Саулық ісіне салғырт қарауға болмайды
Саулық ісіне салғырт қарауға болмайды
412
оқылды
«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жа­нын­дағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің оты­­рысы өтті. Қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов төрағалық еткен қоғамдық кеңес отырысына партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев пен кеңес мүшелері қатысты. Басқосу Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқар­масының қызметін зерделеуге арналды. Аталған басқармадағы сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыстарды зерделеу бо­йынша арнайы жұмыс тобы құ­рылған еді. Отырыста жұмыс то­бының мүшесі Гүлмира Әб­дікәрімова атқарылған жұмыс­тар­дың қорытындысына қатыс­ты баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, қаланың денсаулық сақтау жүйе­сін қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Алайда саланың тек­серіс нәтижелері көңіл қуант­пайды. Қалада ана мен бала өлімі жылдар бойы төмендемеген. Бү­гінге дейін жүргізілген әлеу­мет­­тік зерттеулер кезінде, қала тұр­­ғындарының 53,9 пайызы көр­­сетілетін медициналық қыз­мет­тің сапасына және медици­на­лық көмектің қолжетімділігіне көңілі толмайтыны белгілі болған. Арнайы құрылған жұмыс тобының мүшесі өз баянда­ма­сында аталған басқармаға қатыс­ты басқа да бірқатар кемшілікті тізіп шықты. Мәселен, 2022 жыл­­ғы 1 қыркүйектегі жағдай бо­йынша Алматы қаласы әкі­мінің 2022 жылғы 16 маусымдағы № 48ө өкімімен бекітілген штат­тық кестеге сәйкес, басқармадағы мемлекеттік әкімшілік қызмет­керлердің штат саны 34 деп бе­кітілген. Алайда бүгінгі таңда бас­қармадағы кадрлармен қам­тамасыз етілуі деңгейі бар бол­ғаны 18 бірлікті құрайды.
 «Тексеру кезінде Алматы қаласы әкімдігінің интернет-сай­тында 2022 жылы жариялан­ған денсаулық сақтау басқар­ма­сының бос лауазымдары туралы хабарландыруларға талдау жа­садық. Нәтижесінде, 16 орынға қызметкер жетіспейді. Басқарма бос орындарға өтпеген конкурс­тарға талдау жүргізбеген», – дейді Г.Әбдікәрімова.
Спикердің айтуынша, бас­қармадағы шешілмеген кадр мәселесін ведомстволық бағы­нысты ұйымдардың іссапарға жіберілген қызметкерлері жүзеге асырып келген. Бұл «Мемлекет­тік қызмет туралы» заңның, Ең­бек кодексінің талаптарына қайшы. Мониторинг жүргізу кезінде 1 қыркүйектегі жағдай бойынша басқарманың ведомстволық ба­ғынысты ұйымдарынан мемле­кеттік органға мемлекеттік қыз­меткер емес 13 адам іссапарға жіберілгені анықталған. Гүлмира Чапайқызы кел­тірген деректеріне қарасақ, Ал­матыда медициналық ұйым­дар­дың бірінші басшыларын ро­тациялау тәжірибесі біржола тоқтатылған. Соның нәтиже­сін­де, мегаполистегі кейбір бас дә­рігерлер бір мекемеде 8 жылдан 13 жылға дейін үздіксіз қызмет атқарып келген. Бір тұлғаның бір лауазымда ұзақ уақыт болуы – сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерінің алғышарты. Онсызда соңғы жылдары қаланың ден­саулық сақтау жүйесінде сы­бай­лас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық саны өскен. Нормативтік құқықтық актілерде басқарманың ведомстволық ба­ғынысты ұйымдарының бас дә­рігерлерін ротациялау бойын­ша талаптар жоқ. Тексеру кезінде медициналық ұйымның 5 басшысы зейнеткер­лік жасқа жетсе де тапжылмай еңбек етіп отырғаны белгілі болған. Қаланың денсаулығына ті­келей жауапты басқармаға ба­ғынышты бірнеше ұйым­дардың веб-ресурстарындағы ақпарат­тарға шолу барысында келесі кемшіліктер анықталған. Бақы­лау кеңесінің құрамы мен қызметі туралы ақпарат жаңар­тыл­майды немесе тіптен дерек­тер жоқ. Кейбір жағдайларда медициналық ұйымның Ұйым­дастыру құрылымында Байқау кеңесі көрсетілмеген. Жекелеген медициналық ұйымдардың веб-сайттарында күші жойылған нор­мативтік құқықтық актілерді ор­наластырылған. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың толықтығы мен сауаттылығы жағынан орыс тілінде орналастырылған ақ­па­раттан айтарлықтай төмен дең­гейі анықталды. Сонымен қатар тексеріс ке­зінде тұрғындардың медицина ұйымдарына қатысты өтініш-ті­лектеріне тиісті назар ауда­рыл­мағандығы да анықталған.
«Басқарманың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінде қаңтар-қыркүйек ара­лығында 8 айда барлығы 1908 кіріс хат тіркелген, оның ішінде 1785 бірыңғай базада жабыл­ма­ған. Бұл құжаттардың орын­да­луын бақылау жоқтығын көр­сетеді. Және Үкіметтің «Мем­ле­кеттік және мемлекеттік емес ұйым­дардағы басқару жүйелері құ­жаттамалық ресімдеу, құжат­таманы басқару және электрон­дық құжатты пайдалану қағида­ларын бекіту туралы» қаулы­сы­ның талаптарын сақталмағанын айғақтайды. Қазір уәкілетті ор­ганның өтініштерге жауап беру сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды. Көбінесе, мәселелер әлеуметтік желілерде жариялан­ғаннан кейін ғана шешіле бас­тайды», – деп атап өтті жұмыс тобының мүшесі Г.Әбдікәрімова.
Мұнан соң Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков өзі басқаратын ме­кеме жұмысына айтылған айтыл­ған сын-пікірлерге жауап берді. Негізгі баяндамадан соң кеңес мүшелері қаланың ден­сау­лығына жауапты мекеменің бас­шысына қала түрғындарының денсаулығы мен оларға көр­се­тілетін медициналық қызметтің сапасына қатысты сұрақтарын қойды. Барлық қойылған сұрақ­тарға басқарма басшысы тара­пынан жауап берілді. Отырысты қорытындылаған «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төра­ғасы, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов Қоғамдық ден­саулық сақтау басқарма­сы­ның жетекшісіне бүгінгі жиында айтылған кемшіліктерді уақыт созбай түзетуді тапсырды. Өз кезегінде басқарма бас­шысы барлық айтылған сын ескертпелер назарға алынғанын айтып, оларды тез арада қалпына келтіретіндігін жеткізді.

Алматы қаласы