Астанадағы мәдени күндер
Астанадағы мәдени күндер
546
оқылды
Астананың мәдениет ошақтары бір апта бойы қала тұр­ғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тамаша тарту дайындап отыр. Осы аптада шаһарда 30-дан астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Айталық, елорда театрлары 10-ға жуық қойылым қоймақ. Одан бөлек, Астана әкімдігі концерттер мен көрмелер секілді бірқатар тосынсый әзірлеген. Сонымен, жақында ғана өзінің мерейлі 15 жылдығын атап өткен елордадағы «Жастар» театры кө­рермендер үшін бірнеше премьера ұсынбақ. Әлемдік классиканың жауһарларын тудырған Уильям Шекспирдің мұңға толы «Ромео-Жульетта» хикаясынан кейін, араға 10 күн салып, жаңа туынды «Мұң» триптихі көрерменге жол тартты. Соның ішінде бірден үш автордың, атап айтсақ, Лидия Егембердиеваның «Жалғыздық», Аягүл Мантайдың «Мұң», Әлішер Айтуардың «Иллюзия» шығар­малары бар. Бұл шығармалардың әрқайсысы бүгінгі күннің адам­дары мен отбасылардағы әлеуетті көрсетуге арналып, көрерменнің көңіліне ой салары хақ. Өйткені үш шығармадағы айтар ой бір-бірімен үндесіп, бір-бірін толты­рады. Шындығында да, әрбір адам сырт көзден таса, ешкім білмейтін жеке әлем. Сол себепті жанымыз­дың тым терең түкпірінде әр­қай­сымыз да жалғызбыз. Иә, адам баласы жай ғана пенде болған­дықтан да қателеседі. Ал біреуді сол қателігімен жақсы көру де ма­хаббаттың төресі. Мұңлы бола­тыны, біреудің кемшілігін тез көруге асығатынымыз болса керек. Бірақ жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні тіпті күл­кілі. Қоюшы режиссер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай үш шығар­мадағы түйін сөзді көрсетуге талпынған. «Жастар» театрының әртістері бұл аптада Д.Фо, А.Рахаттың мелодрамаларынан басқа 11 жел­тоқсанда «Алғашқа махаббат» комедиясында ойнайды. Сондай-ақ «Жастар» сарайы кеше «Юра кезеңі» цирк шоуын көрерменге ұсынса, 8, 9 желтоқсан екі күн қа­тарынан сағат 20:00-де «Астана» эстрадалық-симфониялық оркес­трінің қатысуымен «2000 Hits» концерттік бағдарламасын ұйым­дастырады. 10 желтоқсанда сарай қабырғасында «Билеп өмір сүр» атты балалар хореографиялық байқауы өтсе, сол күннің ертеңінде «Жастар» сахнасында «Раневская: сквозь смех и слезы» спектаклі көрерменге жол тартады. Бұл ғана емес, елордалықтарды 8 желтоқсан күні кешке жас кө­рерменді «Абай-Тоғжан» музыка­лық драмасы қуантады. Сол күні кешке сахнада «Шанель №5» деректі драмасы көрсетіледі. Ал 11 желтоқсан күні сағат 12:00-де ба­лаларды «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісі шақырса, сағат 19:00-де көрермендерді «Театр әлемі» концерті күтеді. Сонымен бірге 10 және 11 жел­тоқсанда елордалық цирк аға­йынды Гертнерді DER ELEFANT неміс циркінің бағдарламасына шақырады. Қойылымның баста­луы сағат 16:00-де. Тәуелсіздік күніне орай «Ал­жир» музей-мемориалдық кешені Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды оңалту және мәңгілікке қалдыру қорымен бірлесіп, 7 желтоқсанда «Тәуел­сіздік – еліміздің баға жетпес бай­лығы» тақырыбында іс-шара өткізген болатын. Бүгін, яғни 9 желтоқсанда «Атамекен» Қазақ­стан Картасы» этно-мемориалдық кешені адам құқықтары күніне арналған дәріс ұйымдастырады. Сәкен Сейфуллин мұража­йында да 6-8 желтоқсан күндері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дығына арналған «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» көрмесі жұмыс істейді. Ал бүгіннен бастап 13 желтоқсан аралығында жазушы Әзілхан Нұршайықтың 100 жыл­дығына арналған «Әзілхан Нұр­шайықтың әлемі» көрмесін тама­шалауға болады. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысан­дарының сақталуын қамтамасыз ету орталығында кеше «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерімен және объектілерімен жұмыс істеу және олардың сақталуын бақылау» дәрісі өтті. Бұдан бөлек, М.Горький атын­дағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 7 желтоқсанда С.Лыгиннің «Ай, да, Ленька!» ер­те­гісін, ал сол күні кешке көрер­мендер Н.Гогольдің «Гоголь. Санкт-Петербург» қойылымын тамаша­лады. Енді «Горький» ұжы­мы 10 желтоқсан күні таңертең жас аста­налықтарды М.Бартеневтің «Сне­гурушка» ертегісіне шақы­рады, ал кешке сағат 18:00-де Р.Баэр­дің «Ара­лас сезім» мело­дра­масын қояды. Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жыл сайынғы «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын тап­сыру салтанатты рәсімі өткенін ерекше айтып өту керек. Елордалық қуыршақ театры да көрермендерге тамаша тарту да­йындауды ұмытқан жоқ. Бүгіннен бастап 11 желтоқсанға дейін театр әртістері Г.Андерсеннің өзіне аттас ертегісі негізінде А.Салаеваның «Та­ғы да кішкентай су перісі тура­лы» қойылымын сахналайды. Ал 11 желтоқсан күні кешкі сағат 17:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филар­мониясының сахнасында Ave MARIA аспаптық және вокалдық, камералық музыка концертін өткізу жоспарланған.