Көкшетауда қоқыс – ондаған жылдан бері қордаланып келе жатқан күрделі мәселеге айналып отыр.
Көпқабатты кез келген үйдің маңындағы бірнеше қоқыс контейнерлері аузы-мұрнынан шыға үйіліп, шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан арылмайды. Бұл проблема телеарна мен газет беттерінде талай көтерілсе де, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді.
Ушыққан жағдай мен халық наразылығының көбеюіне байланысты «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Экологиялық мәселелер бойынша қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, қоқыс тасушы компания және атқарушы құзырлы органдар өкілдерімен кездесу өтті. Қоғамдық кеңес төрағасы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Мәриям Әбішеваның төрағалығымен өткен жиналыста Ақкөл ауданының әкімі Юрий Курушин мен Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов қоқыс қалдықтарды бөлек-бөлек сұрыптау жүйесін енгізу туралы атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.
Көкшетаудағы басты екі қоқыс полигонының бірі Омбы трассасы бойындағы қоқыс орыны толып кеткендіктен, экологтар қоқыс төгуге тыйым салған. Краснояр және Элитное селосының маңындағы қоқыс полигоны тұрғындардың жанған қалдық түтіні мен газынан зәрезап болып, наразылық білдіруінен кейін жабылған.
Бүгінде қоқыс төгетін басқа заңды полигон болмаған соң Омбы трассасындағы ескі полигонға қоқысты төгу одан әрі жалғасып жатқан көрінеді. Көкшетауда қоқыс төгумен айналысатын екі компанияның бірі – «Елемесов» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Әди Рашитұлының айтуынша, жабық полигонға қоқыс төккен кәсіпкерлер үлкен айыппұлмен жазаланып отыр.
Ал TAZA KYZMET ЖШС-ның жетекшісі Дуслан Ахметов алдымен халықты қоқысты сұрыптау мәдениетіне үйрету қажеттігін, балаларды жастайынан осыған баулу, барлық оқу орындарында бөлек жинауға арналған контейнерлер орнату, оқу-шеберлік сабақтарын, жарыстар өткізу керектігін, барлық мемлекеттік мекемелерде макулатура мен пластмассаға арналған экобокстарды орнату қажеттігін, қалдықтарды бөлшектеп жинайтын көше контейнерлерін сатып алуға қаржы ресурстарының жетіспеушілігін айтты.
Қоқыс тасушы компаниялар да бұл мәселеге қатысты өз уәждерін жеткізді. Айтуынша, қала тұрғындары үйде тұратын адамдардың санын жасырып, уақытында төлем жасамайды. Қоқыс тасушы компаниялармен келісімшарт жасаудан қашады. Салдарынан қоқыс компанияларына тұрғындардың жылдар бойы төленбеген қарызы миллиондап саналады.
Жалпы, Көкшетау қаласының маңынан жаңадан полигон құрылысына 60 гектар жер телімі белгіленген. Алайда жобалық-сметалық құжаттарды даярлау, мемлекеттік сараптама, экологиялық саралау қорытындысын күтуге жыл жарым уақыт қажет екен. Сондықтан да Көкшетауда құрылысы 2024-2025 жылдарға жоспарланған қоқыс полигоны ашылғанша бұл мәселе өзекті болып қала бермек. «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес бұл мәселені бақылауында ұстайтын болады.