«Үлкен төрттіктегі» жұмысын тастап, байерлікке бет бұрған алматылық Динара Наметова бүгінде мыңдаған адамға смарт шоппингтің қыр-сырын үйретіп үлгерген. Танымал брендтердің өнімін жарты бағасына қалай сатып алуға болады, онлайн саудадан 15 млн теңгеден аса кешбэк жинау мүмкін бе, «люкс» киінуге ұмтыларда нені ескеру керек, дүкендерде Black Friday-дан гөрі қандай жеңілдіктер әлдеқайда пайдалырақ – бұл жайлы тәжірибелі маман төмендегі әңгімемізде айтып берді.
Алдағы маусымда не киеріңізді байерлер біледі
– Динара, фэшн байер дегеніміз кім? Әуелі әңгімемізді осыдан бастасақ... Көбі оны шетелдік сайттарда шоппинг жасауға көмектесетін маман деп таниды...
– Негізі, фэшн байер дегеніміз – дүкендерге киім үлгілерінің коллекцияларын таңдап, алдағы маусымдарда қандай сән трендте болатынын анықтап беретін маман. Еліміздегі әрбір дүкеннің, мысалы, Inditex құрамына кіретін масс-маркеттегі Zara, Pull&Bear немесе Massimo Dutti болсын, өздерінің байерлері болады. Олар жаңа коллекция шығарда Испания, Италиядағы шоурумдарға барып, қазақстандықтардың алдағы маусымда қандай киімдер киетінін таңдап келеді. Сондай-ақ байерлер дүкендерде сауда қалай жүретінін анықтайды, сәнге сұраныс қалыптастырады, халықты жаңа брендтермен таныстырып, соған жақындастырады.
Қазақстанда және жалпы, ТМД елдерінде халықаралық брендтер өте аз. Оған қоса, масс-маркеттегі тауарлар өте қымбат. Шетелде масс-маркет саналатын брендтер бізде люкс секілді қабылданады. Сондықтан соңғы жылдары елімізде және көршілес мемлекеттерде жеке шоппер деген мамандық пайда болды. Шетелдік сайттардан төмен бағамен тапсырыс беруге көмектесетін адамдарды байер емес, жеке шоппер деп атаған дұрыс. Осы екі ұғымды бір-бірінен ажырата білу маңызды.
Мен өз командаммен адамдарға Еуропа елдерінен, АҚШ-тан, Түркиядан, Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен қолжетімді бағада зат сатып алуға көмектесемін. Одан бөлек, құрбым екеуіміз ашқан дүкеніміз бар, оның киім коллекциясын құрастыруға да жауаптымын. Блогымда оқырмандарымды брендтердің тарихымен, концепциясымен таныстырамын, жаңа трендтерге қатысты ақпараттарды бөлісемін, смарт шоппинг жасау жөнінде кеңес беремін.
– Байерлікке қалай келдіңіз? Ол үшін қандай арнайы білімді меңгердіңіз?
– Шынымды айтсам, ешқашан байер боламын деп ойламаппын. Өзім О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатын, Қазақ-Британ техникалық университетін бітіргенмін. Мамандығым – қаржы сарапшысы. Big4, яғни «Үлкен төрттік» аудиторлық компаниясында жұмыс істедім. Декреттік демалыста отырған әйелдердің шығармашылық тынысы ашылатын әдеті емес пе?! Тұңғышымды босанған соң, менде де солай болды. Балама деп АҚШ-тан Carter’s брендінің киім-кешегіне тапсырыс беретінмін. Мұның алдында, студенттік кезде де шәкіртақымды жинап, бірқатар америкалық брендтің өнімдерін алдыртқаным бар еді. Қызығушылығым осыдан басталса керек. Хоббиім біртіндеп негізгі кәсібіме айналды. Бұл жолда негізгі мамандығым да, оған қоса ағылшын және түрік тілдерін білуім де көп көмектесті. Қазір байерлік тәжірибемді шыңдау үшін экономика мен бизнес саласында үздік еуропалық ЖОО болып есептелетін Миландағы Боккони университетінің, Ресейдегі ЦУМ дүкенінің топ-байерлерге арналған курстарын оқып жатырмын. Онда тренд-аналитика, сәннің тарихы секілді дүниелерді тереңінен үйретеді.
Қымбаттың бәрі люкс емес
– Жасыратыны жоқ, жұрттың көбі (қалтасы көтергені, әрине) люкс сегменттегі брендтерді алуға ұмтылады. Бұл талпыныс негізді ме? Логотипіне бола көбірек ақша жұмсау қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Әлде бұл жерде әңгіме тек бренд атауында емес пе?
– Ең әуелі, люкс дегеніміз не, соны анықтап алайық, иә?! Кезінде Италия мен Францияда ханзада мен ханшайымдардың айрықша белгісі ретінде жасалатын заттар болған. Мысалы, алтын жалатылған әшекей деген секілді, оларды қарапайым халықтан ерекшелейтін, олардың дәрежесін көрсететін бұйымдар... Қазір де люкс сегментке жататын брендтер өздерін көп адамға қолжетімсіз етіп ұстап тұруға тырысады. Оларды екінің бірі сатып ала беретін болса, масс-маркетке айналып кетер еді. Сондықтан да Louis Vuitton, Prada, Chanel секілді люкс брендтер өздерінің сатылмай қалған тауарларын өртеп жібереді, ешқашан акция не жеңілдік ұйымдастырмайды, бір адамға бірнеше данадан артық сатпайды немесе тіпті кейбір кісілерге сатудан мүлдем бас тартады. Бұл – олардың айналымда дефицит жасау арқылы өз беделін сақтап қалуға ұмтылысы.
Ал адамдар неге люкс ұстағысы не кигісі келеді? Өйткені әлгі брендтер кісіге айрықшалық белгісін сыйлайды. Яғни, адамдар ақшаға бедел сатып алады. Тұрмысы орташа кісілердің бренд тарихын, құндылықтарын білмей жатып люкске ұмтылуы маған да түсініксіз. Аты дардай брендтердің бәрінің бірдей заттары сапалы болмайды. Мұнда тағы бір нақтылап алатын жайт – брендтердің коллекциялары әртүрлі. Мәселен, брендтер қолжетімділігіне байланысты масс-маркет, бридж сегмент, премиум сегмент, люкс сегмент, от-кутюр болып бөлінеді. Armani Exchange, Calvin Klein, Michael Kors сияқты Қазақстанда люкске баланатын брендтер – шын мәнінде қолжетімді масс-маркет. Бірақ олардың премиум коллекциялары бар: мысалы, Michael Kors-та ол Runway Collection деп аталады. Қарапайым Michael Kors сөмкесін ұстап жүргендердің оны сатып алуға шамасы келмеуі мүмкін. Сондықтан брендті қымбат не арзан деп бөлерде оның осындай коллекцияларын да ескеру керек.
– Бізде бағасы аспандап тұрған брендтердің заттарын шетелдік сайттардан төмен бағамен сатып алудың қандай жолдары бар?
– Шетелдік интернет-дүкендер клиент тарту үшін, келген клиентті жібермей ұстап тұруы үшін түрлі маркетингтік амалдар қолданады. Мысалы, зат сатып алғаныңыз үшін келесі саудаңызда пайдалана алатын бонус сыйлайды, сайтқа тіркелген соң әр туған күніңізде сыйлық тарту етеді, «жабық жеңілдіктерін» көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр брендтің аутлет дүкенінің сайты бар, онда былтырғы коллекцияларын үлкен жеңілдікпен сатады. Мысалы, Max Mara атты сапалы киім шығаратын италиялық сән үйі өзінің ескі коллекцияларын Intrend деген аутлетке өткізетінін көбі біле бермейді. Бірақ, бір қызығы, Intrend-ке түскен киімдердің биркасын кесіп тастайды, өйткені сол киімнің қандай коллекциянікі екенін әдейі құпия қалдырады. Егер сізге бирка маңызды болмаса, осындай жолмен де сапалы әрі қолжетімді бағадағы киім алуға әбден болады.
Өлшем таңдауды жасанды интеллектіге қалдырыңыз
– Сіз әлемнің әртүрлі бұрышындағы елдердің интернет дүкендерін бес саусағыңыздай білетін мамансыз. Олардың әрбіріне тән өзіндік ерекшеліктерін атап өте аласыз ба? Бағасы, киім ассортименті, сайт жұмысы, тағы басқа жағынан...
– Қай елдің де интернет дүкендерінің құрылымы бірдей. Олар тек ассортимент бойынша ерекшеленеді. Мысалы, Қазақстандағы, Түркиядағы және Испаниядағы Zara сайттарын салыстыратын болсақ, ең кең ассортимент – соңғысында. Бағасы жағынан да Испаниядағы дүкен тиімдірек нұсқаларды ұсынады. Өйткені Zara – олардың жергілікті бренді. Өлшемдер бойынша да айырмашылықтарды байқауға болады. Еуропалық, америкалық сайттарда XS-тен бастап L-ге дейінгі стандарт өлшемдер болса, азиялық дүкендердегі өлшемдер стандарттан сәл тарлау етіп тігіледі. Сосын батыс мемлекеттерінде big and tall деген өлшем де бар. Олар әрі бойы ұзын, әрі денелі кісілерге арналған. Бұл елдердің интернет дүкендерінде ерлер де, әйелдер де кие беретін унисекс киімдер көп, есесіне азиялық сайттардан ондайды таппайсың.
– Өлшем демекші, кейбір адамдар соны дұрыс таңдамай қалам ба деген қауіптен де интернет шоппингке жоламайды. Оларға айтар қандай лайфхактарыңыз бар?
– Расында, өлшемнен шатасу – онлайн шоппингтің бір кемшілігі. Бірақ жасанды интеллектінің жетіле түсуімен бұл проблема да шешіліп келеді. Мысалы, қазір кейбір сайттарда денеңіздің параметрлерін енгізсеңіз, жасанды интеллект сол брендтің өлшем стандарттарын ескере отырып, сізге қай өлшемнің көбірек дұрыс келерін анықтап бере алады. Ондай механизм жоқ болса, өлшем туралы ақпарат жазылған тұста кеуденің, белдің, бөксенің, я болмаса табанның ұзындықтары қандай өлшемге жататыны жазылады. Сол киімнің астында өзге адамдардың жазған пікірлері де сізге біраз мәлімет беруі мүмкін. Одан бөлек, көзілдірік брендтерінің сайттарында камера функциясы тұрады, ол жерден әр-түрлі виртуалды көзілдірікті өлшеп көріп, бетіңіздің формасына келетін-келмейтінін білуге болады. Қазір өзіміздегі Lamoda қосымшасында да аяқкиімді солай аяғыңызға «онлайн түрде өлшеп» көруге мүмкіндік бар. Косметикаға онлайн тапсырыс беруден де қорықпау керек. Кей сайттарда Try Me деген қызмет бар, ол арқылы кез келген косметикалық бұйымның шағын үлгісін (пробник) қоса ала аласыз. Тегін. Мысалы, крем алдыңыз делік. Әуелі әлгі үлгіні пайдаланып көресіз, егер сізге ұнамаса, толық өлшемдегі кремді өткізіп, ақшаңызды қайтарып алуға болады. Бұл жағынан америкалық, еуропалық дүкендерде сауда жасау өте жеңіл. Оларға клиенттің ақшасынан гөрі әуелі пікірі қымбатырақ. Тіпті, толық өлшемдегі косметиканы пайдаланып, ұнамаған күнде де еш қиындықсыз дүкенге қайтара аласыз. Клиенттерге жасалған мұндай қолайлы жағдай уақыт өте келе адамдардың сол брендке не дүкенге адалдығын туғызады, олар клиентті осылай жинайды.
Түпнұсқаныфейктенқалайажыратуғаболады?
– Брендтерді сатып аларда оның түпнұсқа не фейк екенін де ажырата білу маңызды шығар. Әдетте бағасына қарап, пайым жасай беруге бола ма?
– «Тәжірибелі байердің фейктерге сұмдық аллергиясы бар» деп әзілдейміз біз. Жоқ, баға – ешқандай көрсеткіш емес. Қазір, өкінішке қарай, фейк пен түпнұсқа өнімдердің бағасы шамалас келеді. Мысалы, менің үйімнің жанындағы дүкенде 50 мың теңгеге фейк Michael Kors сағаттарын сатады. Мен түпнұсқасын онлайн 60 мың теңгеге алдым.
Заттың детальдарына мән беру керек: фурнитура, түймедегі жазулар – бәрі-бәрі анық әрі түзу болуы тиіс. Сапасынан да көрінеді: түпнұсқа өнімдерде әдетте табиғи және қымбат материалдар пайдаланылады. Ең тиімді әрі жеңіл амалдардың бірі – штрих кодты тексеру. Google-ға «bar code check» деп жазасыз да, бұйымның штрих кодын енгізсеңіз болды, барлық ақпарат алдыңызға шығады. Егер затты жеке шоппер арқылы сатып алып жатсаңыз, одан трек-нөмір сұраңыз. Сол арқылы сауданың қайда жасалғанын білуге болады.
– Кешбэктердің өзімен 15 млн теңгедей пайда тауыпсыз. Саудадан жоғары кешбэк алудың құпияларымен бөлісіңізші.
– Бағана айтып өткенімдей, АҚШ-та маркетинг өте жақсы дамыған. Оларда сайттарға клиент алып келудің өзі – үлкен жұмыс, өйткені бренд көп, бәсеке жоғары. Сондықтан дүкендер кешбэк сервистермен жұмыс істейді. Кешбэк сервистер сайтқа клиент алып келеді, ал сайттар оларға өзінің бір пайызын бөледі. Мысалы, кешбэк сервис олардан 10% алса, оның 5%-ын сізбен бөліседі. Нәтижесінде, сіз де кешбэк аласыз, кешбэк сервис те кешбэк алады, дүкен де саудасын жүргізеді – үш жақ та риза. Қазақстанда кешбэктерді көбіне банк карталары арқылы ала аласыз, бұл тұста ең көп кешбэк беретін банк карталарын білу маңызды. Олардың кешбэгі бар, сервистің кешбэгі бар, ақшалай сыйақы беретін промокодтар бар – бәрін қосып, қомақты қаржы үнемдеуге болады. Менің кешбэк арқылы тапқан 15 млн теңгем де осылай жиналған. Бұл анау айтқандай қиын шаруа емес. Мысалы, Қазақстанда әртүрлі дәрумендер сатылатын америкалық iHerb сервисі кең танымал, онда сауда жасаған адам сенің промокодыңды жазса, саған қосымша ақшалай бонустар беріледі. Бізде ұзынқұлақ жақсы жұмыс істейді: «пәлен деген туысым/танысым айтты» деген сөздің адамға ықпалы үлкен. Нәтижесінде, өзің қолданып, игілігін көрген тауарларды жұртқа айтасың, олар да пайдалы өнімге ие болып қалады, бұл кеңесің үшін сервис саған бонус береді. Солай істеп-ақ iHerb-тен 5 мың доллар жинадым.
Адам да, бренд те, мемлекет те жауапты
– Онлайн шоппингтің тілін білу әлемнің кез келген бұрышындағы дүкеннен кез келген затты қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді. BlackFriday, Жаңа жыл кезіндегі жеңілдіктер де көбімізді қызықтырады. Бұл адамды бейберекетсіздікке, ысырапшылдыққа әкелмей ме? Одан қалай сақтануға болады?
– Сән индустриясы – экологияға ең көп зиян келтіретін сала. Өйткені жылына миллиондаған тонна киім тігіліп, миллиондаған тонна киім қоқысқа тасталады. Бірақ бұл мәселенің екі жағы бар. Қазір экологияға жанашырлық әлем бойынша трендке айналды. Табиғи жүннен тігілген ішіктердің орнына жасанды жүннен тігілген ішіктер көбірек насихатталады. Бірақ олар қоқысқа тасталған соң топырақта толықтай ыдырауы үшін жүз жыл уақыт керек екенін ұмытуға тағы болмайды. Бір кездері пластик түтікшелердің орнына бамбуктан жасалғанын қолданайық деп аттандағандар да болды. Дүниежүзіндегі сұранысты қанағаттандыру үшін қаншама өсімдікті кесу керек екенін елестете беріңіз.
Бүгінде брендтер экологияға қамқорлықты көздейтін түрлі бағдарлама ұсынып жатыр. Мысалы, H&M керексіз киім-кешекті қабылдап, оны өткізген адамға жеңілдік беретін бағдарламаны шығарды. Олар әлгі қабылданған киім-кешекті автомеханика саласында кәдеге асырды. Байқасаңыз, Mercedes көліктерінің ішкі жағындағы деним материалы сол қалдықтардан жасалған. Бұл – брендтерге тиесілі жауапкершілік.
Мемлекет те өз тарапынан бақылау, салықтық реттеулер жасауы керек. Мәселен, H&M-нің бағанағы бағдарламасы Ресейде дұрыс жүзеге аспай, оның арты үлкен шуға ұласты: қабылданған киім-кешек қайта өңдеуге жіберілмей, сатылымға қайта түскен. Сондықтан бұл жерде мемлекеттің де араласуы маңызды.
Ал адамдарға келсек, бізге де өзіміздің әрекетімізге есеп беруге тура келеді. Осы тұста швед философиясына негізделген Лагом принципінің пайдасын айтуға болады. Ол – қоршаған ортадан өзіңе керектіні ғана алуды насихаттайтын концепция: қажетсіз зат сатып алма, өзіңе керексіз дүниені басқаға бер. Осылай проблема үшжақты қарастырылғанда ғана оң шешімі табылады.
Жеңілдік уақытына келсек, шын мәнінде Black Friday – сауда жасауға оншалықты қолайлы кез емес. Мұны жай ғана маркетингтік амал деуге болады. Көпжылдық шопперлік тәжірибемде көзім жеткені – нағыз ұтымды сауданы қыс пен жаздың соңында, яғни маусым аяқталарда жасау керек.
– Қызықты әңгімеңізге көп рақмет!