Қабылдауға қалауын айтып келеді
Қабылдауға қалауын айтып келеді
600
оқылды
Бүгінде бұқара түрлі мәселенің ше­шімін табу үшін «AMANAT» партиясының жергілікті филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп жататыны жасырын емес. Бұл орайда партияның Жамбыл облыстық филиалы да «соңғы үмітім сіздерде» деп келген ағайынның сеніміне селкеу түсірмей келеді. Мәселен, биыл тамыз айында бір топ ата-ана есту қабілеті нашар балаларына ар­найы аппарат алып беру туралы өтінішпен партияның филиалына жүгінген. Мәселені партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы қоғамдық кеңес мү­шелері бақылауға алып, 37 адамды ап­па­ратпен қамтамасыз ету үшін 190,9 миллион теңге бөлінуіне ықпал етті. Оның ішінде Medel кохлеарлық импланттары бар мүге­дектігі бар азаматтардың сөйлеу процес­сорларын баптау және ауыстыру қызметі бойынша 26 адамға және Cochlear кох­леарлық имплант­тары бар мүгедектігі бар азаматтардың сөй­леу процессорларын бап­тау және ауыстыру қызметі бойынша 11 адам­ға қондырғы алып беру үшін қазір құ­жаттар рәсімделіп жатыр. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы Бесағаш ауылына қатынайтын қоғамдық көліктің жүрмей қалуына байланысты тұрғындар ша­ғым түсірді. Бұл мәселені де партия Жамбыл аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы және облыс әкімдігінің жауапты басқарма басшылары назар аударып, Тараз қалалық №2 автопаркі башыларымен келіс­сөздер жүргізу нәтижесінде қоғамдық көлік­тің тұрақты қатынауы қайта жолға қойылып отыр. Тағы бір мәселе – Т.Рысқұлов ауданы Сө­геті және Мамай ауылдарының тұрғын­дары ауызсу тапшылығын көріп отырғанын айтып партия филиалына барады. Тұрғын­дардың көтерген мәселесін зерделеген пар­тия мүшелері жауапты маман­дармен бай­ланыс орнатып, су құбырын жүр­гізу үшін желтоқсан айына дейін жоба­лық-сметалық құжаттарды әзірлеу туралы мәміле жасады. Енді келер жылы екі елді мекен де орта­лық­тандырылған ауызсуға қо­сылады. Оған дейін ескі су жүйесі жөнделіп, халыққа тіршілік нәрі уақытылы берілуде. Жасөркен ауылындағы шағын алаңдағы жасанды төсеніштің тозығы жеткені тұр­ғындардың жанына батып келген. Балалары ойнайтын ойын алаңына алаңдаулы келген ата-ана партия филиалынан көмек сұрайды. Бұл мәселеге де бейжай қарамаған партия өкілдері «Елубаева» ЖШС өзіне міндеттелген жұмысты тиісті деңгейде орындамай отыр­ғаны туралы экономикалық сотқа талап-арыз жолдайды. Қазір бұл мәселе партия филиалының жіті бақылауында тұр. Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында екі жылдан бері электр жарығының транс­форматоры дұрыс жасамауынан жарық жиі өшіп, халықты әбігерге салып келген. Тұр­ғын­дардың өтініші бойынша партия аудан­дық филиалының Партиялық бақылау ко­миссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері атал­ған мәселені жан-жақты зерделейді. Қоры­тындысында ауылдық округ әкімі мен жауап­ты бөлім басшыларына тарнсформатор ақауын толықтай қалпына келтіру туралы ұсынысхат жолданып, бүгінде олқылықтың орны толтырылуда. Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауы­лының тұрғыны Бекболат Өткелбаев «Мойынқұм-Комсомол» жолын су шайып, жол жиегінің опырылып түсу қаупін бол­дырмас үшін жолды күрделі жөндеуден өт­кізу туралы ұсы­нысын білдіреді. Тұрғын өті­нішін тыңғы­лық­ты қараған партия өкіл­дері жол бойын ны­ғайту үшін арнайы тех­никаны жұмыл­ды­рып, бүгінде олқылықтың орны толып отыр. Жуалы ауданының тұрғындары Жанқожа батыр көшесін жарықтандыру туралы талап-тілектерін жолдаған. Аудандық партия фи­лиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Жуалы аудан әкімдігі бірлесе отырып, аталған көшеге жарық беріп, халықтың өтініші оң шешімін тапты. Міне, осылайша партия бұқараның ба­зынасы мен өтініш-тілектеріне құлақ түріп, халық пен билік арасына алтын көпір болуда. Бұл, әрине, тұрғындардың партияға деген сенімін арттырып, өзара берік байланыс ор­натуға мүмкіндік беріп отыр.

Жамбыл облысы