Қазақ-өзбек қатынасындағы жаңа деңгей
Қазақ-өзбек қатынасындағы жаңа деңгей
1,230
оқылды
Қазақ пен өзбек одақ құрады. Осын­дай елең еткізерлік хабар та­рады. Бұған «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ара­сын­дағы одақтастық қатынастар туралы шарт» жобасының жариялануы себеп. Өз түсініктемесінде еліміздің сыртқы саясат ведомствосы шарт күшіне ен­се, «екіжақты ынтымақтастық одақ­тас­­тық қатынастар деңгейіне көтері­леді» деп күтілетінін мәлімдеді. Екі ел бұл бағытта былтырдан бері қадам жа­сап келеді. Өзбекстан Үкіметінің биік лауазымды өкілі осы үшін Қазақ­станға он шақты рет сапарлаған. 28 жыл­ға ұзаған өзбек тауарын қазақ на­­рығына еркін жіберу келіссөзі оң аяқ­талды. Алда бауырлас қос ел сырт­тан төнетін қатерден бірлесе қорғануы да мүмкін. Орталық Азияның тыныштығын күзетеді Бүгінде жаһанды жайлаған алапат гео­саяси дауыл әлемдік тәртіптің өзгеруіне жол ашты. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан­ның қайта одақтасуына тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Қос республика осы қадамға біраздан дайындалып жатқаны аңғарылады. Мұндағы ең маңызды белес – Қазақстан Президентінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы Ташкентке тарихи сапары болды. Оның қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің мемлекетаралық қа­тынастардың мәртебесін одақтастық дең­гейіне көтеруге шешім қабылдауы стратегия­лық маңыздағы уағдаластықтардың біріне ай­налды. Нәтижесінде, қос президент «Қа­зақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Рес­пуб­­ликасы арасындағы Одақтастық қаты­настар туралы декларацияға» қол қойды. Қ.Тоқаев келіссөздердің жай-жапсарына тоқталып, өзбек әріптесімен бірге «мем­ле­кетаралық қатынастардың мәртебесін одақ­тастық деңгейіне дейін көтеруге уағдалас­қандарын» мәлім етті. Президент мұның «ел­де­ріміз арасындағы мүлдем жаңа сапалы дең­гей» екенін және «одақтастық қатынастар мем­лекеттерімізге ерекше міндет жүктей­тінін» атап өтті. Ал жаңа одақ практикалық пай­дасы бар, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде пәр­менді ұйым болуы үшін Қ.Тоқаев өзбек көш­басшысына одақтың жоғарғы органы ре­тінде мемлекетаралық кеңесті құруды ұсын­­ған. Шавкат Мирзиёев оны қуана қош­тапты. Ресми дерек бойынша, дәл осы Кеңес аясында президенттер «қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса алатын болады». Бірақ былтыр қазақстандық сарап­шылар бұл бетбұрысқа салмақты мән бер­меді. Өзбек және ресейлік саясаттанушылар мұның тек декларация екенін, республи­каларды ешнәрсеге міндеттемейтінін алға тартты. Енді бәрі өзгереді: Сыртқы істер ми­нистр­лігі «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақ­тастық қатынастар туралы шартқа қол қою туралы» Президент Жарлығының жобасын әзірледі. Мұның сыртында осы аттас екі­жақты шарт жобасы жаңа жылда Парламент­тің ратификациялауына шығарылады, заң жүзінде бекітіледі. Яғни, құжаттағы келісім­дер мен талаптарды екі ел халықаралық міндеттеме түрінде ресми қабылдайды. Одақтың қуаты – бірлікте Одақтастық қатынастар туралы шарттың қаншалықты орындылығына Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді түсініктеме берді.
«Шарт жобасының мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылын, ын­тымақтастығын одақтастық қатынастар дең­гейіне көтеріп, оны заңдық рәсімдеу болып отыр. Шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық, инвес­тициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты іс-қи­мыл­ды кешенді дамытуға және өзара тиімді ық­палдастықты одан ары тереңдетуге ықпал ететін болады. Бұл келісім Қазақстан рати­фи­ка­циялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушысы болып есептелетін халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді», – деді Сыртқы істер министрі. Яғни, Еуразиялық одақтың тіршілігіне кереғар болмайды.
СІМ мәліметінше, әзірге Қазақстан мен Өзбекстан арасында 1998 жылғы 31 қазан­дағы Мәңгілік достық туралы шарт және 2013 жылғы 14 маусымдағы Стратегиялық әріп­тестік туралы шарт бар. Ал одақ туралы шарт бекітіліп, күшіне енсе, туыстас елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі бастау алады. Сондай-ақ шарт жобасында бірлесе қор­ғанысқа баса назар аударылған. Ол туралы бірнеше рет қайталанады. Мысалы, Ор­талық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге бағытталған бір­лескен күш-жігердің қажеттілігіне назар ау­д­арылды. Қазақстан мен Өзбекстанның еге­мендігі мен қауіпсіздігіне төнген кез кел­ген сын-те­геуріндер мен қатерлерге бірлесіп күш жұм­сап, тізе қоса қарсы тұратыны көр­сетілген. Бұдан бөлек, жаңа одақтастық қаты­настар екі бауырлас халықтың өмірлік маңыз­ды және ұзақмерзімді ұлттық мүд­делеріне сай келетіні, Орталық Азияда бей­бітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші фактор ретінде қызмет ететіні айтылған. Одақтастық қаты­настарды шарттық-құқықтық бекіту Қа­зақстан мен Өзбекстанның тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан ары нығайтуға жәрдемдесетіні нақтыланды. Шарттың 2-бабына сәйкес, егер қос одақ­тастың бірі «үшінші мемлекеттер тара­пынан қарулы шабуыл қаупі төнді» деп есептесе, онда тараптар бір-бірімен дереу тиісті кеңестер өткізеді және қауіпті жағдай­ды реттеуге ықпал ететін шаралар қабыл­дайды.
«Одақтастық туралы шарт жобасында екі елге қарсы ықтимал қарулы шабуылды бейбіт жолмен реттеу туралы ғана сөз болып отыр. Түркия – Әзербайжан бірлескен ар­миясының құрылғаны сияқты ортақ армия құру көзделмеген, жобада оның тетігі де қарастырылмаған. Бірақ білуімізше, егер Қа­зақстанға қауіп төне қалса, өзбек армия­сының жедел көмекке келетіні туралы уағ­да­ластық бар көрінеді. Ең бастысы, енді екі ел ұдайы бірлескен әскери жаттығулар өт­кізіп тұруы тиіс. Өзге органдардың, мы­салы төтенше жағдай құрылымдарының бір­лесе қимылдау тәжірибесі бар. Айтпақ­шы, өзбек құтқарушылары біздікіне қара­ған­да, әлде­қайда озық жарақтанған әрі олар батыстың үздік жабдықтарын пайдаланады», – деді әскери сарапшы, полковник Нұрахмет Баймұрат.
Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне қауіп төндіретін блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін қабылдап отыр. Егер қолданыстағы ұйымның бірінен сон­дай қатер болса, мемелекет одан шығуы шарт. Одақ аясында көпқырлы ынтымақ­тастықты нығайту үшін жоғарғы орган – Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады. Оны Қазақстан–Өзбекстан президенттері басқарады. Оның жиынында тараптардың ортақ мүдделеріне қатысты ең маңызды мәселелер қаралады, мемлекет басшылары одақтастық қатынастарды ары қарай да­мы­тудың стратегиялық бағыттарын айқын­дайды. [caption id="attachment_230229" align="aligncenter" width="1555"]қазақ-өзбек қатынасы © коллаж: Қуаныш Аман[/caption] Жоғары мемлекетаралық кеңес – ұлтүс­тілік орган: ол «қол жеткізілген уағдалас­тық­тардың жоғары деңгейде орындалуын бақы­лайтын мемлекетаралық орган бола­ды». Оның отырыстарына президенттерден бөлек Парламент депутаттары және Үкімет басшылары қатысады. Кеңестің тұрақты немесе уақытша негіздегі жұмыс топтары болады. Кеңес шешімдері тек консенсус негізінде қабылданады. Ал туыстас елдер сыртқы саясат, қор­ғаныс және қауіпсіздік салаларында өзара тығыз іс-қимылдауы үшін екі мемлекеттің Қауіпсіздік хатшыларының кеңесі мен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі құры­лып, тұрақты кездесу өткізіп тұрады. Құжат­та тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабі­летін нығайту мақсатында әскери-техника­лық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтатыны нықталған. Екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстар өрістейді. Есепті дос айырылмас Одақтастар экономика, бизнес, сауда-саттық мәселесіне айрықша мән-маңыз бермек. 2022 жыл басынан бері қазақ-өзбек тауар айналымы былтырғыдан 27 пайызға өсіп, 2,6 млрд долларға жетті. Оны он мил­лиардқа жеткізу жоспарланған. Дегенмен екі ел арасында алыс-беріске қатысты ке­дер­гілер бар. Алда оның бәрі болмағанымен, көбі жойылуы тиіс. Бұған қос мемлекет те қызу әзірленуде. Биылғы 28 қазанда Қа­зақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Премьер-ми­нистрі Абдулла Арипов Қазақстан мен Өз­бекстан арасындағы тарихи Жол картасына қол қойды. Құжат салықтық реттеу, жүк тран­зиті, білім беру, энергетика, ауыл ша­руа­­шылығы және басқа да салаларда іс-шараларды көздейді. Одақ аясында қос мемлекеттің өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, транзит, логистика салаларында өзара тиімді әріптестікті дамытуға Екіжақты ынтымақ­тастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия және Өңіраралық ынтымақтастық форумдары қызмет ететін болады. Бұдан бөлек, екіжақты сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты ілгерілету жөніндегі қос Прези­денттің арнаулы өкілдерінің инсти­туты дүниеге келеді. Қазақстан мен Өзбекстан көптеген са­лада бірін-бірі толықтыра алады. Нақты­ласақ, екі елдің өнеркәсіп, көлік және ло­гис­тика, энергетика, фармацевтика, құры­лыс сияқты салалары өзара кооперация­ланады, экономиканың әртүрлі секторында бірлескен кәсіпорындардың құрылуына жағдайлар жасалады.
Қазақстан мен Өзбекстан мұнай мен газды өңдеу және экспорттау бағытында бір­лескен жобаларды іске асыруға, жаңа құ­быр желілерін тартуға уағдаласты. Бұл жөнінде хабардар болса керек, күні кеше Ресей үшжақты газ одағын құру идеясын ұсынды. Бірақ бұған Қазақстан бірден келісе кеткен жоқ. «Оны талқылауға әлі ерте. Мем­лекеттік шешім қабылданбай тұрып, идеялар мамандардың мұқият зерттеуінен өтуі тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, бұл идеяны сарапшылар зерделейді және шешім қабылдамас бұрын өзі де зерттейтін болады», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, қазір Үкімет өзге елдермен бірге Өзбекстан арқылы да мұнай тасымалын әртараптандырудың Жол картасын іске асырып, мұнай экспортының әлеуетін арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көрші әріптестер тарапынан толық түсіністік, қолдау бар: олар төл транзиттік инфрақұрылымын ұсынуға, осы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын. Мұны таяуда Премьер де тілге тиек еткен еді.
«Біз өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағытында қарым-қатынастарды тереңдетуге дайынбыз», – деді Әлихан Смайылов.
Одақтастық аясында трансшекаралық су ресурстарын ұтымды және өзара тиімді пай­даналуға, көші-қонды реттеуге, азаматтар­дың елдер арасында еркін жүріп-тұруына жағдай жасауға, Арал мен Арал маңы ау­дандарының экологиялық жүйесін қалпына келтіруге және басқа да көкейкесті мәселе­лерге жеке орын бөлінген. Екі ел халықара­лық терроризммен, діни экстремизммен, сепаратизммен, заңсыз көші-қонмен, қару-жарақ, есірткі саудасымен күресте өз күш­терін біріктіреді және үйлестіреді. Мұның бәрін заңдастыру үшін екіжақты жекелеген шарттар жасалады. Жалпы, екі елдің қарым-қатынастарын тарихи, жаңа деңгейге көтеру үшін биыл екі елдің үкіметтік делегациялары бір-біріне қатынаумен болды. Өзбекстан Үкіметі басшысының орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жәмшид Ходжаев Қазақстанға жиі сапарлаған. Оның аясында тараптар көптеген уағдаластыққа келді. Тарата айтсақ, инфляцияны төмендету үшін еліміздегі жеміс-көкөніс өнімдерін алдын ала, форвардтық сатып алу тетігі өзбек диқандарына да таралуы мүмкін. Қа­зақстанда құрастырылған автомобильдердің экспортына өзбек нарығы ашылады. Өзбек тарапы Ауғанстанға бағытталған қазақ­стандық ұн транзитіне қойылған салықтық, басқа тосқауылдарды жояды. Елдер ара­сында жаңа әуерейстері ашылады. Жаңа жылда «Орталық Азия» халы­қ­аралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы басталады. Оның басқарушы компаниясы қазақстандық инвестор бол­мақ. Бұл халықаралық орталық – алдағы 5 жылда Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізудің практикалық іс-қимыл жоспа­рының (Жол картасының) негізгі элемент­терінің бірі. Жоба ұзақмерзімді: 3 негізгі кезеңді және 20 нақты іс-шараны қамтиды. Жалпы, қазақ-өзбек одақтастығына биыл тың серпін берілгенін тағы бір жайт паш етеді: сонау 1993 жылғы «Өзара саудада тауарлардың шығу тегі ережелерін» Өзбек­станның қолдануына рұқсат беруге қатысты ұзақ жылғы келіссөздер ақыры оң шешіммен аяқталды. Тауарлардың шығарылған елін анықтаудың бірыңғай тәртібі еркін сауда режиміне жол ашады. Яғни, өзбектер ЕАЭО-ға кірмей-ақ, соның мүшелері пайдаланатын игілікке қол жеткізе алады. Қорыта айтқанда, егер елдеріміздің алыс-берісі, барыс-келісі өрістесе, бизнес­мендері қол алысса, экономикалық ынты­мақ­тастық жолындағы тоспалар құлатылса, сыртқы жаудан бірлесе қорғану шаралары нақты қолға алынса, қазақ пен өзбектің одағы шынымен өркен жаяры сөзсіз.