Ауыл шаруашылығының неге тұзы ауыр?
Ауыл шаруашылығының неге тұзы ауыр?
894
оқылды
Ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекеттік саясат тек қана субсидия беруге құрылады. Бұл түбірімен дұрыс емес. Сарап­шы­­лар агросекторға бірінші кезекте жер, қаржы, тұқым сын­ды та­ғы да басқа өндірістік қажеттіліктерге қолжетімділік ту­дыру ке­­рек екенін айтады. Одан соң сыртқы нарықты ашық ұс­тау қа­жет. Біздегі «қолмен басқару» қағидатына сүйенген экс­порттық шек­­теулер – шаруаның соры. Одан да өзге қыспақ аз емес. Сон­­дықтан да бұл жерде ойын ережесі айқын болуы тиіс. Са­ланың одан да өзге мәселесі жеткілікті. Стратегиялық мақсат, статистикалық нақтылық жоқ Ауыл шаруашылығына жыл сайын қаншама қыруар қаржы құй­ғанмен, агроөндірістік кешен бойын тіктеп кете алмады. Дала мен су, жем мен шөптің жет­кілікті ресурсы бола тұра, тіпті ұн мен етті де сырттан алды­ра­тын жағдайға жет­тік. Бұл ретте сарапшылар еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту құжатында стратегиялық мақсаттардың жоғын айтады.
«Министрлік дайындаған, одан кейін қайта түзеткен бағдарламада түсінікті, нақты мақсат жоқ. Құжат­тың неге бағытталғаны белгісіз. «Тұ­рақты даму» деген сыңайда бір нәрселер айтылған, ал одан соңғысы сиырқұйымшақтанып кеткен. Егер бұл бағдарламалардың түпкі бе­нифициарлары фермер болатын болса, онда ол сол шаруаның өзіне де түсінікті болуы керек емес пе? Тіпті, шындығын айтқанда, бағдар­ламаның мақсатының өзі – сол аяғына нық тұрған, ішкі нарықты еркін қамтып, экспортқа тұрақты, бәсекеге қабілетті өнім жөнелтіп отырған фермер болуы керек қой? Қалған міндеттердің бәрі соның аясында тарқауы тиіс. Бір өкініштісі, ауыл шаруашылығын дамытудың бірде-бір бағдарламасында мұндай стратегиялық мақсат жоқ», – дейді Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев.
Келесі бір сарапшы, Қазақ­стан­ның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керім­бековтың ойынша, аграрлық сек­торды дамытудың қазіргі стра­те­гиясы түпкілікті ойластырылмаған және әлсіз, сондықтан да ол еш нәтиже бермейді. Мәселен, бірінші жылы ақшаны қайда жұмсау ке­ректігі азды-көпті нақты жазылады да, екінші жылы анда-мында жұл­малана бастайды, ал үшінші жыл тіпті бұлыңғыр боп қалады. Сон­дықтан үшінші жылы бағдарлама ақырын тоқтатылады да, ешкімнен ешқандай есеп сұралмайды. Одан сорақысы, алдыңғы сияқты еш пай­дасыз жаңа бағдарлама жазыла бастайды. Бұл ретте шынымен ақыл­ға қонымды бағдарламалық құжатты әзірлеу үшін, алдымен, оның негізін нығайтып алу керек. Яки, статистикада тәртіп орнату қажет. Өйткені Ауыл шаруашылы­ғы министрлігінің саланы дамыту стратегиясын құру үшін соңғы бір­неше онжылдықта сүйеніп жүрген цифрлары нарықтың барлық қаты­сушыларына да, тіпті мемлекеттік органдардың өздеріне де күмәнді.
«Қазақстанда 2011-2012 жыл­дары сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ірі қара мал басының саны бойынша ресми көрсеткіштерді шындыққа жақындатуға талаптанған еді. Сол кезде мал саны статистиканың үш­тен біріне аз екені белгілі болды. Қазір де бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Сапырма сандар мен көпірме көрсеткіштер көп. Сондықтан да әуелі барлық статистиканы ретке келтіру қажет. Әрі қарай, болашақта бұрмалануды болдырмау үшін әкім­діктерден сауын мен егін үшін жауапкершілікті алып тастау керек. Өйткені ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі жергілікті билік органдарының жауапкершілік ай­мағы емес. Сол кезде ешқандай артық жазу болмайды. Оның үстіне, мұндай бұрмалаудың қауіптілігі: көпірме сандар сыбайлас жем­қор­лық схемаларының элементіне оңай айналып кететіні. Яғни, Қазақстанда астықтың «қағаз жүзіндегі» өнімі арқылы ресейлік контрабандалық бидай заңдастырылады. Сол сияқты қағаздағы сауын арқылы бюджеттік субсидиялар «сорылады» да, жеке адамдардың қалтасында қалып қоя­ды», – дейді ол.
Одақ төрағасының сөзінің жаны бар. Статистикалық нақтылықтың кесірін былтыр қуаңшылық болып, мал қырылғанда анық байқадық. Өйткені өңірлердегі әкімдер тек сырғаланған мал басын ғана санап, өлген мал басын азайтып көрсеткен болатын. Субсидиядан бас тарту керек пе? Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың ұлт­тық жобасындағы жоспарлар орын­далмай жатыр» деп еліміздегі агро­ахуалды сынға алған еді. Пре­зи­денттің бұл сынын сарапшылар да құптап отыр.
«Бізде субсидия тек шығын­­дарды жабу үшін беріледі. Онда да бол­са, мардымсыз. Ал Еуропада қол­­дау­ақы тек қайта өңдеуге ғана қа­растырылған. Сапа мен ба­ғаның тұтастай спектрі қалып­тас­қан. Осы реттен келгенде біз суб­сидия сая­сатынан бас тартпауы­мыз керек. Тек оның мақсатын өз­гертіп, иге­рі­лу тиімділігіне қатаң қадағалау ор­нату қажет», – дейді кәсіпкер Ерлан Оспанов.
Мамандардың айтуынша, суб­си­дияларды талқылауды үнемі бі­рінші орынға шығару, бұл – қоғам назарын саланың негізгі пробле­маларынан бұру екен. Ал ол проб­лемалардың бірі – өндірістік қа­жеттіліктерге қолжетімділік. Мәсе­лен, жер алқабы қолжетімді болса, аграрлық бизнесте тұрақтылық орнап, инвесторлар үшін тартымды болмақ. Яки, Қазақстанға ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторындағы әлемдік деңгейдегі ойыншылар келе бастамақ. Одан бөлек, мұндай мүмкіндіктерге екін­ші деңгейдегі банктер де назар ау­дара­р еді. Өйткені келесі бір өнді­рістік қажеттілік – қаржыландыруға қол жеткізу – агробизнестің жыл­дан-жылға бетпе-бет келетін басты проблемасы. Әрі оның шешімі фер­мердің де, банктердің де қо­лын­да емес. Мұнда ойын ережесін мем­лекет белгілейді. Ол болса не­сие­лендіруді қиындатып қойған. Бұл түптеп келгенде экономикаға зиян.
«Біздегі мемлекет талап ететін ойын шарты ауыл шаруашылығын дамытуға арналмаған. Былайша айтқанда, оның қатысушы тарап­тары үшін әділ емес. Бұл кредит бе­руден бастап, егінді сату схема­сына дейін бәріне қатысты. Мә­селен, экспортты шектеу – фермер­лерді мезгіл-мезгіл кірістен қағатын шара. Мемлекет шаруаға өнімін шетелге шығартпай қойғаны аздай, төмен бағаға сатуға мәжбүрлейді. Осы арқылы бағаны тежеуге қа­тысты әлеуметтік мәселелерді фер­мердің есебінен шешуге ұмтылады. Бұл дұрыс па? Тағы бір мысал – ауыл шаруашылығы техникасы үшін утилизациялық кәдеге жарату алымын енгізу. Бұл аграршылардың есебінен елдегі машина құрас­ты­ру­ды дамытуға қолдау көрсету емес пе? Нәтижесінде, АӨК-ті қолдауға бөлінетін сомалардың үлкен бөлігі басқа секторларға немесе жеке бі­реулердің қалтасына түседі. Бір сөзбен айқанда, мемлекеттік бағ­дарламада шаруаның құқы бұзылған кезде түрлі мемлекеттік орган­дар­дың не істеуі керектігі туралы нақты жинақы ұстаным жоқ», – дейді Қа­зақстан картоп және көкөніс өсі­рушілер одағының басқарма төра­ғасы Қайрат Бисетаев.
[caption id="attachment_232082" align="aligncenter" width="1389"]ауыл шаруашылығы © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Таяуда АШМ аграрлық саланы субсидия берудің жаңа жүйе­сін ұсынған болатын. Онда бұған де­йінгі негізгі параметрлер сақтал­ғанымен, нормативтерді бекітуде өзгерістер ұсынылды. Мәселен, мем­лекеттік қолдауды пайдалана­тын фермерлер өндіріс көлемінің, еңбек өнімділігінің төмендеуіне жол бермеуге, негізгі капиталға кемінде бес жылда бір рет инвестиция салуға міндеттелмек. Әйтсе де, шаруалар мұнда бірінші кезекте қазіргі құбылып тұрған нарықтық ахуалды ескеру қажет екенін және әзірге асықпау керектігін айтады.
«Техниканың бағасы, құрылыс-монтаж жұмыстары, қойма, жы­лыжай – бәрін салғандағы шығын­дарды есептеп, бүгінгі күнмен сәй­­кестендіру керек. Себебі қазір баға көтеріліп кетті. Тыңайтқыш, пестицид бағасы екі есе өсті. Сон­дықтан ауыспалы өтінім болмаса, шаруалардың тыңайтқыштарды толық алуға шамасы жетпейді. Ме­ніңше, ұлттық жоба аясында, 2025 жылға дейін қолданыстағы меха­низмге тиіс­пей, қазіргі күнгідей жұ­мыс істей беру керек деп са­най­мыз», – дейді Қазақстан фермер­лер одағының атқарушы директо­ры Ақпар Мәуленов.
АӨК тұйық шеңберден шыға алмай жүр Расында да, ауыл шаруашы­лы­ғында қазір тек ірі агрокәсіпорындар ғана тұрақтай алып отыр. Онда да мемлекеттік субсидияның арқа­сында. Әрқайсысы өз күнін өзі көруде. Амал нешік, қазіргі уақыт за­ңы солай болып тұр. Басқаша ша­руа жүргізу мүмкін емес. Өйткені осы уақытқа дейін ешқандай коопе­рациялық мығым байланыстар ор­натылған жоқ. Аралас әріптестік деген дүние сөз жүзінде қалды. Қа­зір кадр мәселесін де әркім өзі ше­шіп отыр. Бірақ аграрлық білім беретін ЖОО түлектерінің білім сапасы сын көтермейді. Ол аздай қа­зіргі жастар қара жұмыстан қа­шады. Бұл – кәсіпкер Ерлан Ос­панов­тың пікірі.
«Мен осы салада жүрген ұзақ жылдардан бері көзім жеткені: біз­дегі ауыл шаруашылығы әбден ти­тығы жеткен, тіпті, зорығып өлген деуге болады. Өйткені қазіргі алпа­уыт агрокәсіпорындарды ауыл ша­руашылығы нысаны деуге болмай­ды. Олар азық-түлікті Commodity ретінде өндіреді. Яки, тек өтсе бол­ды деген биржалық тауар ретінде қарайды. Тездетіп өсіру, тездетіп сату. Сұранысты қанағаттандыру, жылдам және көп табыс табу. Бол­ды! Сондықтан мұны ауыл шаруа­шылығы өнімі деп айтуға болмайды. Олар – жоғары технологиялы агро­өнеркәсіп», – дейді ол.
Сол себепті де мұнда өнімнің құнары мен сапасы туралы айтудың өзі артық. Ал денсаулыққа пайдасы мен зияны бөлек мәселе. Өйткені конвейер сияқты жұмыс істейтін бұл жүйеде ең бірінші мақсат – оны тоқтатпау. Ендеше, ішіп отырған сү­тіміз ұнтақ әрі химиялық қоспа­лармен майландырылған болса, етіміз дәмдеуіштер мен иіс бер­гіштерге сықап тұрса, ол – нарық талабы. Әрине, мұндай модельді таңдап алғаны агрокәсіпорын­дар­дың да кінәсі емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Бұл ретте нарық заңдылығында «айналмалы экономика» (Сircular economy) деген ұғым бар екенін де атай кеткен жөн. Бұл қағидат жа­ңармалы энергия көздеріне сүйеніп, өндірістің айналмалы циклін құру дегенді білдіреді. Мәселен, егін­ші­лікте минералды тыңайтқыштардың орнына мал фермаларындағы қи-тезек сынды органикалық заттар қолдану. Гербицидтер мен басқа да улардан бас тартып, алқаптарды арамшөп басуынан, зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін механика­лық және биологиялық әдістерді пайдалану. Сондай-ақ ауыспалы егістерді сақтауды жүзеге асыру. Мұның бәрі түптеп келгенде жердің құнарын сақтау мен табиғатқа зиян­ды азайтуды қамтамасыз ететін өндірістің жабық циклін құрайды.
«Жалпы, ауыл шаруашылығын биологияландыру – мемлекеттік бағдарламада көрініс табуы тиіс маңызды міндет. Ең алдымен, құс және мал шаруашылығында анти­биотиктерді қолдануды азайту тура­лы ойлану керек. Бұл халықтың ден­саулығы үшін маңызды. Әлемде бұл үрдіс өте белсенді. Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресейде антибиотик­термен емес, пребиотиктермен жұ­мыс істейтін құс және шошқа фер­малары бар. Халықтың денсау­лығынан бөлек, экспортқа жібері­летін мұндай өнім қазірдің өзінде премиум-тауар болып саналады. Бұл өсімдік шаруашылығына да қатысты – дақылдарды қорғаудың биологиялық әдістеріне көшу ке­рек. Сонда Қазақстандық ғылым үшін де тиісті әзірлемелермен ай­налысу міндеті туындайды», – дейді Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбеков.
Ауыл шаруашылығы министр­лігі дәл осындай схеманы кері ба­ғытта да пайдаланғаны дұрыс. Им­порттық тауарлардың да Сircular economy болғанына талап қоюы керек. Ал оның бағасын кедендік немесе салықтай жеңілдіктермен, бартерлік айырбаспен арзандатуға болады. Сонда халық саулығын сақ­тауға да үлес қосар едік. Әйтсе де, әзірге біздің АӨК айналмалы емес, Commodity атты тұйық шеңберден шыға алмай жүр.