2023 жылдан бастап тағы бір сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өседі
2023 жылдан бастап тағы бір сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өседі
Фото: bilimdinews.kz
4,563
оқылды
2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру жоспарланған. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған. «Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі 55 іс-шарадан тұратын Ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын бекітті. Онда осы сауалда көтерілген ұсыныстар мен саланың проблемалы мәселелері де қамтылған. Осылайша, жоспар аясында 2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру көзделген. Бұдан басқа, Үкімет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңды іске асыру ауқымында I және (немесе) II патогенді топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық қызмет саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бөлігінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын қарап жатыр», - деді Үкімет басшысы жауабында. Сонымен қатар ол ветеринария мамандарын азаматтық қызметшілер санатына қосуға қатысты да жауап беріп, мемлекеттік ветеринария ұйымдары Қазақстанның заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар нысанында да, мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында да жұмыс істейтінін айтқан. Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік ветеринария ұйымдарының ветеринария дәрігерлері жергілікті атқарушы органдар ұйымды мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында құрған жағдайда азаматтық қызметшілер санатына жатқызылуы мүмкін. «Бүгінде ветеринария саласындағы уәкілетті органға ветеринария дәрігеріне жүктеме нормативінің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін беру мәселесі пысықталуда», - деді Әлихан Смайылов.