Жәдігерлер шеруі
Жәдігерлер шеруі
798
оқылды
Биыл Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне 90 жыл толады. Жыл басынан музейдің келушілеріне түрлі тақырыптық топтамалардағы сирек кездесетін экспонаттарды тамашалауға мүм­кін­дік берген «Жәдігерлер шеруі» өтіп жа­тыр. Бір қызығы, әр жәдігер қашан қолға ти­гені жазылып қана қоймай, оның құн­ды­лығы әрі қай жылдан бері қолданыста болғаны, яғни шығу тарихы егжей-тегжейлі айтылған. Музейде жылдар бойы жиналған 15-тен астам самауырын сақталған. Шәй­нектер жиынтығына фаянс, мыс, мельхиор шәйнектері кіреді. Бүгінде ескі сама­уырларды дұрыс бағалау үшін міндетті түр­де таңбалар мен медальдардың болуы ескеріледі.
– Наурызда этнографиялық топтама көрмеге қойылды. Көрмеде қолданбалы өнер шеберлері жасаған жәдігерлер болды. Бұл заттар үйді безендіру үшін қолданылған. Мұражайдың этнографиялық қорында 8 тұскиіз, 1 кілем бар. Қазіргі кезде тұскиіз кестелеуге бүгінгі кілем тоқу өнерінде орын жоқтың қасы, табылған бұйымдар өткен ғасырдың 1950-1980 жылдар аралығында жасалған және ұлттық тақырыптағы мекемелерде инте­рьердің сәндік элементі ретінде көбірек пайдаланылады, сонымен қатар киіз үйлердің ішкі безендіруіне де мән бердік, – дейді Ержан Нұрмағанбетов.
Көрмеге әйелдер киімдерінің топта­масы да қойылды. Күлгін жібек көйлек, камзол Ақмола мұражайынан 1938 жылы алынған. Бұл заттар Қазақ КСР Халық әртісі Забира Жұбатоваға тиесілі болған. Ал шілде айында музей көрмесіне Доскей Әлімбаев, Қали Байжанов, Жәмилә Шашкина сынды өңірдің асыл азамат­тары­ның музыкалық аспаптары – дом­быра­лары, тамызда ХХ ғасырдың 40-50-жылдарында Осакаров ауданында Қара­ғанды облысы аумағында табылған палеонтологиялық артефактілер, ежелгі жануарлар – мамонттардың, пілдердің қазба қалдықтары қойылды. Ол олжаның жасы 3 миллионнан 15-20 мың жылға дейін болуы мүмкін деп есеп­тейді зерттеушілер.
– Облыстық мұражайда барлығы 352 сирек кездесетін жәдігер бар. Жақында қор тағы да бір құнды затпен толықты, оны Мүшелбай Көшейұлы тапсырды. Қолға тиген жәдігер – ер-тоқым. 1950-60 жыл­дары алтай-керей қазақтары шеберлерінің қолынан шыққан туынды. Мүшелбайдың шешесі Шамер Секейқызы 1990 жылдары Қазақстанға келгенде алып келген, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Қадырқызы.

Қарағанды облысы