Әлем рейтингтеріндегі Қазақстан
Әлем рейтингтеріндегі Қазақстан
305
оқылды
Жақында туристердің сақтандырылуын бағалай­тын Insurly сайты саяхатшылардың қауіпсіздік рей­тин­­гісін жасап, жаһандағы 180 елдің арасында Қа­зақ­­станды 71-орынға қойды. Яғни, туристер үшін қа­уіп­ті мемлекет деп таңба басты. Сөз жоқ, отандық ту­ризм­нің дамуына, шетелдік инвестицияның тар­ты­­­луына, мемлекет имиджінің қалыптасуына мұн­дай рей­­тингтер ықпал етері белгілі. Ендеше әлем­дік түр­­лі тізімде қазақ елінің орны қандай? Көрші­лері­міз ше? Алдымен экономикаға тіке­лей ықпал етпесе де, фут­бол сүйер қауым бақылайтын ФИФА-ның рейтингіне на­зар салайық. Биыл көш басын­да Бе­льгия, Франция және Бра­зи­лия тұр. Ал Қазақстан 118-орын­да. Өзінің дәстүрлі ай­­мағында десек, ағаттық емес. Мұн­дай­да көрші елдердің жа­йы­­на да қы­зығушылықпен көз тас­тай­мыз. Қырғыз Респуб­ли­касы – 96, Өзбекстан – 85, Ресей – 38-орындарда. Осын­дай­да «Азия лигасынан УЕФА-ға ауыс­қанымыз дұрыс шешім бе еді?» деген сұрақ ойға орала бере­ді. Ал футболға қарағанда экономикалық көрсеткішіміз сәл-пәл жақсырақ екен. Жыл сайын Дүниежүзілік эко­но­ми­калық форум жаһандық бә­секелестік индексін шы­ға­­рады. Индекс елдердің өз аза­­маттарының әл-ауқатын жақсартудың мүмкіндігін баға­лайды. Ол ең алдымен мем­лекеттің меншігіндегі ресурстарды қаншалықты тиім­ді қолдануына байланыс­ты. Міне, сол тізімде 141 ел­­дің ара­сын­да Қазақстан 55-орын­да. Бұл жолы да мүм­кін­­дігімізді көр­шілермен са­лыс­­тырып көр­сек, Қырғыз Рес­пуб­ликасы – 96, Ресей – 43-орында. Ал Өзбекстан 2019 жыл­ғы тізімге қо­сылмапты. Дүниежүзілік банк түзетін Doing Business рейтингісі де кәсіпкерлер, инвесторлар үшін маңызды. Себебі ол әр ел­дегі кәсіпкерлікті жүргізудің же­ңілдігін, қолжетімдігін ай­шықтайды. Яғни, рұқсат алу, құжат рәсімдеу, салық мәсе­ле­сі және тағысын тағыларға назар аударылады. Міне, сол Doing Business рейтингісінде Қазақстан 2019 жылы 25-орынға тұрақтады. Бұл – жақ­­с­ы көрсеткіш, себебі екі жыл­ бұ­­рын 36-орында едік жә­не 25-орын Қазақстанда кә­­сіп­­­керлікпен айналысу оң­ай деген сөз. Бұл салада ір­ге­лес елдерден оқ бойы озып тұр­мыз. Мәселен, Ресей – 28, өз­бек елі – 69, қырғыз халқы 80-орын­да екен. Адам жұмыс істеу үшін туыл­майды, оның көздегені – өмірдегі бақыт. Сондықтан Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы Дү­ние­­­жүзілік бақыт есебін жа­рия­лайды. Бақытты мемлекет­тер­дің көрсеткішін тізбектеуде келесі мәліметтер маңызды: адам басына шаққандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, аза­­мат­тардың өмір сүру жасы, адамдардың маңызды ше­шім­­­дерді қабылдаудағы ер­кін­­дігі, жомарттығы және жем­­­­қорлыққа деген қарым-қа­ты­насы. Міне, осы дерек­тер­ді са­лыстырса, Қазақстан халқы ең бақытты елдердің арасында 60-орында екен. Яғни, ел тұр­­­ғындары аса шаттанып жүр­­­меген сияқты. Ресей бұл рей­­тингте – 68-орын, Қырғыз рес­­­публикасы – 86-орында. Олар да шат-шадыман емес екен. БҰҰ есебі бойынша Ор­та­лық Азиядағы ең бақытты мем­лекет – Өзбекстан. Ол атал­ған тізімде 41-орында. Яғни, экономикалық тұрғыда Қа­­зақ­­станнан артта келе жатса да, өзін бізден бақыттырақ се­зі­неді екен. Әрине, бұл дүниеде бар­лық нәрсе салыстырмалы. Сондықтан да Қазақстанның көрсеткішін ажырамас көр­ші­лермен салыстыра отырып, түсінуге тырыстық. Сөз болған рейтингтер мемлекеттердің жаһандағы жағдайын, әлемдік әлеуетін айшықтайды. Оған қарап бой түзеуге де болады. Бірақ тізімдегі орнымызды жақсарту негізгі мақсат емес. Күнделікті өмірдің сапасы артып, оны шынайы сезінсек, бұл елге берілген жоғары баға емес пе?   Нұрмұхамед БАЙҒАРА