Атыраулық жас батыр Дінмұхаммед Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапатталды
Атыраулық жас батыр Дінмұхаммед Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапатталды
578
оқылды
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суда батқандарды құтқарғаны үшін» медалін суға батып бара жатқан достарын құтқарып қалған 8 жасар батырға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаев тапсырды. Қысылтаяң кезеңде дереу шешім қабылдап, екі адамның өмірін құтқарған Дінмұхаммедке батыл әрекеті үшін алғыс айтқан ведомство басшылығы медальмен бірге сыйлықтарды да табыс етті. Еске сала кетелік, оқиға 3 желтоқсан күні Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағасында болған еді. Дінмұхаммед 2008, 2013 жылы туған достарымен жексенбі күні түстен кейін мұз үстіне ойнауға шыққан. 2008 және 2013 жылғы балалардың аяқтарының астындағы жұқа мұз кенеттен жарылып, балалар су астына кеткен. Шетте тұрған 8 жасар Дінмұхаммед ойланбастан өз өмірін қатерге тігіп, көмекке келген. – "Дінмұхаммед өзі де әлсіз мұздың үстінде тұрғанына қарамастан, достарының бірін судан алып шықты. Дінмұхаммедтің жылдам әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілген жоқ. Бұл – үлкен ерлік", – деді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаев.

Баян Жанұзақова