Жеке сот орындаушылар жұртты «сазға отырғызуда»
Жеке сот орындаушылар жұртты «сазға отырғызуда»
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,014
оқылды
Елдің наразылығын жиі тудыратын жеке сот орын­дау­шылардың жүйесіздігі одан әрі жалғасып жатыр. Таяуда Бас прокуратура жеке сот орындаушылардың қылмыс-тық схе­маларын анықтады. Ең сорақысы сол, олар борыш­керлердің 1,1 млрд теңгесін жымқырған болып шықты. Бы­лығы бітпейтін осы саланың жөнге келетін сыңайы бар ма? Бас пайда дегенде баланы елемейді Сонымен, прокуратура ор­гандары жеке сот орындау­шы­ларының Республикалық па­латасымен бірлесіп, 2021-2022 жылдары борышкерлерден өн­діріп алған ақшалай қаражатты уақытылы және толық аударуына тексеру жүргізген. Ақыры Алма­ты қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тек­серулер 1,1 миллиард теңге мөл­шерінде ақша ұрлаудың 660 фак­тісін анықтапты. Осындай бірнеше оқиғаның беті ашылған. Мәселен, елорда­лық жеке сот орындаушы али­мент бойынша жоқ қарызды «әдейі» анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәр­кіленуге жататын 289 миллион теңгені банктік шоттан шешіп алған. Ресми дерек бойынша, ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау депар­таментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін сот орындаушы 10 миллион теңге ұстап қалыпты. Тағы бір алматы­лық сот орындаушы жыл бойы борышкерлердің қаражаты есе­бінен өзінің банктік депозитін 18 рет толықтырып, 84 миллион теңге жинаған. Пайызынан 2 мил­лион теңге тапқан. Осыған ұқсас жағдайлар өте көп. Өз депозитіне 13,6 миллион теңге аударып, шамамен 5 миллион теңгеге жуық сыйақы алған сот орындаушы да кездескен. Бас прокуратура мәліметінше, қа­рағандылық 7 жеке сот орындау­шы борышкерлердің 110 мил­лион теңгесін өз қажеттіліктері­не жұмсаған. Тіпті балаларға тие­сілі қаржыны жымқырғандар да табылыпты.
«Алматылық жеке сот орын­даушы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушісі, кәмелетке тол­маған Болғамбаеваға арналған 400 мың теңгені жеке мақсатында пайдаланған. Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған. Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақша­ларын басшылардың шығын­дарын жабу үшін пайдаланған. Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның бас­шысына және оның орынбаса­рына 1 миллион теңге аударған. Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 миллион теңге бөлген», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Әзірге ақша ұрлау мен ысы­рап етудің анықталған фактілері бойынша соталды 16 тергеу бас­талғаны айтылды. Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясы алынған, 2 лицензия тоқтатылып, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен бұл жаза сот орын­даушылардың айылын жыйдыра қоятынына сену қиын. 2010 жылы 2 сәуірде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушы­ларының мәртебесі туралы» заң қабылданды. Оған сәйкес, атқа­рушылық құжаттарды орын­датудың баламалы тетігі ен­гізілді, мемлекеттік приставтарға қоса, елде жеке сот орындау­шылар пайда болды. Содан бері халық бұлардан қаншама те­періш көруде. Сот үкімі негізінде қарызды өндіріп алушы жеке сот орындаушыларының былық, лас істері туралы ақпарат құралдары көп жазды. Әлеуметтік желілерді де мыңғырған ақпарат тұр. Бірақ неге екені белгісіз, жауаптылар түйткілге көз жұмып қарап кел­гендей. Дегенмен заңгер Фархад Абдукадыровтың айтуынша, 2021 жылы қабылданған Аза­маттық-рәсімдік процестік кодекс арқылы сот орындаушылардың заң­сыздығына жол бермеуге болады екен.
«Жеке заңгерлік тәжірибемде өз ісін жақсы білетін, заң нор­масын сақтайтын сауатты сот орындаушыларды көрдім. Алай­да қазіргі кезде сот орындаушы болу мәртебесін кейбіреулер бизнес көзіне айналдырып, өрес­кел құқықбұзушылық жа­сап, борышкерге қатысты көп­теген заңсыз іс-әрекеттер жасап жатқандарды да байқадым. Қа­зақстанда сот орындаушылар­дың іс-әрекетінің алгоритмі бекітілген. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушы­лардың мәртебесі туралы» заң нормасы – тікелей жеке сот орындаушылардың борышкерге және басқа да тұлғаға қатысты жасалатын заңды әрекеттерін тізіп көрсетіп қойған. Күнделікті өмірде маған заңгерлік кеңеске қарапайым азаматтар жүгініп, жеке сот орындаушы өзінің алимент, мүгедектік және басқа да бұғатқа қоюға рұқсат етілме­ген шоттарды жауып, ішіндегі ақшаны тартып алғаны жөнінде айтады. Былтыр «Азаматтық-рәсімдік про­цестік кодекс» заңды күшіне еніп, сот орындаушылардың іс-әрекетінің заңды немесе заң­сыздығына тікелей шағымдану мүмкіндігі туды. Осы кодекс бо­лашақта борышкерлердің хақын қорғауы тиіс», – дейді маман.
Заң неге солқылдақ? Көктемде Павлодарда жеке сот орындаушылар кепілдікке қойылған 40 үйді бір адамға сатқаны анықталды. Әрі на­рықтағы бағадан 5 есеге дейін арзанға өткізген. Осылайша, бұқара мен бизнестен берешегін өндіруден күреп табыс табатын, өз жұмысын индустрияға ай­налдырып алғандардың дәуірі жүрді. Сол кезде баспанасынан айырылып қалғандар мұның артында ұйымдасқан қылмыс­тық топ тұруы мүмкін деп жора­малдаған. ЖСО-ның елге қандай қиындық жасап отырғанын ке­лесі статистикадан аңғаруға бо­лады. Жоғарғы Соттың мәліме­тінше, 2021 жылы 1 шілде мен 30 желтоқсан аралығында респуб­ликаның әкімшілік соттарына жалпы саны – 14 469 іс келіп түскен. Соның ішінде 34 пайызы – тек қана ЖСО-лардың іс-әрекетіне қатысты. Ал Әділет министрлігіне былтыр азаматтар мен заңды тұлғалардан осы мәселеге қатысты 7 мыңға жуық өтініш түскен. Үкіметтің тапсырысымен «Сот төрелігі секторын инсти­туционалдық нығайту» жобасы аясында Жеке орындау жүйесін дамыту стратегиясын әзірлеген шетелдік сарапшылар бір мә­селеге назар аудартыпты. «Ат­қарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңы қабылданғаннан кейінгі 12 жылда нормалар үнемі өзгерумен болған. Нақтылай кетсек, осы мерзімде түрлі 57 заңмен осы заңның 116 бабына 397 түзету енгізіліпті. Тағы 11 бап алып тасталып, 10 жаңа бап пайда болған. Жиі-жиі түзету енгізе беру, қолданыстағы нор­маларды тосыннан алып тастау және жаңаларын қосып отыру адвокаттарды да, соттарды да, ЖСО-ларды да жаңылыстырып біткен. Бұған қоса Әділет минис­трлігінің сарапшылары жүргіз­ген талдау оның тиімсіздігін, құқықтық олқылықтары мен қайшылықтарын һәм себептерін анықтаған. Сарапшылар «бүгінде бұл заңдағы ережелер нақты жүйеленбеген» деген қоры­тындыға келіпті. Мысалы, ақ­шаны өндіріп алу мәселесі «Бо­рышкердің мүлкінен өндіріп алу» және «Борышкердің ақ­шасынан өндіріп алу» деген екі тарауда көзделген, бірін-бірі қайталайды. Өйткені ақша да мүлікке жатады. Тағы бір ұқсас заңдардың бірінде өндіріп алуға тыйым салынатын ақша көзі екіншісіне енбей қалған. ЖСО-лар оны қалағанынша пайда­ланады. Соның кесірінен заң нормаларын түсіну және дұрыс қолдану күрделенді. Енді не істемек керек? Ел арасында осы институтты мүлде жоюды сұрап жүргендер бар. Ал заңгер Фархад Абдукадыров сот орындау­шы­ларға лицензия беруді қатаңда­тып, институтты дамыта берген жөн деп санайды.
«Елімізде жыл сайын сот актілерін орындау институты дамуда. Азаматтық қоғамда тең­дік және заңдылық орнауы бар­лық құқықтық институттардың бірлесе сапалы жұмыс істеуінде. Бастысы, институтты одан әрі дамыту қажет. Оған қоса сот орындаушылардың лицензия алу мүмкіндігі ережелерін қатаң­датып, әрі қарай атқарушылық іс-жүргізуде қатаң бақылауды күшейтуі тиіс. Халықтың құқық­тық сауатты болуы да заңсыз­дықтың алдын алады», – деді ол.
Қазір елде 2 200-ден астам жеке сот орындаушысы бар. Әрине, олардың бәріне күйе жақпаймыз, әйтсе де заңсыздығы басым болып тұр. Келешекте сот орындаушылардың біліктілігін арттырып, лицензия алу жайын қатаңдатпаса – былық бітпесі анық.