Танкерлер тығырыққа тірелді
Танкерлер тығырыққа тірелді
© коллаж: Елдар Қаба
618
оқылды
Босфор, Дарданеллы бұғаздарында миллиондаған баррель қазақтың қара алтыны тиелген танкерлер тұрып қалды. Түркия олардан Батыстың санкция талаптарын сақтауды талап еткен. Осының алдында дамыған елдер Ресейдің құбырдағы мұнайына баға шектеуін енгізді, танкерлік тасымалына тыйым салды. Ал өзге елдер РФ порттары арқылы бұл шикізатты тасуы үшін танкерлері Еуропада сақтандырылуы шарт. 5 желтоқсанда күшіне ен­ген батыстың санкциялары Қазақстанға қалай әсер ете­ді? Себебі Қазақстан солтүстік көршісі арқылы құбыр­мен де, танкермен де мұнай тасиды. Еліміздің басты экс­порттық тауарының жаңа жылдағы тағдыры не бола­ды? Түріктер нені талап етті? Босфор, Дарданеллы (Чанак­кале) бұғаздарында жиырмадан астам су көлігі кептелісте тұр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, соның ішінде қазақстандық мұнайды тасымалдағаны – шамамен 8-10 танкер.
«Түрік бұғаздарынан кем де­генде 21 танкер өте алмай, қаң­тарылып тұр. Оның ішінде алта­уында «Теңізшевройлдың» мұнайы барын нақты білеміз. Тұтастай ал­ғанда, біз ол жерде Қазақстанға қатысты шамамен 8-10 танкер тұр деп бағаладық. Мұнда тұрған тө­тенше ештеңе жоқ. Біздің жүктер де, оны тасымалдайтын танкерлер де сақтандырылған. Мұнайдың шығу тегін растайтын сертификаттары да бар. Түркия Үкіметі жаңа санк­циялардың енгізілуіне байланысты сақтандыруға қатысты қосымша қағаздарды, хаттарды сұратып жа­тыр. Бұған дейін түрік билігіне жүктердің өтуіне қажетті құжаттар ұсынылған. Тек 5 желтоқсаннан кейін ресейлік мұнай саудасына белгілі шектеулер енгізілді, сол се­бепті бұрын ешқашан талап етіл­меген қосымша хаттар сұраты­лып­ты», – деп түсіндірді ҚМГ басшысы.
Оның пікірінше, мәселе таяу арада шешіледі және Ресейге қарсы жаңа шектеулер мен тыйымдар Қазақстанға нұқсан келтірмейді. Мәселені шешуге дипломаттар да араласқан.
– Кеше ғана Сыртқы істер ми­нистрі Мұхтар Тілеубердімен және Қазақстанның Түркия Рес­пуб­ли­касындағы елшісі Еркебұлан Са­пиевпен сөйлестім. Біздің дипло­мат­тар бұл мәселені шешуге жәр­демдесіп жатыр. Жеткізілімдегі кі­дірістер біздің экономикаға шығын әкелмейді. Егер Қазақстан соған бола мұнай өндірісін қысқартса ғана ол шығын әкелер еді, – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Ел Үкіметі 5 желтоқсаннан ке­йін де Қазақстанда қара алтын өн­дірісі бұрынғы, жоспарлы деңгейде қалады, көп қысқармайды деген сенімде. Себебі, біріншіден, Түркия қазақстандық мұнайды Қара те­ңіздегі бұғаздары арқылы басқа теңіздерге мүлдем өткізбей қой­ған­ның өзінде (бауырлас ел бұған бара қоймас), қазақтың қара алтыны осы Қара теңіз арқылы Румыния, Бол­гария, одан ары басқа елдерге жеткізіледі. Екіншіден, G7+Аустралия, Еу­ропалық одақ елдері ресейлік мұ­найға жаңа санкцияларды бірнеше айдан бері талқылады. Қазақстан тарапынан оған қатысты бірталай дайындық жұмыстары жүргізілді. Республика РФ территориясы ар­қылы құбырлармен өтетін және көр­шінің теңіз порттарынан тан­керлерге тиелетін қазақ мұнайын орыс мұнайынан ажырату үшін жаңа маркалар енгізді. Ел бас­шы­лығы Еуроодақтың, Батыстағы се­ріктес елдердің биік лауазымды тұлғаларымен келіссөздер жүргізіп, Мәскеуге қарсы санк­циялардың Қазақстанға қол­данылмауы мәсе­лесін ілге­рілетті. Дегенмен Түркиядағы оқиғалар техникалық тұрғыда проблемалар қалғанын көрсетті. «ҚазМұнайГаз» басшысының хабарлауынша, қазір қазақстандық жүктерді сақтандыру туралы қосымша хаттар әзірленіп, түйткілдің түйінін тарқату жайы пы­сықталуда. Ол үшін, әрине сақ­тандырушылармен, негізінен, бри­тандық фирмалармен келісіп, ақы­сын төлеу керек болады. Бұл жұ­мыс істегенге ұқсайды. Өйткені М.Мыр­­зағалиев бүгінде келіссөз сақтандырушылар мен түрік билігі арасында жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Анкара танкердегі өнім РФ мұ­найы емесіне сенімді болмаса, оны ары өткізе алмайды. Әйтпесе, қай­талама санкцияға өзі ілігуі, санк­цияны бұзушы ел атануы мүмкін. Мұнай экспорты кеміді Энергетика министрлігі бұл мәселеде селсоқтық демейік, са­бырлық пен салқын­қандылық сақ­тап отырғандай. Ве­домствоның рес­ми сайтында осы оқиғаға қатысты тіпті түсініктеме де, жаңалық та жоқ. Б.Ақшола­қов­тың ко­мандасы үшін қазіргі №1 проб­лема – Екібастұздың жылу энер­ге­тикалық жүйесіндегі апат: жазба­лардың көбі соған қа­тысты. Деген­мен Энергетика ми­нистр­лігінің баспасөз қызметі­нің түсін­діруінше, Босфор мен Дар­данеллы бұғазынан өту кезінде танкерлердің күту мер­зімі шамамен 6 тәулікке де­йін же­теді. Ал Мәскеуге қарсы жа­ңа санк­циялар 5 жел­тоқсанда, яғни төрт күн бұрын ғана қолданыла бастады. Оның үстіне, меморганның тұжы­рым­­дауынша, қысқы маусымда ол жақ­тағы кеп­телістер қалыпты са­на­лады: жел­тоқ­санда бұғаздан өту ұзақ­тығы 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Бірақ министрліктің оптимиз­міне ортақтасу қиын: бұл жолы әдеттегі жағдай еместігі түсінікті. Мәселе батыстық сақтанды­рушы­лардың РФ порттарында құйылған мұнайды сақтандыруға келісетін-келіспейтінінде болып тұр. Себебі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы қазақстандық қара алтынға ресейлік мұнай да қосылып тасы­малданады. Трейлерлердің мәліме­тінше, соңғы кезде осы консорциум ресейлік санкцияларға байланысты қиындықтарға кезіккен: бірқатар сатып алушы компания бұл құбыр­мен жеткізілетін мұнайды алудан бас тарта бастаған, ал келіскендері қосымша сақтандыруды талап етеді екен. Теңіздердегі кемелердің қозға­лысын қадағалайтын сервистердің дерегіне жүгінсек, КҚК құбырының соңғы аялдамасы саналатын Ново­российск портынан шыққан кем дегенде 16 танкер – Босфорда, тағы 5 танкер Дарданеллыда қаңта­ры­лып тұр. Оларға 19 миллион баррель мұнай артылған. Бұл ретте қазақ­стан­дық экспорттық мұнайдың бүкіл көлемінің 80%-дайы КҚК-ның үлесінде: ол еліміздегі Қара­шығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарының мұнайын құбырмен Новороссийск теңіз терминалына дейін жеткізеді. Сол жерде шикізат танкер кемелерге тиеліп, Қара теңіз арқылы жаһандық нарыққа жол тартады. Құбырдың жалпы қуаты жылына – 67 миллион тонна. Бұл 489 миллиондай баррель деген сөз. Бір танкер орта есеппен 600 мыңнан 1-2 миллион (супертанкерлер) бар­рель таси алады. Яғни, сарапшы­лардың болжауынша, бұл кептеліс басы ғана сияқты. Консорциумның ақпаратына жүгінсек, КҚК 2022 жылдың басы­нан 15 қараша аралығында жалпы көлемі 49,8 млн тонна мұнай өткізе алды. Яғни, төмендеп барады: был­тырғы 2021 жылы осы аралықта 51,8 млн тоннасы өткізілген. Сонымен бірге Қазақстан әзірге қара алтын өндірісін көп төмен­деткен жоқ. Энергетика министр­­лігінің мәліметінше, елімізде 5 жел­­тоқсанда – 258,5 мың тонна, 6 жел­­тоқсанда – 265,1 мың, ал 7 жел­тоқсанда 252,9 мың тонна өндірілді. Жағдайдың ары қарай қалай өрбитіні түрік бұғаздары арқылы отандық шикізаттың өту жылдам­дығына, тіпті өте алу мүмкіндігіне тәуелді болмақ. Осы уақытта түрік бұғаздарында танкерлердің қорда­лануы жалғасқан. Бүгінде олардың саны 30-дан асуы мүмкін. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, әзірге олардың бір-екеуінен басқасының бәрі РФ порттарынан шыққан қазақстандық мұнай көрінеді. Сақ­тандырушылар агенттікке түрік би­лігі сұратып отырған хаттарды әзірге ұсына алмайтынын мәлім­депті. Осылайша, РФ мұнайына бел­гіленген баға шектеуі Қазақ­стан­ға таралмағанымен, оны таситын трейдерлер проблемаға тап болды. Кідірген әр күн қазақстандық қара алтынның өзіндік құнын қымбатта түседі. Демек, одан өзге елдердегі клиенттері бас тартуы да ықтимал. Батыс санкциясы залал келтіре ме? Өткен аптада Еуропалық Одақ солтүстік көршіміздің мұнайына «баға межесін» (потолок цен) енгізу туралы түпкілікті шешімін жария­лады. Ол 2022 жылғы 5 желтоқсанда күшіне енді. Оған сәйкес, РФ-та өн­дірілген қара алтынның әр барре­лін бұдан былай өзге елдер 60 дол­лардан қымбатқа сатып ала алмай­ды. Шектеу ұзақ жылдарға есеп­телген. Салдарынан әлемде онсыз да бәрінен арзан бағаланатын Urals атты экспорттық мұнай қоспасының ресейлік маркасы тіптен құнсыздан­бақ. Еске сала кетсек, РФ федерал­дық бюджеті мұнайдың бір бөшке­сінің құны кем дегенде 70 доллар тұ­рады деген есепке негізделіп, құ­рылған. Демек, Мәскеу трил­лион­даған рубль табыстан қа­ғыл­ғалы тұрғандай. Әрине, Кремль оған үзілді-ке­сілді қарсылығын білдірді. В.Путин баға межесін орнатқан елдерге қуат ресурстарын жеткізбейтінін мәлім­деді: «Ресей сау санаға қайшы қи­мылдап, ақылға қонымсыз нәрсеге мойынсынбайды, бөтеннің әл-ауқа­тын өз есебінен төлемейді. Біз энергетикалық ресурстарымызды оның бағасын шектегендерге жет­кізуден бас тартамыз», – деді Кремль­дің қожайыны. Дұрысы, ақыл-ойға қайшы әрекет етпеу үшін әу баста көршіге шапқыншылық жасамаған жөн еді. Батыстық серіктестерінің бұл шешіміне Киев те наразылығын білдірді. Украина президенті Вла­димир Зеленский ресейлік мұнай­дың әр баррелін 60 долларға баға­лауды «салмақсыз шешім» деп ата­ды. Бір жағынан РФ Қаржы ми­нистр­лігінің мәліметінше, 2022 жыл­ғы қаңтар-қарашада Urals мар­калы мұнайының орташа бағасы 78,3 долларды құраған. Екінші жағынан, клиент таппай қысылған Мәскеу Қытай, Үндістанға оны үлкен дисконтпен, 50 доллардан ар­занға өткізген деседі. Ал еуро­палық баға шектеуі одан қымбат бекітіліп отыр. РФ экономикасының көмір­тектік бейтараптылығына жетуіне жәрдемдесу жөніндегі ұлттық ғылыми орталықтың бас директоры Максим Канищев баға межесін «шұрық тесік» дүние деп бағалады. Себебі Батыс елдері қатарында да бірауыздылық жоқ. Мысалы, Венгрия санкцияны сақтамайтынын жариялады. Қытай, Үндістан, яғни РФ қара алтынының басты импорт­таушылары да оны сақтау міндет­темесінен босатылды.
«Батыс осы баға межесімен жыл бойы қорқытты, көп нәрсені уәде етті. Бірақ төбе деп отырғаны суы сорғалаған бірдеңе болып шықты. Ешқандай қорқынышты шектеу жоқ. Таяуда ғана ресейлік мұнайдың әр баррелі 48 доллар деңгейінде саудаланды. Ал бұлардың межесі одан анағұрлым жоғары: 60 доллар. Олай болса, шектеу дегені Ресейді еш шектей алмайды», – деген ре­сейлік сарапшы осы баға межесінің өзі келесі жылы Ресейге бір жылда мұнай экспортынан 100 миллиард доллардай табыс табуға мүмкіндік беретінін қосты.
Бірақ ол «Үлкен жетілік» елдері әр 2 ай сайын жиналып, баға ме­жесін қайта қарап отыруға келіске­нін еске салды. Сонда мұнайға бұдан төмен баға белгілену қаупі бар. Жалпы, бұл санкция Ресейге мүлдем кесірін тигізбейді деуге бол­мас. Өйткені оның екі қыры бар. Біріншіден, 60 долларлық баға ме­жесі тек құбырмен жеткізілетін қара алтынға қатысты. РФ құрлықтағы құбыр магистралдары арқылы Ба­тыс Еуропаға, Түркияға, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Қытайға қуат ре­сурстарын айдайды. Екіншіден, Еуропалық Одақ өзіне мүше елдерге 5 желтоқсаннан бастап, теңіз жолымен тасылатын Ресей мұнайын сатып алуға толық тыйым салды. РФ танкерлермен тек қазақ мұ­найын таси алады. Бірақ оның тиісті құжаттары болуы тиіс. Түркияның сұратып отырғаны да осы. Танкер­мен келетін орыс мұнайын сатып алудан түрік елі да бас тартты. Осы тыйымдар мен шектеулер Қазақстанға зиян келтірмей ме? Бұл мәселеде отандық сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Мұнай сала­сының белгілі сарапшысы, Energy Monitor атқарушы директоры Нұр­лан Жұмағұловтың пайымдауынша, бұл санкциялардың Ресей арқылы тасымалданатын қазақ мұнайына қатысы жоқ. Ел Үкіметі оны орыс мұнайынан ажыратып, санкция қыс­пағынан құтқару үшін жаңа маркалар бекітті. Сарапшы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа жол тартатынын біздің мұнай бүгінде CPC Blend деп аталатынын және ол ресейлік мұнай саналмайтынын еске салды. Тиі­сінше, кез келген танкер оны тиеп алса, санкцияға тап болмайды. Н.Жұмағұлов Ресей арқылы жет­кізілетін қазақ мұнайына тө­нетін жалғыз қауіп барын атады: ол түрлі сылтаумен КҚК-ның жиі істен шыға беруі. Отандық мұнай экспортының тағы 17% Атырау – Самара құбыры арқылы тасылады. Онда да қазақ­стандық қара алтын төл маркасын иеленген: КЕВСО аталады.
Мұнай-газ саласының сарап­шы­сы Олжас Байділдинов әзірге санкциялардың Қазақстанға қа­тысы жоқ екенін, бірақ соғыс ұзаса, республикамызға да қысым жасалуы мүмкін екенін айтты. «Қазақ мұ­найын Еуропалық Одақ, Италия, Франция және басқасы біршама қымбатқа сатып алады. Олар оны арзанға алғысы келуі мүмкін. Оған қалай қол жеткізеді? Қазақстанға: не сен антиресейлік санкцияларға қосыласың немесе соған қарсы санкциялар саған да таралады деуі мүмкін. РФ басты бір әрі стра­те­гиялық серіктесіміз болғандықтан, онымен ынтымақтастықты доғара алмаймыз. Онда мұнайымызды 60 доллардан арзан сатуға тура келуі де ықтимал», – деді О.Байділдинов.
Әзірге Қазақстан үшін күн тәртібінде Түркиядағы бұғаздардан еркін өтуге қол жеткізу мәселесі тұр. Мұның сыртында қара алтынның арзандап кету қаупі бар. 4 желто­қ­санда өткен ОПЕК+ саммитінде мүше елдер мұнай өндірісін тәу­лігіне 2 млн баррельге төмендету ту­ралы шешім қабылдады. Бұған РФ мұнайының бұғатталуы қосыл­ды. Тиісінше, қара алтынның жа­һан­дық бағасы жүзден ары ша­рықтап шыға келуі тиіс еді. Алайда бүгінде оның әр баррелінің бағасы 77 дол­ларға құлдырады. Ендеше Қазақстан үшін санкциядан басқа да бас қатыратын проблема жетерлік.