Бүгінде бұқара түрлі мәселенің шешімін табу үшін «AMANAT» партиясының жергілікті филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп жататыны жасырын емес. Бұл орайда партияның Жамбыл облыстық филиалы да «соңғы үмітім сіздерде» деп келген ағайынның сеніміне селкеу түсірмей келеді.
Мәселен, биыл тамыз айында бір топ ата-ана есту қабілеті нашар балаларына арнайы аппарат алып беру туралы өтінішпен партияның филиалына жүгінген. Мәселені партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері бақылауға алып, 37 адамды аппаратпен қамтамасыз ету үшін 190,9 миллион теңге бөлінуіне ықпал етті. Оның ішінде Medel кохлеарлық импланттары бар мүгедектігі бар азаматтардың сөйлеу процессорларын баптау және ауыстыру қызметі бойынша 26 адамға және Cochlear кохлеарлық импланттары бар мүгедектігі бар азаматтардың сөйлеу процессорларын баптау және ауыстыру қызметі бойынша 11 адамға қондырғы алып беру үшін қазір құжаттар рәсімделіп жатыр.
Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы Бесағаш ауылына қатынайтын қоғамдық көліктің жүрмей қалуына байланысты тұрғындар шағым түсірді. Бұл мәселені де партия Жамбыл аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы және облыс әкімдігінің жауапты басқарма басшылары назар аударып, Тараз қалалық №2 автопаркі башыларымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде қоғамдық көліктің тұрақты қатынауы қайта жолға қойылып отыр.
Тағы бір мәселе – Т.Рысқұлов ауданы Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары ауызсу тапшылығын көріп отырғанын айтып партия филиалына барады. Тұрғындардың көтерген мәселесін зерделеген партия мүшелері жауапты мамандармен байланыс орнатып, су құбырын жүргізу үшін желтоқсан айына дейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу туралы мәміле жасады. Енді келер жылы екі елді мекен де орталықтандырылған ауызсуға қосылады. Оған дейін ескі су жүйесі жөнделіп, халыққа тіршілік нәрі уақытылы берілуде.
Жасөркен ауылындағы шағын алаңдағы жасанды төсеніштің тозығы жеткені тұрғындардың жанына батып келген. Балалары ойнайтын ойын алаңына алаңдаулы келген ата-ана партия филиалынан көмек сұрайды. Бұл мәселеге де бейжай қарамаған партия өкілдері «Елубаева» ЖШС өзіне міндеттелген жұмысты тиісті деңгейде орындамай отырғаны туралы экономикалық сотқа талап-арыз жолдайды. Қазір бұл мәселе партия филиалының жіті бақылауында тұр.
Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында екі жылдан бері электр жарығының трансформаторы дұрыс жасамауынан жарық жиі өшіп, халықты әбігерге салып келген. Тұрғындардың өтініші бойынша партия аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері аталған мәселені жан-жақты зерделейді. Қорытындысында ауылдық округ әкімі мен жауапты бөлім басшыларына тарнсформатор ақауын толықтай қалпына келтіру туралы ұсынысхат жолданып, бүгінде олқылықтың орны толтырылуда.
Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тұрғыны Бекболат Өткелбаев «Мойынқұм-Комсомол» жолын су шайып, жол жиегінің опырылып түсу қаупін болдырмас үшін жолды күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсынысын білдіреді. Тұрғын өтінішін тыңғылықты қараған партия өкілдері жол бойын нығайту үшін арнайы техниканы жұмылдырып, бүгінде олқылықтың орны толып отыр.
Жуалы ауданының тұрғындары Жанқожа батыр көшесін жарықтандыру туралы талап-тілектерін жолдаған. Аудандық партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Жуалы аудан әкімдігі бірлесе отырып, аталған көшеге жарық беріп, халықтың өтініші оң шешімін тапты.
Міне, осылайша партия бұқараның базынасы мен өтініш-тілектеріне құлақ түріп, халық пен билік арасына алтын көпір болуда. Бұл, әрине, тұрғындардың партияға деген сенімін арттырып, өзара берік байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.