Қазақстандағы мерекелер тізбесіне толықтырулар енгізетін Қазақстан Үкіметінің қаулысы әзірленді. Атап айтқанда, мерекелер тізімін екі датамен толықтыру ұсынылып отыр: Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг органдарының күні – 28 қаңтар; Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан. Құжат 28 желтоқсанға дейін қоғам болып талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды. Құжаттың түсіндірмесінде жазылғандай, Қаржылық мониторинг органдарының кәсіби мерекесін белгілеу қызметкерлер мен жұмыскерлерді жалпы командаға біріктіруге, сондай-ақ ортақ іске қатысуға, орындалатын жұмыстың маңыздылығын арттыруға бағытталған. 1988 жылы Женева келісіміне қол қойылғаннан кейін Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарыла бастады. 1989 жылы 15 ақпанда оның аумағынан 40-армия бөлімшелерінің соңғы колонналары мен шекара әскерлерінің барлық арнайы бөлімшелері шықты. Ауғанстандағы әскери қақтығысқа 22 296 қазақстандық қатысты. Қазір Қазақстанда 15 мыңнан астам жауынгер-интернационалист тұрады.