Жылудан байлық жиғандар
Жылудан байлық жиғандар
820
оқылды
Қазақстан халқын жылумен жабдықтау жүйесі «де­прес­сивті жағдайға» жеткен. Жылу қуатының бүкіл жо­лында – өндірістен тұтынуға дейінгі аралықтағы барлық ин­женерлік құрылғы мен жабдықтар көнерген, техно­ло­гиялық тұрғыдан ескірген. Салдарынан, жүйенің пайдалы әре­кет коэффициенті өте төмен. Үкімет тапсырысымен са­лаға талдау жүргізген Азия даму банкі сарапшылары осын­дай көңілсіз қорытындыға келді. Олигархтар салаға жет­кілікті инвестиция салмай, ЖЭО-лардың әлеуетін сар­қа пайдалануға, ылан-ойран пайда табуға әуес. Енді оны мемлекетке кері өткізе салып, бар ауыртпалығын ел­ге аударуға ниетті. Озық орнына тозық қылды Биыл, бейбіт заманда, айдың-күннің аманында қазақстандық жылу жүйелері бірінен соң бірі жарылып жатыр. Назар аудара­тын жайт, оқиғалардың бәрі дерлік жеке қолдағы жылу-электр орталықтарында (ЖЭО) болған.
«Қазіргі уақытта Қазақстан қа­лаларының коммуналдық инфра­құрылым объектілерінің орта есеп­пен 75%-ы ауыстыруды, не толық жаңартуды талап етеді. Со­ның ішінде, аудандық жылу желілерінің 80%-ы ескірген, бұл жылу энергиясының үлкен көлем­де шығындалуына соқтырып отыр. Моно және шағын қалаларда ин­женерлік инфрақұрылымның жай-күйі қанағаттанарлықсыз. Су, кә­різ, жылу және электр желілері жо­ғары деңгейде тозған және ай­тарлықтай қаржылық инвести­цияларды қажетсінеді», – деп ха­барлады Дүниежүзілік банк кон­сультанттары.
Ал Қазақстандық элек­тр­энергетикалық қауымдастығының мәліметінше, ел халқының 70%-ы орталықтандырылған жылумен жабдықталған. Яғни, бір жағынан, орта ғасырлардағы сияқты пеш жағуға мәжбүр отбасылардың азаюы қуантады. Екінші жағынан, егер орталықтандырылған жү­йелерде апат жиілесе, онда жы­лусыз қалатын шаңырақтар саны да күрт артатыны байқалады. Бұл ретте қауымдастық ЖЭО, қа­зан­дықтар, жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдықтары тозу­дың жоғары дәрежесіне жеткенін ескертті. Бұл байламды Энергетика ми­нистрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті растады. Ресми дерек бойынша елімізде барлық ЖЭО-лардың негізгі жаб­дықтарының тозуы орта есеппен 55,42%-ды құрайды. Жылу трас­саларының тозуы ел бойынша 59%-дан асты. Жамбыл облысында – 89,3%-ға жеткен. Демек, ол өңірде де сақ болған жөн.
«Қазақстан халқын орталық­тандырылған жылумен жабдықтау жүйелері депрессивті техникалық жай-күйге жетті: жылу өндіруден бастап, тұтынуға дейінгі жылу энергиясының барлық жолында көнерген, технологиялық ескірген инженерлік жабдық қолданылады. Салдарынан пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен: қа­зандықтарда бұл көрсеткіш – орта есеппен 75%, ал бүкіл жүйеде – 58%-дан аспайды. Жылу орасан зор көлемде жолай, яғни тасы­малдау, тарату кезеңдерінде жоға­лады: болжамды шығын диапазоны 18-42 пайыз аралығында. Бұған аталған барлық кезеңдердегі апат­тылықтың жоғары деңгейі қо­сылады», – деген үрейлі қорытын­дыға келді Азия даму банкінің мамандары.
Шұғыл ауыстыруды қажет ете­тін жылу, бу желілерінің жалпы ұзындығы 3 220 шақырымнан асты. Бұл бүкіл жылу құбырларының 28 пайызы. «Пеш үстінде» рахаттанған кімдер? Екібастұздағы және жалпы, жылу жүйесіндегі төтенше оқи­ғаларға қатысты пікір білдірген түрлі сарапшылардың тұжы­рымдары бір арнада тоғысқандай: ЖЭО жекеменшік иелеріне мем­лекеттік бақылау күшейтілуі тиіс немесе олар мемлекетке қайтарыл­ғаны жөн. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Ә.Смайыловқа қала­лардағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мем­лекет меншігіне кері оралту мә­селесін қарастыруды тапсырды. Себебі, ол активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансаларында апат жиі болып, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз жабдықтай алмай отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, республикада 10 жы­лу-электр орталығы – мемлекеттік, тағы 6-ауы – квазимемлекеттік компаниялардың меншігінде. Қалған 21 ЖЭО-ның бәрі, яғни басым көпшілігі – жекеменшіктің қолында. Ашық дереккөздерден ЖЭО-лардың, яғни стратегиялық объек­тілердің қожайындары кім екенін, жүйені пайдаланудан кімдер пайдаға кенеліп отырғанын білуге болады. Бір апта бұрын құрылғысы істен шығып, қазандығы жұмысын тоқтатқан «Өскемен ЖЭО» ЖШС «Қазақстан коммуналдық жүйе­лері» компаниясына тиесілі. КазТАГ жазуынша, компания Мә­жілістің бұрынғы төрағасы Н.Нығматулиннің құдасы, олигарх Дінмұхамет Идрисовтың бақы­лауында. Қарағандының ЖЭО-сына «Караганда энергоцентр» ЖШС иелік етеді. Компанияның сайтындағы ақпаратқа жүгінсек, оның құрамына екі орталық – ЖЭО-1 және ЖЭО-3, екі ірі электр желілік компания – «Қарағанды жарық» және «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-лары, сондай-ақ 4 өткізуші компания кіреді. Оның бәрін Идрисов уысында ұстайды. Согринская ЖЭО тізгіні де соның қолында. Петропавл ЖЭО-2-ні «СевКазЭнерго» АҚ-ы арқылы олигарх А.Клебанов бақылайды. Павлодардағы ЖЭО-2 де, Екібастұз ЖЭО-сы да соның қарауында. Дәлірек айтқанда, бұлар Орталық-Азия Электрэнергетикалық кор­порациясы» («ОАЭК» АҚ) құра­мы­на кіреді. Ал ОАЭК-тегі үлес ке­лесідей бөлінген: 47,1% үлесті – Александр Клебанов, тағы 47,1% – олигарх Сергей Кан қанжыға­лаған. Ұлттық құрылтай мүшесі, экономикалық шолушы Денис Кри­вошеевтің мәліметінше, Кле­банов Астананы жылумен жаб­дықтау (АстанаЭнергоСбыт) жү­йесінің жұмысынан да пайда тауып отырғанға ұқсайды. Ал Қарағанды өңіріндегі негізгі жылу жүйесі үнді олигархы Лакш­ми Митталдың қалтасын қампай­тып отыр. «АрселорМиталл Темір­тау» АҚ иелігіндегі Қарағанды металлургиялық комбинатының ЖЭО-сы қаланы және оның ай­на­ласындағы елді мекендерді жы­лытады. Теміртау қаласындағы ГРЭС-1 Михаил Ешуткин бақыла­уындағы Bassel Group LLS ЖШС меншігінде. [caption id="attachment_230807" align="aligncenter" width="1541"]схема © инфографика: Елдар Қаба[/caption] 2016 жылғы желтоқсанда ала­пат апат болып, екі жұмысшы әйел ті­рідей жанып кеткен Рудный ЖЭО-сы ССКӨБ («ССГПО») АҚ-ына қарайды. Ол өз кезегінде оли­гархтар Александр Машкевич, Шухрат Ибрагимов және Патох Шо­диев тең үлеске ие Eurasian Resources Group (ERG) холдингінің құрамына кі­реді. Мұның сыртында ERG «Қа­зақ­стан Алюминийі» АҚ-ы арқылы Павлодардағы ЖЭО-1-ді, «3-Энер­гоорталық» АҚ арқылы – Шым­кенттегі ЖЭО-3-ті меншіктеді. Жаңа Жетісу облысындағы Текелі қаласының ЖЭО-сын Ар­ман Отарбаев бақылауындағы «Те­келі энергокешені» ЖШС иелен­ген. Ақтөбе ЖЭО-сын «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ы басқарады, басшысы Ербол Рахимбердиев. Жалпы, біраз ЖЭО-ның шын қожайыны кім екені белгісіз, ашық ақпарат жоқ, саналуан зерттеуші порталдар әртүрлі олигархтардың аттарын атайды. Сондықтан оларға тоқ­талуды жөн санамадық. Салада қандай жаңа шаралар қабылданбақ? Бүгінде қоғам белсенділері мен сарапшылар, тіпті Парламент депу­таттары жылу, электр жүйесін осынша нашар жағдайға жеткізген олигархтарды жауапқа тартуды, ел мен мемлекетке келтірілген шы­ғынды солардан өндіртіп алуды талап етіп жатыр. Бұл ретте Пре­мьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлердегі энергетикалық объек­тілерге толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды. Әйтпесе, 7 қазанда ғана Энер­гетика министрлігі «2022-2023 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде» деп сендірген болатын. Енді оның шындыққа көп жанаспайтыны белгілі болды. Сондықтан Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің төрағалы­ғымен, Қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру комиссиясы құрылып, 1 желтоқсанда бірінші оты­рысын өткізді. Жиын қоры­тын­дысында шұғыл шаралар қа­былданды. Біріншіден, елдегі бар­лық энергия нысаны техника­лық жағдайына қарай қауіптілік тұрғысынан түрлі топқа бөлінді. Неғұрлым осал ЖЭО мен жылу желілері бойынша меншік иелері, әкімдіктер мен министрліктер арасында бірінші кезекте атқа­рылатын іс-әрекет жоспары дайындалуда. Екіншіден, өңірлерде жылумен және электр қуатымен қамтушы нысандардың қағаз жүзіндегі емес, шынайы дайындығын тексеретін жедел топтар құрылды. Үшіншіден, Қаржы министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі әрбір заңды тұлғаның, яғни ЖЭО-ларға қо­жалық еткен олигархтардың ин­вестициялық бағдарламаларды қалай орындап отырғанын, та­рифтік сметасын, одан түскен қа­ражатты қайда жұмсағанын мұқият талдауы, олардың капиталды сыртқа әкетуі оқиғаларын жете тексеруі тиіс. Төртіншіден, уәкілетті мемле­кеттік органдардың бақылау-қа­дағалау функцияларын күшей­тіледі. Әйтпесе, бұрынғы билік тұсында олигархтардың компания­ларын бақылау әдейі әлсіретілгенге ұқсайды. Салдарынан, Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта субъектілерден жылумен жабдықтау сапасы, жабдықтардың, жылу желілерінің және өзге мүліктің жай-күйі, жаңғырту, жөндеу, реконструк­циялау жөніндегі шаралар туралы, энергия тиімділігін арттыру және шығындарды азайту жөніндегі шаралар туралы ақпарат сұрату және алу өкілеттіктері министр­лікте де, жергілікті әкімдіктерде де жоқ! Бұл министрлікке «жылу энергетикасы саласындағы тиімді мемлекеттік саясатты қалыптас­тыруға және іске асыруға мүмкіндік бермейді, өйткені бұл саланың жай-күйіне мониторинг жүргізуге және аумақтардағы жылу энер­гетикасын дамытуды сапалы жоспарлауға мүмкіндік жоқ». Ведомствоның хабарлауынша, алда жылумен, электрмен қамтушы нысандардың меншік иелерінің, олигархтардың жауапкершілігін арттыру үшін заңнама мен акті­лерге өзгерістер енгізіледі. Қорыта айтқанда, салада үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Ең құрыса, оли­гархтардың тарифтен және мем­лекеттік қолдаудан түскен табыс­тың едәуір бөлігін шетелге жы­лыстатып, оффшорлар арқылы сарайларды, яхталарды, компания­ларды алуға емес, энергетикалық кешенді дамытуға инвестиция­лауына қол жеткізілсе, соның өзі зор жетістік болмақ.