мен гадолиний қосылған құрамында темір бар нанобөлшектерді алу әдісін әзірледім. Сондай-ақ синтездеу және термиялық өңдеу жағдайларына байланысты синтезделген нанобөлшектердегі құрылымдық ерекшеліктер мен фазалық өзгерістерге іргелі зерттеулер жүргіземін. Қазір практикалық қолдану үшін құрамында металл бар нанобөлшектердің ZnO допингінің әсерін зерттеумен белсенді айналысудамын. – Елімізде жас қалымдарға қолдау қаншалықты деңгейде? Жобаларыңызға мемлекет қолдау көрсетті ме? – Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың ғылыммен айналысуына қолдау көп. Жас мамандардың зерттеулеріне түрлі гранттар бөлінеді. Сонымен қатар жастар шетелдің белді оқу орындарынан тағылымдамадан өтіп жүр. Мұның бәрі жастарға еліміздің дамуы үшін ғылыми зерттеулермен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Президент өз Жолдауында гранттың жүру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін өсірді. Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Себебі кейбір ғылым саласы уақытқа бағынбайды. Мысалы, жануарлардың жаңа түрін, картоп пен астықтың жаңа сортын алуға он жылдап уақыт кетеді. Ал кейбір жұмыстардың жетекшілері үш жыл біткен соң басқа конкурсты жеңіп алып жалғастырмаса, жоба аяқсыз қалып жатады. Сондықтан ғылым саласын дамытуға гранттың бес жылға бөлінгені өте орынды. Бұған дейін жас ғалымдарға арналған жеке конкурстар болмаған. Тек былтырдан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліне бастады. Енді жастар қолынан келгенше елімізді экономикалық жағынан дамытуға бағытталған тың зерттеулер жасайтын болады. – Скопусқа 15-тен астам ғылыми мақала жариялапсыз. Жалпы қоғамда әлемдік журналдарға мақала жариялау қиын деп жиі айтады. Бұл қаншалықты шындық? – Ғылыми мақалаларды белді ғылыми басылымдарда жариялау – зертханада өткізген көптеген сағаттардың, ғылыми әдебиеттерді талдауға арналған ұйқысыз түндердің, байқалған өзгерістерді сипаттаудың, нәтижелерді талқылау кезінде әріптестерімен дауласудың нәтижесі. Осы кезеңдерді өткергеннен кейін ғана ғылыми-зерттеу жазып, оны скопуста жариялауға мүмкіндік аласың. Әлемдік журналдарға мақала жариялағаннан кейін ғана сол жоба нақты сенікі болып бекітіледі. Ал скопусқа мақала жарияламай, өзін ғалыммын деп санау – ұят. Себебі мақала түріндегі түпкілікті нәтиже – ғалымның ғылыми қызметін бағалау критерийлерінің бірі. Бұл жерде зерттеушінің жасы да, діні де маңызды емес. Ең бастысы, өз зерттеуін жақсы көріп, сол салада нақты деңгейге жету. Иә, мен 15-тен астам ғылыми мақала жарияладым, оның ішінде 10 мақала импакт факторы жоғары халықаралық басылымдарда басылды. Scopus базасы бойынша Хирш индексім 4-ке тең. Ендеше қоғамда қалыптасқан «әлемдік журналдарға мақала жариялау қиын» деген сөз қисынсыз. Ізденсең, әрқашан дамуға ұмтылсаң бәрі оңай. – Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Болашақта нанобөлшектерді медицинада онкологиялық ауруларды емдеуде қолдану мүмкіндігін зерттеуді жалғастырамын. Сондай-ақ өзім зерттеген технологияларды өнеркәсіптік өндіріске енгізуді жоспарлап отырмын. – Әңгімеңізге рақмет!