Сот жүйесіндегі Асанов кезеңі
Сот жүйесіндегі Асанов кезеңі
1,184
оқылды
Сот жүйесінде Асановтың дәуірі аяқталды. Жақып Қа­жы­манұлы Жоғарғы Сотты қажымай-талмай, бақандай бес жыл немесе 1 823 күн басқарды. Бұл мерзім салада кез кел­­ген ірі, түбегейлі һәм нәтижелі реформаларды жүргізу­ге жетеді. Ен­деше сот саласында қандай іргелі, игілікті жаң­­ғырулар жүрді? Қандай кемшілік, түйткілдердің түйіні тар­­қамай, шиеленісті? Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот­тың жаңа төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдағанда, оған аза­маттардың судьяларға сенімін арттыруды жүк­тепті. Неге бес жыл ішінде бұрынғы төраға бұған қол жет­кі­зе алмады? Саланы қандай күйде қабылдады? Ж.Асанов Жоғарғы Сот тө­ра­ғасы лауазымына 2017 жылғы 11 желтоқсанда тағайындалды. Ол кезде саланы жемқорлық, трай­бализм, яғни лауазымды жа­қын адамдарға тарату, сату сияқ­ты кесірлі көріністер жай­лаған болатын. Судьялардың қыз­метіне, сот істеріне биік лауа­­­зымды тұлғалардың, Пар­ла­мент депутаттарының араласуы немесе қоғамдық пікір арқылы қы­сым жасау құбылыстары бе­лең алды. Оған тосқауыл қою үшін судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою керек еді. Еңсені езген жұмыс ауырт­па­лығы, жалақының аздығы, ман­сап сатысында өсу шарт­та­рының жоқтығы, ынталан­дыру­дың аздығы, тәжірибелі маман­дар­дың өзге салаларға кетуі – жүйе­ні түбегейлі жаңғыртуды та­лап етті. Сондықтан Жоғарғы сот­тың басшылығы толық дер­лік жаңартылды. Ж.Асановқа мол се­нім артылды. Мұның сыртында коррупциямен күрес аясында барлық сот залын бейнекамера­лар­мен жабдықтап, сот талқылауларын бейне­таспаға жазу, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистерін енгізу міндеті қойылды. «Бұрын адамдардың сотқа жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» дегенді ел басшылығы осыдан бес жылдай бұрын тапсырыпты. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе толыққанды шешілмегенін коронавирус пандемиясы көрсетті. Сот отырыстарын онлайн өткізу, оған қатысушы­лардың әр өңірден бейнеконференциялық байланыс арқылы қосылуын толыққанды қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, індет күш алғанда, соттарға өз қызметін доғаруға тура келді. Төрелік ету тоқтатылды, азаматтардан талап арыздарын қабылдаудан уақытша бас тартылды. Бұл әрине, заң мен құқық үстемдігін сақтауға септеспеді. Жалпы, судьялар Ж.Асановқа негізінен, алғыс айтса керек. Экс-төраға олардың жала­қы­сын 2 есе көтеріп берді. Алда тағы ар­тады: келесі 2023 жылы соттарды қаржы­ландырудың жаңа моделі іске қосылмақ. Жоғарғы сотқа республикалық бюджетте бүкіл мемлекеттік аппаратты ұстап тұру шы­ғы­нының 6,5 пайызы көлемінде кепілден­дірілген квота бөлінді. Осы квота аясында 100 теңгеге дейінгі қаражатты соттар қалай жұмсаймын десе де өзі біледі. Өзі би, өзі қожа. Бұрын әрбір шығыны үшін Үкімет пен әкімдерге қол жайып, дәлелдеп жүруге мәж­бүр болатын. Жаңа жылдан бастап, квота ішіндегі аста-төк ақшаны қандай бағыттарға бөлетінін, судьялардың еңбекақысын тағы қаншаға өсіретінін барлық деңгейдегі сот­тар­дың делегаттары кеңейтілген пленарлық отырыста өздері шешетін болады. Яғни, бес жылдағы басты жетістігі сол: Жақып Асанов қазақстандық сотқа қаржы­лық тәуелсіздік алып берді. Екінші жетістігі – судьялардың жұмысы жеңілдеді. Асанов тізгінді алғанға дейін сот­тар тау болып үйілген істердің астында еді. Істер саны 20 жыл бойы тек өсумен болды. 2018 жылы шырқау шегіне жетті: бір жылда судьялар 4,5 млн істі қараған. Күніне 20 мың іс келіп түсетін. Әрбір судья күніне 11 істі, ал Алматы мен Астанада – 50 істі қарайтын. Саладағы реформа аясында соттар біраз жұ­мыс ауқымын өзге құрылымдарға аудара сал­ды. Мысалы, егер бұрын азаматтар банк­терге, коммуналдық қызметтерге, ПИК/КСК, басқасына қарыз болса, аталған меке­мелер ол борыштың жалған емес, шын еке­нін сотта дәлелдеуі тиіс еді. Бүгінде бұл істер сотқа түспейді. Мысалы, ПИК, МИБ бас­шы­­сы тұрғынның үстінен нотариусқа ша­ғым түсіріп, оның бүкіл банк картасын, жи­нақ, есепшотын бұғаттап тастатқыза сала­ды. Борыштың негізсіз екенін дәлелдеу қиын: барлығын төлемей, бұғаттан шығу мүмкін емес. Өкінішке қарай, қазір біраз дауға сот шешім айтпайды. Олардың алды­мен медиацияға жүгінуін талап етеді. Сал­дарынан, еңбек даулары өршіп, ереуілдер саны артқаны жасырын емес. Жоғары Сот­тың жаңа төрағасы бұл салада игі өзгерістер жасаса құба-құп. Бұрынғы соттардың қаншасы қуылды? 2018 жылы Президенттің өзі судья ман­са­бының сатылатынын, әр лауазымның өз «ставкасы» барын айтып, қатты сынады. Негіз­сіз емес еді. 2018 жылға дейін жаңа су­дья­лар көптеп қабылданды. Жылына орта есеппен 230 адам судья болып шыға келетін. 2014 жылы рекорд орнатылды. 493 жаңа судья қызметке кіріскен. Салыстыру үшін айтсақ, қазір судья болғысы келетіндердің орта есеппен 60-70-і ғана сынақтан әзер өте­ді. Бұған кадрларды іріктеуге жауапты Жоғарғы Сот кеңесінің жұмысын жетілдіру де ықпал етті.
«Соңғы 5 жылда әрбір бесінші судьяны лауа­зы­мынан алдық, жазаладық не қыз­метін­де төмендеттік. Олардың 99 пайызы – мен келгенге, яғни 2018 жылға дейін таға­йын­далғандар. Бір жайтты еске түсірейін: 2018 жылғы 6 наурызда Жоғарғы Сот кеңе­сінің (ЖСК) отырысына алғаш қатыстым. Соған дайындық барысында судья болудан үміткерлерге түсінікті тілмен қарапайым эссе жазуды ұсындым. Неге судья болуға лайық­тымын? Осы жалғыз сұраққа тұщым­ды жауап беруі тиіс еді. Эссе туралы 9 күн бұрын ескертілді. Ақыр соңында канди­дат­тардың көпшілігі тұтас 2 сағатта ойға қо­ным­ды 3 абзац та жаза алмады. Соған қара­мастан, Жоғары Сот кеңесі олардың барлы­ғын, яғни 88 жаңа судьяны Президенттің мақұлдауына ұсынды. Мұндай шешіммен келіспей, отырысты тастап, кетіп қалдым. Болған жайтты Мемлекет басшысына баян­дадым. Содан судьяларды қабылдауға уа-қы­тша мораторий енгізілді, Жоғары Сот кеңесінің басшысы ауыстырылды», – деген еді бірде Жақып Асанов.
Оның мәліметінше, алғаш рет аудандық соттардың судьясы болып тағайындалғандар саны 2014-2017 жылдар аралығында 1 055 адамды құрапты. Бұл барлық аудандық судьялардың 58 пайызы. Реформалар қолға алынғалы аудандық сотқа жаңа судьяларды қызметке алу көрсеткіші күрт қысқарды. Яғни, Асанов тұсында аудандық соттарға жалпы саны 325 судья тағайындалды. Әрине, судьялардың сапасына, кадрлар­дың кәсіби біліктілігіне қатысты мәселе толық шешіле қойған жоқ. Дегенмен біраз же­тілдірілгенін де айта кеткен абзал: заң­намаға түзетулер енгізілді. Жоғары Сот кеңе­сі төл тәсілдерін өзгерте бастады, зама­науи HR-құралдар, меритократия қағидат­тары енгізіліп жатыр. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы стандарттар қабылданды. Конкурсқа түскендер арасында әлдебір беде­лді, тірегі бар кандидаттардың аты-жөні­нің өзі ықтырып, жюридегілерге қысым жасап тұрмауы үшін судья болудан үміткер­лердің аты-жөндері қазір шифрландырыл­ады, жасырылады. Олар психологиялық тестілеуден құламай өтуі шарт. Судьяны тағайындаудың бір орталықтан жүзеге асырылуы жойылды, кандидаттар бірнеше сатылы мақұлдаудан өтуі мүмкін. Кандидат­тармен алдын ала сұхбат енгізілді. Нәти­жесінде, егер бұрын Жоғары сот кеңесінің сынынан әрбір төртінші үміткер өтсе, бүгінде әрбір он төртінші кандидат қана сот жүйесінің табалдырығынан аттай алады. Қазір Сенатта осы салаға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Ол судьяларды іріктеудегі мәселелердің көпшілігін жоюға бағытталған. Соның арқасында бұл рәсім толығымен жария, онлайн режимде өтіп, оның жазбасы жұртшылықтың танысуына ұсынылады. Ал іс басындағы судьяларды електен өткізу үшін олардың қызметін бағалаудың жаңа әдістемесі енгізілді. Оны әзірлеуге БҰҰ және Нидерланды сарапшылары көмек­тесіпті. 2019 жылға дейін ол бағалаудан іс басындағы судьялардың 1 пайызы өте алмай қалса, 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш 7 пайыздан асты. Талап күшейтілуде. Демек, бес жылда судьялар корпусы толық жаңарды, сауықты деп айтуға болмайды. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Оны толық аяқтау Асламбек Мерғалиевтің басты миссиясы. Әйтпесе, судьялар арасында парақорлары да жетерлік. Жемқорлықтың жегіқұрты кеміріп жатыр... Бұл сала жемқорлықтан түбегейлі арыла алмады. Оның кейбір сорақы көріністеріне Президенттің өзі де назар аударғаны есте. Мысалы, былтыр сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы Жоғары Сот кеңесінің бұрынғы мүшесі болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы Сот судьясының ұсталуын масқара жағдай деп бағалады.
– Бұл оқыс оқиға қоғамды теңселтіп кетті. ЖСК және Жоғарғы сот басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек. Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы, судья­лар­дың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл үдерісті мүлде тоқ­татуға болмайды. Фемиданың барлық қыз­мет­кері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстемдік құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы 5 жылда жемқорлығы үшін фе­миданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Жо­ғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттинов пара алу үстінде ұсталды. Оған ақшаны Түркістан аудандық сотының судьясы Тұрғымбаева табыстаған. Астана қаласының Байқоңыр аудандық соты Жанғұттиновты жемқор емес, алаяқ деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Тұрғымбаева болса, «пара беру» бабымен 5 жылға сот­талды. 5 жылда 475 судья жазаланған. Оның 20-сы сотталды. Саладағы былықтар тек пара алумен шектелмейді. Сорақысы сол, судьялардың көмегімен рейдерлік басып алулар жүзеге асырылған. Қарсы тараптың талабымен, сот шетелдік инвесторды 10 миллион теңге қарызы үшін ғана банкрот деп таныған. Ал оның қолында көп миллиардқа бағаланатын актив – алтын кен орны болған. Ашынған инвестор халықаралық арбитражға жүгініп, әділ сот төрелігінен қаққаны үшін Қазақ­стан­ға қарсы 500 миллион доллардай талап арыз берді. Малайзиядан келген тағы бір инвестор мұ­най кен орнын игеруге 200 миллион дол­лар қаржысын салады. Қара алтын өндірісі жолға қойылысымен, судья шағын ғана қа­ры­зы үшін онда мәжбүрлі реабилитациялау режимін енгізіп, қазақстандық басқарушыны тағайындаған, инвесторға тіпті өз кәсіп­орны­на кіруге тыйым салған. Соңы халық­аралық жанжалға ұласып, Малайзия Үкіметі көмек сұрап, біздің Жоғарғы сотқа жүгінді. Қазақстан кен орнына қатысты барлық сот актілерін жойды. Рейдерлік шабуылды ұйымдастырған олигархтар биліктегі адам­дарын жұмылдырып, барынша қарсыласып бақты, тапсырысты сыни мақалалар, қоғам­дық пікір арқылы қысым жасаған. Бұл оқиғалардың бәрі қарулы қақты­ғысқа толы аймақтан, дамушы елдерден он­сыз да қашып жатқан инвесторлардың жүрегін май ішкендей етті. Мемлекеттің бе­деліне дақ түсті, ал имиджі жақсартып, ин­весторлар сенімін қайта жаулап алу күр­делі іс. Асановтан Мерғалиевке көптеген ше­шіл­меген мәселе қалды. Жоғарғы Соттың бұрынғы басшысы сот төрағаларының осы лауазымда тапжылмай отыруы тәжірибесін жойды. Бұған дейін кейбір белді тұлғалар сот төрағасы орынтағында 20-30 жыл отырып, зейнеткерлікке шығатын. Кейбірі тек өңірді ғана ауыстыратын, яғни бір соттың төраға­лығынан екіншісіне ауыса салатын. Енді бір адамды сот төрағасы лауазымына 2 реттен артық тағайындауға тыйым салынды. Яғни, бір тұлға өз ғұмырында жалпы алғанда тек 10 жыл төрағалық ете алады. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстандағы әрбір төртінші ау­дандық соттар төрағасыз қалды. Жақып Асановтың командасы 5 жылда 45 заң жобасын жазыпты. Оның 33-і ғана жұ­мыс істеп тұр. Төртеуі Парламентте жатыр. Қалған 8-і мемлекеттік органдар-дың келісі­мі­нен өту сатысында сүрленіп қалды. Олар­дың әрқайсысы Асанов реформаларының бір бағытын қамтитын. Дегенмен қазіргі ізбасардың бұрынғы жолашарының қандай реформалары мен бастамаларынан бас тартып, жоятыны әзір-ге белгісіз. Бәлкім, ол да судьялар кор-пусында қарқынды тазалау жүргізуі кәдік.